Қазіргі таңда әлем бұрын-соңды кездеспеген жаһандық апатқа тап келіп отыр. Климаттың өзгеруі – бүкіл әлем елдерінің тізе қосуын, «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаруын» қажет етеді. Осыдан бес жыл бұрын шартараптың түкпір-түкпірінен мемлекеттер басшылары жиналып, Париж келісіміне қол қойды. Аталған құжатқа сәйкес, әр ел парникті газдарды шығаруды азайтуға уәде берген.
Еуропалық комиссия президенті Урсула вон ден Ляйен, Еуропалық инвестициялық банк президенті Вернер Хойер бүгінгі мақаласында жаһандық жылыну мәселесіне назар аударады. Авторлардың айтуынша, Еуропалық одақ қабылдаған Жасыл келісімшарттың аясын кеңейтіп, жаһандық жасыл келісімге қол қою қажет. Бұл тұрғыда шартарапты жасыл энергияға көшіруге кәрі құрлық көмек көрсетпек.
Келесі мақала технология саласындағы маңызды мәселелерге арналған. НАТО-ның бұрынғы бас хатшысы Андерс Фог Расмуссеннің айтуынша, АҚШ пен Еуропа елдерінің технологияға қатысты ережелерде ортақ келісімге келе алмауы автократиялы елдердің оң жамбасына келіп отыр. Осылайша, олар өздерінің ережелерін жүзеге асыра бастады. Мақала авторы бұған жол бермес үшін АҚШ пен Еуропа ортақ келісімге келуі керек деп есептейді.
Естеріңізге салайық, әлемдегі маңызды да өзекті тақырыптар жөнінде бірегей контент әзірлейтін Project Syndicate жобасы мақалалары Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен жарық көріп отыр.
КОПЕНГАГЕН – Бүгінгі еркін әлем алдында тұрған ең маңызды мәселенің бірі – АҚШ пен Еуропалық одақтың дамып келе жатқан технологияларға қатысты ұстанымдарының сәйкеспейтіні. АҚШ пен Еуропалық одақ арасындағы осы бағытта пікірі алшақ кетуі Қытай мен басқа автократиялық режімдерге оңтайлы болып тұр. Өйткені олар өміріміздің, экономикамыздың және қауіпсіздігіміздің бірнеше ұрпаққа жалғасатын көптеген аспектілерін басқаратын ережелер мен нормалар енгізіп, жаңа құралдар жасауға кірісті. Ресей президенті Владимир Путин өте дұрыс айтады. «Кім жасанды интеллект саласында озық шықса, онда ол әлемнің билеушісіне айналады».
АҚШ президенті Джо Байденнің күн тәртібіне қойған елдегі және шетелдегі демократияны нығайту жоспары осы стратегиялық алшақтықты жоюға мүмкіндік береді. Атлант мұхитының екі жағында орналасқан көшбасшылар соған сүйеніп, цифрлы жарыста жеңіп шығатын, ортақ құндылығымызға негізделген жаһандық ереже қалыптастыруға көмектесетін демократиялық технологиялық одақ құруы керек.
Байден мен вице-президент Камала Харрис өздерінің сайлауалды тұғырнамаларында осы жылдың соңында жаһандық «Демократия саммитін» шақыруға уәде берді. Бұл – тамаша идея. Сондай-ақ Демократия альянсы қоры 2018 жылдан бастап жыл сайын ұйымдастырып келе жатқан Копенгаген демократиясы саммитіне сай келеді. Іс-шарада Байден негізгі баяндаманы жасамақ. Бірақ Байден саммитінің форматына қатысты бірқатар сұрақ бар. Оған демократиясы жоқ елдер шақырыла ма? Кездесуге қатысушылар қандай нақты міндеттерді шешуге келісе алады?
Байден кем дегенде соңғы мәселеге басымдық беруге тиіс. 2018 жылдың аяғынан бастап АҚШ-тың Жасанды интеллект жөніндегі Ұлттық қауіпсіздік комиссиясы бірқатар ұсыныс әзірледі. Оған Google-дің бұрынғы бас директоры Эрик Шмидт төрағалық ететін көрнекті технология компаниялардың басшылары енген. Ұсыныс жасанды интеллект жөніндегі АҚШ-тың ұлттық қауіпсіздігі мен қорғаныс қажеттіліктерін жан-жақты шешпек. Жақында Комиссия АҚШ президенті Конгресс алдындағы соңғы есебін жариялады. Еуропалықтар мен Американың басқа демократиялық одақтастары да оны оқып, әрекет етуі керек.
Мен 2019 жылдың соңында Комиссияның конференциясында сөйлеген сөзімде АҚШ-тың Қытай мен Ресейге қатысты саясаттағы маңызды тұсы бүкіл әлем бойынша серіктестік қарым-қатынас орнату қабілеті екенін айтқан едім. Сондықтан қорытынды есептегі негізгі ұсыныстың бірі АҚШ-та демократиялық нормалар мен құндылықтарды және Қытайда жасалған цифрлы инфрақұрылымды қабылдауға қарсы саясатты үйлестіруге бағытталған «Дамушы технологиялар коалициясын» құруға арналғанына қуаныштымын. Бұл коалиция «Халықаралық цифрлы демократия бастамасына» арқау болады. Осылайша, еркін қоғамдарымыздың мүддесін жылжытуға, демократиялық құндылықтарға сай келетін жасанды интеллект пен технологияларды енгізуге, дамытуға және ілгерілетуге жағдай жасалмақ.
Бізге күн тәртібіне дәл осындай мәселені шығару қажет. Бірақ оған қол жеткізу үшін трансатланттық және Тынықмұхиттық серіктестер жаңадан пайда болған технологияларға, атап айтқанда «заманауи мұнай» саналатын екі тауар – деректер мен жартылай өткізгіштерге қатысты бірқатар маңызды мәселені шешуде мәмілеге келуге тиіс. Екі мәселеде де жаңа демократиялық консенсусқа келуіміз керек.
Әсіресе, деректер мен деректерді қорғау мәселесінде АҚШ әлемнің басқа еркін елдерімен бірге дамыған жоқ. Жапония Еуропалық одаққа ұқсас стандарттар қабылдады. Осылайша мәліметтерге еркін қол жетеді. Ал Ұлыбритания «Брекситтен» кейін соған ұқсас режім қолданбақ. Жапония 2019 жылы G20-ның төрағалығы кезінде жаһандық еркін мәлімет келісімін алға тартты. Бірақ біраз прогреске қарамастан, Қытай бұған қарсы болғандықтан аяқсыз қалды. Өзара сенімділікті арттыру алаңында мәліметке еркін қол жеткізу либералды демократиялық елдердің жасанды интеллектінің дамуына үлкен серпіліс береді. Авторитарлы режімдер мен қадағалауға құмар мемлекеттер метамәліметтерге қол жеткізуі әлдеқайда жеңіл. Сондықтан олармен бәсекелесу үшін бірлесіп жұмыс істеуіміз керек.
Сол сияқты жақында ғана куә болған жартылай өткізгіштердің жаһандық тапшылығы және әлемдегі автомобиль зауыттарының тоқтап қалуы Тайвань мен Оңтүстік Кореядағы өндіріс орындарына тәуелді екенімізді көрсетті. Оларда қазірдің өзінде қажетті ноу-хау мен дүниежүзілік өндірістік-жеткізу тізбегі бар. Бірақ соған қарамастан демократиялық одақ шеңберінде оларды қолдауды жалғастырғанымыз жөн. Сонымен қатар жартылай өткізгіштерге де, маңызды шикізатқа да, сирек кездесетін металдарға да қатысты демократиялық артықшылық аймағын құрғанымыз абзал. Олар жасыл және технологиялық революциямызға ықпал етеді.
Байденнің технологиялық қиындықтарды шешу жөнінде трансатланттық келісімге келуге ниетті екенін білеміз. Бұған 2018 жылы сайлаудың адалдығы жөніндегі Трансатланттық комиссияны құрған кезде көзім жетті. Ресейдің АҚШ-тағы 2016 жылғы президенттік сайлауға араласуына немесе Еуропаның құрлықта өткен көптеген сайлауларына селқос қарау жеткіліксіз. Керісінше, мақсатымыз демократиялық одақтастардың күш-жігерін біріктіріп, келешектегі сайлауға араласуға, соның ішінде дипфейктерді қолдану арқылы жасанды интеллекті пайдалануға жол бермеуіміз қажет.
Енді Байден келесі индустриалды революцияда еркін әлемнің жоғары деңгейге шығуын қамтамасыз ету үшін осындай ұстанымды қолдана алады. Егер Еуропа трансатланттық технологиялық ынтымақтастыққа қарсы келсе, автократтар өз ережелерін шығара бастағанда шағымдануға құқығымыз жоқ.
Андерс Фог РАСМУССЕН,
НАТО-ның бұрынғы бас хатшысы (2009-2014 жылдар), Данияның бұрынғы премьер-министрі, Демократия Альянсы қорының негізін қалаушы
Copyright: Project Syndicate, 2021.
www.project-syndicate.org