Кеше Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой еліміздегі коронавирус инфекциясының таралу жағдайына қатысты пікір білдірді.
«Қазақстан Республикасында 30 наурыздағы жағдай бойынша 243 318 науқастан Covid-19 анықталды және 50 433 адамға КВИ- (минус) диагнозы қойылды. 218 031 адам КВИ+ және 47 837 азамат КВИ- (минустан) жазылып шықты. Соңғы 2 аптада Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент қалаларында, Ақтөбе, Алматы облыстарында науқас саны артып, жалпы КВИ жұқтырғандар 1,5 есе өсті», деді министр.
Оның айтуынша, жалпы індет жұқтырудың 56 пайызы Алматы қаласы тұрғындарына тиесілі. Қалада ақпанда тәулігіне 100 жағдай, наурызда тәулігіне 500 жағдай тіркелді. Нұр-Сұлтан қаласында ақпанда тәулігіне 100 жағдай, наурызда тәулігіне 350 жағдайға жетті.
«Нақтырақ айтсақ, 4 өңір қауіпті аймақта (қызыл аймақта) тұр. Бұлар – Алматы, Нұр-Сұлтан қалалары, Батыс Қазақстан және Атырау облыстары. 3 өңір (Ақтөбе, Алматы және Қарағанды облыстары) – сары аймақта. Қалған 10 өңір – жасыл аймақта. Эпидемиялық жағдай нашарлаған «сары» және «қызыл аймаққа» ауысқан өңірлерде қосымша шектеу шаралары енгізілді», деді ол.
Сонымен қатар ол Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығы филиалының референс-зертханасы жүргізген зерттеулердің қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасында «британдық», «оңтүстік африкалық», «бразилиялық» штамға тән ықтимал мутация анықталғанын алға тартты.
«Зерттеу қорытындысы бойынша Шығыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облысынан өзге өңірлерде «британдық», «оңтүстік африкалық», «бразилиялық» штамға тән ықтимал мутация анықталды. Алматы қаласында науқастардан алынған ДНК-ның секвенирлеу нәтижесі бойынша «британдық» және «оңтүстік африкалық» штамының айналымы белгіленген», деді А.Цой.
Оның сөзінше, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының 2021 жылғы 30 наурыздағы деректері бойынша «британдық штамм» – 125 елде, «оңтүстік африкалық» – 75 елде, ал «бразилиялық» – 41 елде анықталды. Коронавирустың жаңа штамдары мен алғашқы штамның белгілері бірдей – дене температурасы көтеріледі, жөтел және адам дәм мен иіс сезбей қалады. ДДҰ мәліметтері бойынша вирустың ықтимал мутациясы адамдардың індетті жұқтыру жиілігіне қарай артады.
«Жаңа вирус көп тараған елдердің тәжірибесіне қарасақ, әлеуметтік арақашықтық сақтау нәтижесінде және денсаулық сақтау ұйымдарында инфекцияның алдын алу және бақылау шараларын қолдану арқылы COVID-19 ауруы төмендеген», деді министр.
Сондай-ақ ведомство басшысы КВИ-ге қарсы вакцинаны елде қанша адам салдырғанын айтты.
«Коронавирус инфекциясына қарсы вакциналау жалғасуда. Бүгінде бірінші компонент 131 170 адамға егілді. 22 ақпаннан бастап екінші компонентті егу басталды, 32 482 адам егілді, жағымсыз реакция тіркелген жоқ», деді министр.
Қазір өңірлерге КВИ-ге қарсы вакциналау 150 мың дозасы жеткізіліп жатыр.
«Бұдан басқа, сәуірде түрлі өндірушілерден қосымша 2,5 млн доза вакцина жеткізу жоспарланып отыр. Вакцинаның бұл көлемі КВИ-ге қарсы вакциналауға жататын контингентті және вакцина салдырғысы келетін адамдарға екпенің қолжетімділігін барынша кеңейтуге мүмкіндік береді. Вакциналау вирустың таралуын азайтудың жалғыз жолы екенін еске саламыз. Осыған байланысты қарсы көрсеткіштер болмаса, қазақстандықтарды екпе салдыруға шақырамын», деді А.Цой.
Денсаулық сақтау министрлігінің кешегі күнгі таратқан мәліметі бойынша 24 180 адам коронавирус инфекциясынан емделуде, олардың ішінде 8 130 пациент стационарда, 16 050 науқас амбулаториялық деңгейде ем қабылдауда. Індетке шалдыққандардың арасында 364 адамның жағдайы ауыр, 76 пациенттің жағдайы өте ауыр, 46 науқас ӨЖЖ аппаратында жатыр.
Сөз соңында А.Цой карантин шектеулерін жиі бұзатын өңірлерді де тілге тиек етті.
«Халық арасында вирустың қауіптілігіне сенбейтін адамдар бар, олар үйлену тойларын, банкеттерді жеке үйлер мен коттедждерде өткізуді жалғастырып келеді. Мониторинг топтарының енгізілген шектеу шаралары мен ескертулеріне қарамастан, санитарлық-эпидемиялық талаптарды сақтамай жұмыс істеп тұрған нысандарды анықтау жалғасуда», деді министр.
Оның айтуынша, наурызда шектеу іс-шараларын, карантин талаптарының сақталуын бақылау мақсатында 16 030 рейд жүргізілді.
«Осы орайда 102 966 нысан тексерілді, оның ішінде 2864 нысан әкімшілік шараларға қарамастан, белгіленген шектеу талаптарын, жұмыс режімін бұзуды жалғастырып келеді, яғни бұқаралық іс-шаралар өткізіп жатыр. 3021 әкімшілік іс қозғалды», деді А.Цой.
Оның сөзіне қарағанда, мұндай нысандар Шығыс Қазақстан облысында, Алматы және Шымкент қалаларында жиі тіркеледі.
«Бүгінгі таңда елімізде карантиндік шараларды қасақана бұзған 512 адам анықталды. Өңірлер бойынша Шымкент, Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары, Жамбыл, Қостанай, Павлодар облыстары көш бастап тұр. 512 құқық бұзушының арасында 486-сы шағын бизнес өкілі, төртеуі орта кәсіпкерлік нысаны және 22 жеке тұлға бар», деп нақтылады ол.