Павлодарда волейболдан әйелдер командалары арасында кезекті Қазақстан чемпионаты мәресіне жетті. Плей-офф қорытындысы бойынша Өскеменнің «Алтай» клубы үздік шықты.
Биыл 29 мәрте ұйымдастырылған ел біріншілігінің плей-офф кезеңіндегі барлық кездесуде жеңіске жеткен «Алтай» Қазақстанның бес дүркін чемпионы атанды. 2005 жылы құрылған Өскемен клубы бұған дейін 2016, 2017, 2018 және 2019 жылдары бас жүлдені олжалаған болатын. Ал екінші орынға былтырғы чемпионатта топ жарған Талдықорғанның «Жетісуы» ие болды. Үздік үштікті Петропавлдың «Қуаныш» командасы түйіндеді. Айта кетейік, «Қуаныш» тұңғыш рет Қазақстан чемпионатының жүлдегерлері қатарынан көрінді.
Ел біріншілігінің қорытындысы бойынша, «Жетісу» ойыншысы Надежда Кодола мен «Қуаныш» клубының намысын қорғайтын Светлана Парукова турнирдің «Үздік шабуылшысы» атағын иеленді.