Еліміздегі эпидемиялық жағдай күннен-күнге күрделеніп бара жатқаны ақпараттарда айтылып, жаңалықтарда жазылып жатқаны жасырын емес.
Мемлекет басшысы да мейлінше сақтық шараларын күшейтіп, алаңдатарлық ахуалды тезірек қалыпқа түсіру тетіктерін қарастыру үшін табанды тапсырмалар беруде. Әлемді әбігерге салған індеттің бірден-бір емі – вакцина деп ғалымдар мен мамандар айтудай-ақ айтуда. Бірақ ел ішінде екпе салдыруға күдікпен қарайтындар да бар.
Білім және ғылым вице-министрі Мирас Дәуленов Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институты бүгінге дейін коронавиурсқа қарсы вакцинаның 5 түрін әзірлегенін атап өтті.
«Бұдан бөлек институт суббірлікті вакцина жасап шығарды. Яғни алғашқысы инактивтендірілген вакцина болатын. Суббірлікті вакцина да клиникаға дейінгі сынақтан өтті. Оның нәтижесін де алдық. Өткен жылдың қарашасынан бері Денсаулық сақтау министрлігінің клиникалық зерттеуді бастауға рұқсат бергенін күтіп отырмыз. Сондай-ақ институт екі векторлық вакцина әзірледі. Осы инактивтендірілген әлсіретілген штамм алу үшін 100-ден астам зерттеу жүргізілді. Қазір ол вакцина да клиникаға дейінгі зерттеулерден өтіп жатыр», деді вице-министр.
2020 жылы наурыз айында елімізде коронавируспен ауырғандар анықталғаннан кейін және вирустың тірі штамын алғаннан кейін бір апта өткен соң институт ғалымдары коронавирусқа қарсы қазақстандық вакцина жасауды қолға алды.
«Біздің 60 жылдан астам уақыт тарихы бар институтымыз Жамбыл облысы, Қордай ауданы, Отар ауылының маңындағы 40-әскери базада орналасқан. Қауіпті және аса қауіпті штамдарды зерттеумен айналысатын осындай институттар көп тұрғыны бар елді мекендерден алшақ орналасуы керек. Бұл жерде мықты ғалымдар, вирусологтер, биотехнологтер 60 жылдан астам уақыт бойы вакцина жасаумен айналысып келеді. Бүгінгі таңда осы институттың ғалымдары 60-тан астам әртүрлі вакцина мен тест жүйелерін ойлап тауып, қолданысқа енгізді», дейді Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының бас директоры Күнсұлу Закарья.
Оның айтуынша, 2020 жылы наурыз айында елімізде коронавируспен ауырғандар анықталғаннан соң және вирустың тірі штамын алғаннан кейін бір апта өткен соң институт ғалымдары коронавирусқа қарсы қазақстандық вакцина жасауды қолға алды.
«Бір уақытта бес платформада вакцина жасау қолға алынды, себебі осының ішінен барынша тиімдісін таңдап алуымыз керек болды. Қуанышқа орай, біз жасаған алғашқы QazCovid-in вакцинасы 2020 жылы мамыр айында дайын болды. Ал 15 мамырда ресми түрде тіркеліп, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының сайтына тіркелді. Бұдан басқа тағы 4 вакцина жасалуда», деді ол.
«Қазақстандық QazСovid-in вакцинасының әсер етуі 96% деген ақпарат қаншалықты рас?», деген сұраққа ол былай деп жауап берді:
– Біз бірінші және екінші клиникалық зерттеулердің нәтижесін сараптамадан өткізіп, бүкіл көрсеткіштерді қарастырған кезде вакцинамыздың иммунитет сақтау көрсеткіші 96%-ға сай болды. Мына жағдайды ескеру керек: бірінші фазадан кейін иммунитетті сақтау көрсеткіші 100% болса, екінші фазадан кейін 96% болса, адам саны неғұрлым көп болған сайын оның көрсеткіші соғұрлым төмендеуі мүмкін. Үшінші фазаның аяғында бұл көрсеткіш өзгеруі мүмкін», деді К.Закарья.
Сонымен қатар ол қазақстандықтар Qazcovid-in вакцинасын осы жылдың сәуір айының аяғында ала бастайтынын жеткізді.
«Qazcovid-in вакцинасының клиникалық сынағының үшінші фазасы 2021 жылы 9 шілде күні аяқталады. Одан кейін 3 мың еріктіден алынған мәліметтерді өңдеу бойынша үлкен жұмыс басталады. Бұл шамамен 20 күнтізбелік күнді алады. Одан кейін біз жасаған есеп толық көлемде Денсаулық сақтау министрлігіне жеткізіледі», деді Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының бас директоры.
Аталған вакцинаның толыққанды көрсеткіштері вакцина еккеннен кейін 42 күнде белгілі болады. Білім және ғылым министрлігіне қарасты Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының бас директоры Күнсұлу Закарья QazСovid-in вакцинасы антиденені қалай қалыптастыратынын түсіндірді.
«Антиденелер вакцина салдырғаннан кейін 14 күннен кейін қалыптасады. Жалпы, вакцина екі рет егіледі. Яғни ревакцинация жиырма бірінші күні жасалады. Сонымен, 42 күнде ең толық көрсеткішті анықтай аламыз. Көрсеткіштер өте жоғары. Ауруды нейтралдандыратын антиденелер мен гуммаралды жасушалық иммунитет көрсеткіштері бойынша дүниежүзінде шығарып жатқан вакциналардың бірқатарынан да жоғары нәтижені көрсетіп отыр», деді институт директоры.