• RUB:
    5.39
  • USD:
    474.62
  • EUR:
    517.19
Басты сайтқа өту
Руханият 02 Сәуір, 2021

Дастарқандағы дарқандық

634 рет
көрсетілді

Дарқандықтың шыңына шыққан дана халқымыздың ататектен жалғасқан, түптамырдан ажырамаған бір қасиеті болса, ол меймандос мінезі. «Қуыс үйден құр шықпа» деп нақыл қалдырған бабаларымыз хал сұрап келген кісіні қанша асығыс болса да бір тілім нан ауыз тигізбей жібермеген. Бұл төл мәдениетіміздің мәйегі болған тәлімнің ең тәуірі. Бүгін қолымызға сол бір салмақты салтымыздың еншісіндей есті сурет ілігіп отыр. Көңіл төрінен орын алған көркем картина ғұлама ғұрпымызды ұлықтап тұрғандай.

Туындының авторы – Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, кескіндемеші Тұрсын Әбуов. Қылқалам шебері шығармасын «Дастарқан. Қонақ күту» деп атапты. Айтқандай-ақ картина қонақжайлық қағидасынан хабар беріп тұрғандай. Бөлінбеген еншідей бекіген қазақы қонақжайлық қалыптың ең сәтті, ең көркем сұлбасы бейнеленген. Қазақы құндылықтардан ажырап қалған оқырманға ой салар туынды екені анық.

Қазақтың ұлттық тамақтарынан халықтың ниеті, оның тарихы, әдет-ғұрпы мен дәстүрі айнадағыдай көрініп тұрады. Өзгеден озық, басқадан артық көрсететін ерекше қасиеті – осы қонақжайлылығы. Сыйлы қонақтарды айтпағанның өзінде, есіктен бас сұққан бейтаныс адамның өзін құшақ жая қарсы алып, төріне отырғызып үйіндегі бар жақсысын алдына қоятын болған. Әрбір қазақ отбасы дастарқанды қалай жасауды біледі. Бұл да қазақтың құрмет тұтатын ежелден келе жатқан белгілі салттарының бірегейі.

Картинаға қарап отырып, санамызда әртүрлі ойлар бүр жарады. Түгін тартса майы сорғалаған құйқалы қазақ даласы кімге мақтан болмаған. Сол даланың төсін иітіп, төбесін тауға жеткізіп, тауын аспанға тигізіп сүйген қазақтың да ұлылығы шексіз-ау. Ұлы­лықты айтпақшы, ұраны – Алаш, керегесі – ағаш қадым заманда да қазақ топырағына табаны тиген әлем саяхатшылары көп болыпты. Солар да Алаштың бөлінбеген еншісінен дәм татысып, көңілі соққан үйге мейман ретінде түскен. Қай қиуасына, қай түкпіріне барса да жік-жапар болып күткен елдің ниетіне тойып, шексіз ризашылығын білдірген деседі. Осылайша қазақтың ұлылығын айтып, кәрі құрлық аттаған саяхатшылардың, тарихшылардың сөзі де мұрағатта қаттаулы бүгін. Бәрі – шежіре, бәрі аңыз қазір.

Бір айта кетерлігі, Тұрсын Әбуов түс­тердің көмегімен картинаның басты мәнін бөліп көрсетеді: қара көлеңкелі үйдің ішіндегі ашық сары түсті дастарқан және оның фонындағы әзірленген тамақ ерекше көзге түседі. Оңып кеткен жердегі ошақ басында қонақ күтуге асықпай дайындалып отырған әйел, қазаннан бұрқырап шы­ғып жатқан бу көрсетілген киіз үй алдындағы алаңдағы көрініс есік ойығынан көрінетін ашық түсті квадратта берілген.

Суретші композицияның ортасына қонақтарды күту үшін табақтағы ет, қымыз, құрт және алма салынған ыдыс қойып жайылған дастарқанды орналастырады. Үстелдің ай­на­ласында аласа орындықтар тұр, киіз үйдің еденіне сырмақ пен текемет төселген. Автор қабырғаға ілінген музы­калық аспаптар, кіре берістегі ұлттық оюмен безендірілген сандық сынды киіз үйдің ішкі бұйымдарын көрсеткен. Киіз үйдің есігі арқылы картинаның екінші планындағы қазанға ас дайындап отырған ошақ басындағы егде әйелді көреміз. Мұ­ның бәрі шығарманың мәнін терең­детіп тұр.

Қонақжай ұлттың көңіл пер­несін дөп басқан көркем картина қазақ хал­қының даңқты дәстүріне ын­тық­тыра түседі.