• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Саясат 02 Сәуір, 2021

Күн тәртібінде – әйелдер құқығы

849 рет
көрсетілді

Мексика астанасында онлайн форматта «Тең құқылы ұрпақ: әйелдер құқығы мен тең құқылы болашақты қорғау» тақырыбында жаһандық форум аяқталды. Форумның басты күн тәртібі – бүкіл әлемде гендерлік теңдік және әйелдердің мүмкіндіктерін кеңейту мәселелері.

Форум әйелдер жағ­дайы жө­нін­дегі дүниежүзілік конфе­рен­цияның 25 жылдық қоры­тын­дысын шығаруға және Бейжің декларациясы мен іс-қимыл платформасын қа­былдауға арналған алғашқы ауқымды іс-шара болып табылады. Оған үкіметтер, пар­ламентшілер, азаматтық қо­ғам, кәсіподақтар мен БАҚ қатысуда. Іс-шара Мек­сика мен Франция үкімет­терінің бастамасымен «БҰҰ-әйелдер» құры­лымының қолдауымен өткі­зілу­ді Ор­талық Азия өңі­рі­нен тек Қазақстан ғана қа­тысуға өті­нім берді. Біз­дің еліміз Эконо­микалық әді­лет­тілік пен зорлық-зомбы­лыққа қарсы іс-қимыл коалиция­лары­ның жұмысына қатысты.

Қазақстандық делегация­ны Президент жанын­дағы Әйел­дер істері және отба­сылық-демо­гра­фиялық саясат жөніндегі ұлт­тық комис­сияның төрайымы Лаззат Рамазанова басқарды.

Өз сөзінде ол Қазақ­­стан­­ның Тұңғыш Прези­денті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасы бо­­йынша елі­міз­де Әйел­дер істері және отбасылық-демо­графиялық саясат жөнін­дегі ұлттық комиссия сынды инс­ти­туционал­дық механизм құрылғанын атап өтті. Ко­мис­сия елдегі әйелдердің мүм­кін­діктерін кеңейтуге байланыс­ты кең ауқымды мәселелерді шешуге жәрдемдесуге ар­налған. «Бү­гінгі таңда Ұлт­тық комис­сияның жоғары мәртебесі оған биліктің заң шығарушы және ат­қарушы тармақтарының, сон­дай-ақ азаматтық қоғамның тиім­ді әріптестік тетіктерін құ­ру мен қамтамасыз етуде кең өкі­лет­тіктер береді. Жо­ғары және жер­гілікті өкілді ор­­ган­дарда әйел­дердің үле­сін арт­тыру бойынша қабыл­да­нып жат­қан шаралар, елі­міз­дің бар­лық өңірлерінде әйел­дер­ді қол­дау жөніндегі бағ­дар­ла­малар, сон­дай-ақ отбасы­лық және ген­дер­лік саясат тұжы­рым­дама­сын іске асыру Қазақ­стан­ның  ген­дер­­лік даму индексінде жоға­ры по­зи­цияға ие болуына мүмкін­дік бер­ді», деп мәлімдеді Л.Рамазанова.

Қазақстандық делега­цияның басшысы әйелдердің мүм­кін­діктерін кеңейту мәсе­лелері еліміздің ішкі күн тәртібінде ғана емес, халық­аралық деңгейде де өзекті болып табылатынын атап өтті. Л.Рамазанова форум­ға қатысушыларды Қазақ­станда құ­рылып жатқан әйелдер мен ер­лер құқықтарының теңдігі са­ла­сын­дағы білім орталығы база­сын­да ынтымақтастыққа шақырды.

Айта кетейік, Форум Мехи­­кода 29-31 наурыз аралы­ғында өтсе, ол өз жұмысын жазда Парижде аяқтайды. Іс-шара ая­сында 2025 жылға дейін­гі көп­жақты әріптестік бағдар­ла­маларын бастау рәсімі өткізілді.