• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
24 Сәуір, 2010

“ЭЙР АСТАНА”

529 рет
көрсетілді

ҰЛТТЫҚ АВИАКОМПАНИЯ ДЕП АТАЛҒАНЫМЕН, ҰЛТТЫҚ ЕРЕКШЕЛІГІ ЖОҚ Мәжілістің Экономикалық реформа және өңірлік даму ко­ми­те­тінің кеңейтілген отырысында авиа­ция саласындағы бағаны қалып­­тастыру мен жолаушыларға қызмет көрсету мәселесі тал­қыланды, деп хабарлады осы палатаның баспасөз қызметі. Отырысты комитет хатшысы Мұрат Әбенов жүргізіп, ортаға тасталып отырған мәселе жайында мағлұмат беріп, жұмыс тобының жетекшісі Асхат Бекенов іс барысы жайында мәлімдеді. Бірінші болып сөз бастаған Кө­лік және коммуникация минис­трлігінің азаматтық авиатасымал комитетінің төрағасы Рәділбек Әдимолда басты мәселе әдеттегідей жолаушыларға қызмет көрсетудің сапасын қашанда арттыра беру болып табылатынына тоқталды. Сөз кезегінде “Эйр Астана” АҚ президенті Питер Фостер өз компаниясының атқарып отырған жұмысынан хабардар етті. Оның мәлімдеуінше, 2002 жылдан бері “Эйр Астананың” тұтыну индексі 83 пайызға өскен. Жанар-жағар май құны өткен жылы елімізде төмен­деді дегенмен, оларда 76 пайызға көтерілген. Қызмет көрсету құны Алматыда 25 пайызға өскен болса, Астанада 106 пайызға аспандаған. “Сонда да “Эйр Астана” АҚ бағаны өсірген емес”, – деген компания басшысына депутаттар  ішкі бағыт­тардағы бағалардың жоғарылығын, қызмет көрсетуде аспаннан баға алып қоя салатындықтарын айтып сұрақтың астына алды. Депутат Нұрлан Өнербай “Эйр Астана” ұлттық авиакомпания деп аталғанымен, ұлттық ерекшелігі жоқ. Мемлекеттік тілді қолдану жағдайы Конституцияға сай кел­мейді”, – деп сын айтып, белгі­леген бағалары жолаушыларға сол деңгейде жетпейді, 19000 теңге тұратын билетті әртүрлі сылтау айтып 23000-нан түсірмеуге тырысады. VІP қыз­мет дегенге біздің отбасы мүше­лерімізден 15000 теңгеден қағып алады, мұндай тәжірибе әлемде жоқ”, – деген өткір сын айтты. Депутаттар Айгүл Соловьева мен Ержан Рахметов те осы бағыттағы сұрақтар қойғаны­мен, “Эйр Астана” АҚ президенті мандытып жауап бере алмай, өз қызметін айтып отыра берді. Әріптестерінің сұрақтарына мардымды жауап болмаса да Аман­қос Өтегенов, Валерий Доскалов, Елена Тарасенко қосымша сұрақтар қойды. Мәжілістің Экономикалық реформа және өңірлік даму коми­тетінің кеңейтілген отырысында авиация саласындағы бағаны қалыптастыру мен жолаушыларға қызмет көрсету мәселесі дәл де­путаттар күткендей болып шық­пады.