• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Аймақтар 03 Сәуір, 2021

Қырағы полицейлер газ балонының жарылуына жол бермеді

299 рет
көрсетілді

СҚО Қызылжар ауданы Соколовка ауылындағы поселкелік полиция бөлімшесінде кешкі мезгілде өз жұмыстарымен отырған полицейлер көрші үйлердің бірінің шатырынан лаулаған жалынды көріп қалады. Дереу өрт сөндіру қызметіне қоңырау шалумен қатар оқиға орнына үш офицер жүгіріп жетеді. ППБ бастығы, полиция майоры Эльдар Аллахверанов үйдің терезесін тарсылдатқан. Алайда үйдің жанып жатқанын телефонмен қызу сөйлесіп жатқан екі кемпір сезбеген. Олар тіпті терезенің тарсылына да мән бермеген.

Осы уақытта учаскелік инспекторлар Азамат Қабдырашитов пен Назар Меңдекеев қоршаудан секіріп түсіп, малды шығару қажет болар деген оймен қора-қопсыны тексерген. Ең бастысы, жанып жатқан сарайдан олар от шарпуға жақын қалған 50 литрлік газ баллонды қолдасып көтеріп, аулаққа, қақпаның сыртына алып шыққан. Егер осы баллон жарылғанда бұл үй ғана емес жапсарлата салынған көрші үйлердің аман қалуы екіталай еді...

Одан әрі көршілермен бірге тәртіп сақшылары өртті сөндіруге тырысқан. Алты минуттан кейін өрт сөндіру қызметі де жетеді. 14 шаршы метр жерді жайлаған өрт уақытында сөндіріледі. Өрт сөндірушілердің кәсіби шеберлігінің арқасында қалған ғимараттар бүлінген жоқ. «Поселкелік полиция бөлімшесінің қызметкерлері қиын жағдайда сауатты іс-әрекет жасап, қырағылық танытты. Газ балон жарылған жағдайда салдары ауыр болар еді. Полиция қызметкерлері халыққа қызмет ету ісіндегі өздерінің адалдықтарын көрсетті», - дейді Қызылжар ауданы полиция бөлімі бастығының міндетін атқарушы, полиция полковнигі Петр Климов.