• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Әдебиет 05 Сәуір, 2021

Әдеби емес кейіпкерлер

652 рет
көрсетілді

Өткен жылы қазақ оқырманы хакім Абайдың 175 жылдығын атап өтті. Ал биыл жыр алыбы Жамбылдың, ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың, келер жылы заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтің мерейтойы кезекте тұр. Әдебиеттегі осындай дәстүрлі мерейтойлар кейде мақсатсыз һәм бағытсыз іс-шаралармен, қайта басылып шыққан кітаптармен ғана шектеліп жатады. Ал кейде өз уақытында ешкім елемеген талантты жазушыларды еске салады.

Мәселен, көршілес орыс әдебиетінде де биыл классиктердің 200 жылдығы жалғасуда. Пушкин, Гоголь, Гончаров, Лермонтов, Тургенев... Осы тізімнен әрқашан бөлек аталып келген тасадағы Писемскийдің де туғанына екі ғасыр толып үлгеріпті. Әлқисса.

Писемский көзінің тірісінде жақ­сы жазатындардың қатарына ілік­педі. Өз ортасы оны жазушы деп мо­йындамады һәм соған сай шығар­маларын шимай-шатпаққа балады. Шығармашылық отырыстарда ол туралы ешкім ауыз ашып сөз сөй­лемейтін: бірақ өз араларында әрқашан Писемскийдің кейіпкерлерін күбір-күбір талқылайтын. Өйткені оның кейіпкерлері «тәртіпсіз», «бұ­зылған» адамдар болды. Әдеби ортаның Пи­семскийге деген осы бір әділетсіз көз­қарасы кейін де өзгерген жоқ. Алай­да біз оны ұмытылған немесе оқылмайтын жазушы деп кесіп айта алмаймыз. Байқауымызша, соңғы уақытта орыс әдеби басылымдарында Писемский шығармашылығына жаңа көзқарас, сұраныс пайда болған секілді. Түрлі қоғам ауысып, тарих беттеріндегі әр оқиғаға куә – дүниені басқарып отырған уақыт екенін ескерсек, Писемский типтес әлеуметтік жазушылардың өз заманынан кейін де оқырманға қайта оралуы әбден мүмкін емес пе?..

Оның барлық кейіпкері қоғам­мен, дәлірек айтқанда, біз «әлеумет» деп атайтын ұғыммен біте қайнасып кет­кен. Сол әлеуметтің ішінде бірың­ғай жағымды немесе жағымсыз адамдар өмір сүрмейтіні де анық. Мұнда міндетті түрде мәмілеге келуге тура келеді, өтірік айтпасаң да, шындықты бүгіп қалуға, кейде жалтару мен бейім­делуге мәжбүр боласың. Осы тұрғыдан алғанда, Писемский күрделі, тым құрығанда өзімен қайшылыққа келуге қабілетті жандардың шынайы болмысын аша білген қаламгерлердің аз ғана шоғырына жатады. Оның кейіп­керлерін сынай отырып ақтай да ала­сың: оңбаған деп сөгіп отырып, жаның да ашиды.

Алексей Феофилактович алпыс жыл ғұмыр кешіпті. Ол өндіре жазды. Шығармаларының толық жинағы 1959 жылы тоғыз том болып жарық көргенімен, көп туындылары енбей қалған. Әрине барлығы шедевр бол­маса да, кейбірі оқуға әбден тұрар­лық. Мәселен, «Тюфяк» повесін, «Стар­­ческий грех», «Питерщик» әң­гімелерін, «Взбаламученное море», «Люди сороковых годов», «В водовороте» романдарын, «Русские лгуны», Каспий теңізі туралы «Путевые очерки» әңгімелер циклдері бар. Дегенмен, автордың ең сәтті шыққан шығармасы – «Тысяча душ» романының жөні бөлек.

1858 жылы жазылған роман жеңіл оқылады, тіпті кейбір тұстары бүгінгі өмірден алынғандай әсер қалдырады. Айта кетейік, ол – алғашқы үлкен орыс ро­мандарының бірі. «Обломов», «Война и мир», «Преступление и на­ка­­зание», «Что делать?» «Отцы и де­ти» романдары кейін жарық көрді. Бұл – орыстың ақсүйектік проза­сы­ның архетиптері қалыптаспай тұ­рып, ти­паждардың шаблондарға ай­нала қоймаған, ал «Тургеневтік қыз» («Тур­геневская девушка»), «Достоевскийдің әйел­дері» («женщины Достоевского»), «жа­ңа адам» («новый человек») тер­мин­дер ретінде қолданылмайтын кез еді.

Писемский таптаурын жолға түс­пей, өз заманының әдеби сыншыларын тәнті еткен (тіпті састырған) ізденістерге де барды. Біршама уақыт үнсіздіктен соң «Всемирное обозрение» журналында әдебиетші Владимир Зотовтың ашу мен түсінбеушілікке толы мақаласы жарық көрді. «Біздің журналдардың әдебиетке деген бей-жайлығы шарықтау шегіне жеткен қазіргі заманда, Писемский мырзаның аса зор әдеби және қоғамдық мәні бар, әдебиетіміздің тұтастай дәуірін құрай­тын ең үздік романы жарық көрді. Ол «Мертвые души» және «Кто виноват?» туындыларымен бір қатарда тұруға әбден лайық. Егер Писемский мырза басқа ештеңе жазбаған күннің өзінде – «Тысяча душ» шығармасының өзі оған орыс әдебиетінен ойып тұрып орын алып берер еді. Ал жуан журналдар неліктен үнсіз отыр?!» Осы мақаладан соң сыншылар роман туралы пікір білдіре бастаған-ды.

Ақиқатында, әдебиетшілер ро­ман­ның сюжетінен ғана абдырап қалмапты. Ал сюжеті былай өрбиді: Мәскеу университетінің түлегі Яков Васильевич Калинович уездік Энск қаласына келіп, уездік училищенің бақылаушысы болып жұмысқа орналасады. Оған бұған дейін бақылаушы болып, зейнетке шыққан адамның қызы Настенька ғашық болады. Бі­рақ той таяп қалғанда Калинович мың жан крепостной шаруаға иелік ете­тін Полинаны таңдайды. Сөйтіп ол Петербургке қоныс аударады да, Полина мен оның бұрынғы көңілдесі, қазынаны ұрлаушы князь Иванның таныстары арқылы губернатордың міндетін атқарушы мансабына қол жеткізеді. Бірақ Калинович күресіп келген жемқор шенеуніктер ақыры оны жеңіп тынады. Ол отставкаға кетуге мәжбүр болып, соттала жаздай­ды. Әйе­лі қайтыс болған соң, Нас­тень­ка қайта пайда болып, екеуі қосылады.

Ал сыншыларды абыржытқан оқиға тым шынайы, әдеби көркемделмеген персонаждар еді. Настеньканың әке­сі Петр Михайлыч, әйелі қайтыс бол­ған, аса мейірбан әрі қайырымды жан болғанымен, өз экономкасымен кө­ңіл қосады. Некесіз қарым-қатынас күнә саналғанымен, мәселенің мәнісі бас­қада – ол өмірден өткенде экономика үй-күйсіз, ішер ас-сусыз қалады. Оны бұл азаптан оқыс өлім құтқарады. Петр Михайлыч та, қызы да осындай ке­леңсіз қырларымен суреттеледі.

Настенька жас бола тұра теме­кі тартады (сол уақыттағы орыс әде­биетінде сирек кездесетін құбы­лыс), алғашқы кездесуде-ақ Калиновичке көңіл білдіріп, оны өзіне қайткенде үйлендіріп алуға тырысады. Ал Ка­лино­вич романның басында идеалист кө­рінгенімен, кейін өзі де жемқорлық ауруына шалдығып, айтарлықтай ман­сапқа қол жеткізіп алады да, же­беушілерін әшкерелеуге кіріседі. Оның бұл тосын мінезін мемлекеттік мүддені ойлау емес, көрген қорлығы үшін кек қайтару, ажарсыз, бірақ бай әйе­лімен бірге тұруға мәжбүрлік, мың­даған ба­сыбайлы крепостнойлары әкеле ал­маған бақыт үшін жасалған әрекет деп қабылдау керек сияқты.

Бір сөзбен айтқанда, Писемский кейіпкерлерінің өмірі сүреңсіз, тым күрделі, қалыптасқан әдеби қалыпқа сыя бермейді. Бәлки, ол қолдан жа­салмаған, шынайы өмірден алынған түрлі тағдырлар болған соң шығар. Писемскийдің шеберлігі де сонда – оны оқып отырғанда әдебиет, қалыптағы көркемдік дегенді ұмытасыз. Бейнебір оқып емес, кейіпкерлердің кінәлі істерін тасадан тығылып көріп тұр­ғандай әсер қалдырады. Ұрлана қарау әдепке жатпағанымен, бар қызығы да сонда емес пе...