Мемлекеттік қызметтер мен құжат айналымын цифрландыру мақсатында тауарларға арналған ілеспе жүкқұжаттары енгізілуде. Бұл көлеңкелі экономика айналымының жолын кесу үшін жасалған қадам.
Тауарларға арналған ілеспе жүкқұжаты алдағы уақытта бірқатар құжаттың айналымнан алынып тасталуына жол ашады. Атап айтқанда, бұл акцизделетін тауарларға арналған ілеспе жүкқұжаттарын алмастырады. Бұған алкоголь, мұнай және темекі өнімдеріне арналған ілеспе жүкқұжаттары жатады. Бұдан бөлек бухгалтерлік есеп және есептілік туралы заңнамада айқындалған тауарды басқа жаққа жіберуге арналған жүкқұжаттарды, тауар-көлік жүкқұжатын алмастырады. Сондай-ақ тауарларды Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің аумағынан әкелу кезінде ресімделетін тауарларды әкелу және жанама салықтарды төлеу туралы өтініштің «көзін жоймақ».
Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Жайдар Іңкәрбаевтың айтуынша, тауарларға арналған ілеспе жүкқұжаты толықтай электронды форматта рәсімделеді. Сондықтан қағаз түріндегі құжат айналымы болмайды. Тиісінше, қағаз, принтер, пошта және мұрағат шығындары азаяды. Сонымен қатар құжаттаманы алу жеделдетіледі. Себебі жеткізуші ресімдегеннен кейін ілеспе жүкқұжаты бірден сатып алушыға түседі.
– Тауарларға арналған ілеспе жүкқұжаттың енгізілуі Еуразиялық экономикалық одақ шеңберіндегі жүк айналымын жеделдетеді. Көлік құралдары шекара арқылы жеделдетілген тәртіппен өтетін болады. Себебі бұрынғыдай құжаттардың қағаз түріндегі көшірмесін сканерлеудің қажеті болмайды. Жалпы, бұл жаңашылдық көлеңкелі тауар айналымының жолын кесу үшін қабылданған пәрменді шара. Өйткені ендігі жерде жалған, банкрот болған және әлдеқашан таратылған тұлғаларға құжат ресімдеу мүмкін емес, – деді Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингке қатысқан Ж.Іңкәрбаев.
Бұдан бөлек ілеспе жүкқұжаты жалған транзит фактілерінің алдын алуға ықпал етеді. Мәселен, 2019 жылы кеденнен өтетін жалпы автокөлік құралдарының 16 пайызы қосымша құн салығын төлеуден жалтару мақсатында тауар импортын жалған жүк алушыларға ресімдеген. Бұл әрбір алтыншы көліктің қосымша құн салығын төлемегендігін білдіреді. Сондай-ақ 2020 жылы транзиті тіркелген 81,7 мың автокөлік құралының 9,3 мыңы немесе 11 пайызы Қазақстан аумағында жанама салықтарды төлемеген. Бұдан келген залалдың жалпы құны 4,6 млрд теңгені құрады.
– Мысалы, 2020 жылғы 4 қыркүйекте тәуекелдерді басқару жүйесін қолдану нәтижесінде актокөліктерді өткізу пунктінде үш мәрте жалған транзит жасаған тасымалдаушы анықталды. Ол Ресей Федерациясынан Қырғыз Республикасына өтпек болған. Салықтық тексеру барысында тауарды нақты алушының Қазақстанда екені белгілі болды. Осылайша, 774 мың теңге көлемінде қосымша құн салығы қамтамасыз етілді, – деді комитет төрағасының орынбасары.
Қосымша құн салығын төлеуден жалтару схемаларының бірі – тауарға арналған ілеспе құжаттарды жалған алушыларға ресімдеу. Мәселен, 2020 жылы тауарларды жалған алушылардың атына тіркеп әкелудің 664 фактісі анықталған. Бұл бойынша орын алған залал 332 млн теңгені құрады. Мысалы, былтыр «БАНАНА ХИТ» ЖШС жалпы құны 483 млн теңгеге 235 автокөлік құралымен тауар импорттаған. Алайда аталған кәсіпорынның басшысы тауарлар импортына қатысы жоқтығы туралы түсініктеме берді. Шығын көлемі 58 млн теңгені құраған.
– Шағын кәсіпкерлік салықтан толық босатылса да, көлеңкелі айналымның үлесі әлі де жоғары екенін атап өткен жөн. Оған онлайн бақылау-кассалық машинасын қолданбау және сатып алушыларға чек ұсынбау жағдайлары дәлел, – деді ол.
Ж.Іңкәрбаевтың айтуынша, көлеңкелі айналымды қысқарту мақсатында тауарларға арналған ілеспе жүкқұжаты тауарлар айналымының шекарадан бөлшек саудаға дейінгі бақылануын жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
– «АСТАНА-1» кедендік ресімдеу және Электронды шот-фактуралар ақпараттық жүйелері сатудың барлық тізбегін бақылауды қамтамасыз ететін болады. Қазіргі уақытта осы жүйенің қанатқақты жобасы жүргізілуде. Бұл процесте қолданылатын жүйелердің барлығын қалыпқа келтіру үшін айыппұлдар мен басқа санкциялар қолданылмайды. Салық төлеушілердің өтініші бойынша қанатқақты жобаның мерзімі өзгерді. Атап айтқанда, акцизделетін тауарлар үшін 2021 жылдың 1 шілдесіне дейін, Еуразиялық экономикалық одақтан әкелінетін немесе одаққа мүше елдерге жөнелтілетін тауарлар үшін 2021 жылдың 1 шілдесіне дейін, виртуалды қойманың тауарлары үшін тиісті мерзім 2021 жылдың 1 қарашасына дейін шегерілді. Сондай-ақ Дүниежүзілік сауда ұйымының Алып қою тізбесіндегі және цифрлық таңбалау қолданатын тауарлар бойынша қанатқақты жобаның басталу мерзімі 2021 жылғы 1 ақпаннан 2021 жылғы 1 шілдеге, аяқталу мерзімі 2021 жылғы 1 шілдеден 2022 жылғы 1 ақпанға ауыстырылды, – деді Ж.Іңкәрбаев.
Бөлшек саудамен айналысатын салық төлеушілер үшін, мәселен, үй жанындағы дүкендер үшін тауарларға арналған ілеспе жүкқұжаты керек пе? Комитет төрағасы орынбасарының айтуынша, бұған қатысты заңнамада ерекше ережелер белгіленген.
– Мұндай салық төлеушілер ешқандай виртуалдық қойма жасамауы керек. Олар тек сатып алынған алкоголь өнімдеріне немесе темекіге арналған тауарларға арналған ілеспе жүкқұжатын растайды. Мұндай рәсімді Play market платформасында қолжетімді «Электронды шот-фактуралар ақпараттық жүйесі» тегін мобильді қосымшасының көмегімен жүзеге асыруға болады. Оған қалай тіркелуге болатыны және жеткізушіден алынған құжатты қалай растау керектігі туралы бейнесабақтар комитеттің сайтына және YouTube арнасына орналастырылған. Қалған тауарлар бойынша алынған өнімді растау талап етілмейді. Тауарларды өткізу бойынша онлайн бақылау-кассалық машинасы арқылы чекті басып шығару қажет. Мұндай өткізулер үшін тауарларға арналған ілеспе жүкқұжатын ресімдеудің қажеті жоқ. Салық төлеушілердің виртуалды қоймасында онлайн бақылау-кассалық машина чектері бойынша өткізілген тауарларды есептен шығармау заңнаманы бұзу болып есептелмейді, – деп нақтылады ол.