Шарапатқа шөлдеген адамға демеу болу, қамқорлық көрсету кез келген адамның қолынан келуі әбден мүмкін. Ең бастысы, көкіректе ақ пейіл, жан дүниеңде жанашырлық сезім болса болғаны.
Ерейментау ауданында халқымыздың сан ғасыр бойы сабақтасып келе жатқан әдемі салт-дәстүрінің бірі – қайырымдылық қағидаттары соңғы уақытта мәні мен мазмұнын айғақтап, өміршеңдігімен өнеге болып, тіпті тереңдей түсуде. Әсіресе жас толқынның бойында адамгершілік, парасаттылық, ізгілік қасиеттерінің менмұндалап тұратындығы көңіл демейді. Аудандағы еріктілер қоғамның көптеген саласын толайым қамтып отыр. Олар мұқтаж адамдарға, әлеуметтік-тұрмыстық жағынан аз қамтылғандарға қолұшын созуда. Сондай-ақ ел ішіндегі өзекті мәселелер де назардан тыс қалмаған. Адамға ғана емес, табиғатқа да жанашырлық жасап жатқандығын көріп, ел ертеңін ойлаған жас буынның көңіл көкжиегіне тәнті болатының бар.
Бәрі қалай басталып еді? Әдетте ұшқын жалынға ұласады. Ел болып еңсе көтерген Волонтер жылы шеңберінде ауданның әрбір селолық округінде еріктілер орталығы құрылды. Жан дүниесінің қалауымен жақсы іске жұмылған жастар жүздеп саналады. Құлаққағыс ретінде qazvolunter.kz сайтында тіркелген еріктілердің жанашырлық қызмет аясы уақыт өткен сайын кеңейе түсуде.
Қысы қатал, қары мол өңірдегі жастар сын сағатта қолы қысқа адамдарды қамқорлықтарына алды. Олар жалғызілікті жандардың аулаларын қардан тазалап, азық-түліктерін уақтылы жеткізіп беріп отырса, көктем туғалы су тасқыны болуы мүмкін аймақтарда бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып жұмыс істеп жүр. Сөзіміз дәлелді болуы үшін еріктілердің 70-тен астам зейнеткерге, 20-ға жуық көпбалалы отбасына, он шақты жалғызбасты анаға нақты қамқорлық көрсеткенін ерекше айта кетуге болады.
Жақсы ісі үлгі, өміршең өнеге болып сабақталған, ел ішінен екшелген еріктілер жыл басынан бері ұзын-ырғасы мыңнан астам адамды қамтитын отызға жуық ірілі-ұсақты шара өткізді. Барлық шараның мақсаты бір арнада тоғысып жатыр. Ол ең алдымен туған жердің төсінде әлдебір жағдаймен ешкімнің кемдік көріп, қатардан қалмауы. Жан жүректері жабырқап, жалғызсырамауы. Бірлесе атқарған көп жұмыс бірліктің туын биіктетті, жалынды жастарды жалпақ елге сүйікті етті. Әсіресе «Біз біргеміз», «Сүйікті ісіңмен айналыс» тәрізді акциялардың шарапаты көп болды. Жастар 8 наурыз күні өңірдегі дәрігерлерді құттықтап, ерлікпен пара-пар еңбектеріне лайықты құрмет көрсетті.
Селолық округтердегі ауыл жастары «Қамқоршылар» бағдарламасына белсене атсалысты. Қиындықтан қаймыға қоймайтын жас толқын көпбалалы және әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларына жаман тұмаудың жолын кесетін дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етті. Қарға адым жер мұң болып қалған шақта қариялардың ас-суына да қарайласты. «Қызыл Жарты Ай» қоғамымен бірлесе, жергілікті жомарт жандардың көмегімен жетпістен астам отбасына азық-түлік, шаруашылық тауарлары тәрізді қажеттіліктерін жеткізіп берді. Волонтерлер дерт өршіп кеткен тұста әлеуметтік нысандарды зарарсыздандыруға қатысты. Емдеу мекемелерімен бірлесе отырып, қорғаныс шараларын қалай жүргізу керектігі туралы бейнебаяндар түсіріп, әлеуметтік желі арқылы көрермендер назарына ұсынды. Карантин кезінде 15 ерікті емхана дәрігерлеріне қолғанат болды. Олар есепте тұрған, созылмалы сырқаты бар адамдарға қажетті дәрі-дәрмектерін апарып, алғыстарын арқалады.
Әлеуметтік желі арқылы ел еңсесін көтеру үшін инабатты, иманды шаруаларды насихаттауға да тізе қосып кірісті. Осынау шаралардың нәтижесі ел ішінде желдей есіп, халықтың рухын көтеріп, тез тарап отырды. Оның да жақсы жағы бар. Ауыл-аймақтың бірлесуіне, ауызбіршіліктің артуына ықпалы тимек.
Сәтімен сабақталған іс Біржансал ауданында да өрістеуде. Аудандағы тоқсанға жуық волонтер ортақ мақсат жолында еңбек етуде. Олар өзге өңірлердегі тәрізді қоғамның осал буынын есепке алып, қамқорлық көрсетуде. Көпбалалы және әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға қажетті киім-кешек жинастырды. Демеушілердің көмегімен азық-түлік себеттерін таратты. Әсіресе ақпараттық-түсіндіру жұмыстары тиянақты жүргізілуде. Дерт тырнағына ілінбеу үшін қалай қорғану керектігі тәптіштеп түсіндірілген үнпарақтар таратып, ел ішінде түсіндіру жұмыстарын ұйымдастырды. Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында «Қайырымды істер сапары» акциясының шеңберінде «Семізбай-U» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жалпы құны 300 мың теңге тұратын азық-түлік себетін отыздан астам отбасына жеткізіп берді. «Біз біргеміз!» акциясы аясында 1 800 000 теңгенің көмегі көрсетілді. Аудандық провизорлық орталыққа екі оттегі концентраты, 45 комбинезон және медициналық халаттар мен төсек жабдықтарын алып берді. Бұл іске 2 700 000 теңге қаражат жұмсалды.
Республикалық «Мың алғыс» акциясын белсенді қолдаған жастар Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің отбасылары мен тыл ардагерлеріне 400 мың теңгенің көмегін көрсетсе, Kaz Beef жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ізгілікті іске 2 730 000 теңге бағыттады.
Иманды шаруадан дін өкілдері де сырт қалған жоқ. Аудандағы Әшім ата мешітінің ұжымы республикалық «Мың алғыс» акциясына қолдау көрсетіп, көпбалалы және әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға 300 мың теңгенің жәрдемін берді. Балаларды қорғау күніне орай «Семізбай-U» серіктестігі 615 мың теңге көлемінде жанашырлық жасаса, астана күніне орай 400 мың теңгеге мұқтаж адамдарға қамқорлық жасады.
Өңірдің өңін адамгершілікке негізделген жанашырлық істер жақсарта түсуде. Дарқан дала төсіндегі сан ғасыр бойы сабақтасып келе жатқан жомарттықтың тіні осылайша біріккен бірлікке, ұйыған ұйымшылдыққа ұласып, ізгілік отын лаулатып жалғасып келе жатқаны қандай жарасымды.
Ақмола облысы