Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мен «Астана» Халықаралық қаржы орталығының ұйымдастыруымен алғаш рет Business Integrity Forum өтті.
Форум жұмысына Қазақстан Президентінің экономикалық даму мәселелері жөніндегі штаттан тыс кеңесшісі С.Чакрабарти, «Астана» ХҚО басқарушысы, Стратегиялық жоспарлау жəне реформалар агенттігінің төрағасы Қ.Келімбетов, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы А.Шпекбаев, Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Р.Жүрсінов, отандық және шетелдік бизнес, дипломатиялық корпус, халықаралық ұйымдардың өкілдері, сондай-ақ салалық мемлекеттік органдар басшылығы қатысты.
Қ.Келімбетов форумға қатысушылардың назарын «Астана» ХҚО Елбасының бастамасымен «Бес институционалдық реформаны» іске асыру аясында құрылғанына аударды. Оның айтуынша, осы бес реформаның үшеуі бизнесті дамытумен байланысты болды. С.Чакрабартидің пікірінше, сыбайлас жемқорлық, ең алдымен, елдің беделіне үлкен зиян келтіреді. Сондай-ақ сыбайлас жемқорлық салық салу, білім беру және денсаулық сақтау жүйесінің бұзылуына, адам капиталының төмендеуіне әкеледі, инвестицияларды азайтады. Осыған байланысты ол сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес үшін барлық құралдарды пайдалану қажеттігін атап өтті.
Өз кезегінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет басшысы А.Шпекбаев инвесторларды сыбайлас жемқорлыққа қарсы сүйемелдеу жобасына, комплаенс қызметтерінің жұмысына, мемлекеттік қызметтерді электрондық форматқа көшіруге және заңнамалық өзгерістерге ерекше назар аударды.
Шетелдік және отандық инвесторлардың құқықтары мен мүдделерін қорғау – агенттіктің басты басымдықтарының бірі. Атап айтқанда, агенттік «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп 2018 жылдан бастап кәсіпкерлік субъектілері тап болатын барлық процестерді сыбайлас жемқорлыққа қарсы сүйемелдеуге арналған Protecting business and investments жобасын іске асыруда. «Бүгінде агенттік жалпы сомасы 38 млрд АҚШ долларын құрайтын 650-ден астам инвестициялық және бизнес-жобаларды сыбайлас жемқорлыққа қарсы сүйемелдейді. Инвестициясының жалпы сомасы 20,9 млрд АҚШ долларын құрайтын әр бесінші жобада шетелдік қатысу бар», деді А.Шпекбаев. Оның айтуынша, бизнес-құрылымдардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты белсенді пайдалануы – агенттік қызметінің тағы бір маңызды бағыты болып саналады. Ол бизнесті жүргізу кезінде парасаттылықтың мызғымас стандартқа айналуы тиіс екенін атап өтті.
Бұл мәселеде, оның пікірінше, халықаралық деңгейдегі корпоративтік секторда кеңінен дамыған комплаенс-қызметтерді қолдану тәжірибесі маңызды. Бүгінгі таңда комплаенс құрылымдары «Самұрық-Қазына» қорында және оның құрамына кіретін 12 компанияда жұмыс істейді. Сонымен қатар, комплаенс-қызметтерді құру бойынша жұмыс Қазақстанның ірі жеке компаниялары тарапынан қолдау тапты. А.Шпекбаев атап өткендей, агенттік жұмысының келесі бағыты – бизнесті жүргізуге кедергі келтіретін лауазымды тұлғаларға қатысты қылмыстық қудалау шараларын іске асыру.
«Қабылданып жатқан жүйелі және кешенді шаралардың нәтижесінде сыбайлас жемқорлық қылмыстарының саны жыл сайын тұрақты түрде төмендеп келеді. Атап айтқанда, 3 жыл ішінде 11%-ға төмендеді. Мыңнан астам кәсіпкердің құқықтары мен мүдделері олардың қызметіне заңсыз араласудан қорғалды», деді агенттік төрағасы.
Отандық және шетелдік бірқатар компанияның өкілдері бизнестің өзекті проблемалары мен оларды шешу мүмкіндіктері туралы пікірлерін білдірді. Сондай-ақ форум алаңында Корея, Иордания және Нидерланд елшілері бизнес пен инвестицияларды қолдау бойынша өз тәжірибелерін таныстырды. Иорданиялық дипломат Юсуф Абдельгани екі ел арасындағы еркін сауда аймақтарын құру және дәрі-дәрмек пен киім шығаратын зауыттар салу мәселелеріндегі ынтымақтастықтың мүмкіндіктеріне тоқталды. Қатысушылар іскерлік ахуалды жақсарту келешегін, мемлекет пен бизнес арасындағы өзара қарым-қатынастарды трансформациялауды, сондай-ақ пандемиядан кейінгі дағдарысты бірлесіп еңсеру шараларын талқылады.
Форум жұмысының қорытындысы бойынша бизнес-қоғамдастық өкілдерінің барлық ескертулері мен ұсыныстары одан әрі пысықтау үшін Үкіметке жіберілетін болады.