Өңір тұрғындарының медициналық қызмет алуға қол жетімділігін арттыру мақсатында Алматы облысында ауыз толтырып айтарлықтай жұмыс істеліп жатыр, деп хабарлайды Egemen.kz
Бүгінде аймақта 235 дәрігерлік амбулатория, 104 фельдшерлік-акушерлік пункті және 220 медицина бекеті бар.
Жалпы, тұрғындарының 80 пайызға жуығы ауылды мекендейтін аймақ үшін бұл көрсеткіш жақсы болғанымен, мәселені толық шеше алмайды екен. Яғни, облыстағы 2 млн жанның басына шаққанда алғашқы медицина көмегін көрсететін орындардың тапшылығын жою үшін әлі де біраз уақыт керек. Ал атқарушы биліктің сұранысқа ие елді мекендердегі емханалардың жұмысын жандаруға күш салып-ақ келеді. Ал қазіргідей пандемия жағдайында ақ желеңді абзал жандардың жұмысына деген құрмет мен сын да арттаыны сөзсіз. Жетісулық дәрігерлер осы талап үдесінен шығып отыр деуге толық негіз бар.Мысалы, жұқпалы індетпен күрес жағдайында қалтқысыз қызмет көрсетіп отырған медицина мекемесінің бірі – Іле ауданына қарасты Боралдай кентіндегі аудандық аурухана. Бұл мекеме Боралдай кенті, Водник, КазЦИК, Комсомол, Чапай, Междуреченск ауылдарының тұрғындарына медициналық қызмет көрсетіп отырған әрі Өтеген батыр кентіндегі орталық ауруханадан кейінгі аудандық аурухана мәртебесіне ие екен. Қазір мұнда стационар бөлімі, күндізгі стационар бөлімі, қабылдау бөлімі, онколог-мамолог, эндокринолог, стоматолог, хирург, гинеколог, неврапатолог, рентгенолог, окулист, УДЗ кабинеті, психолог, әлеуметтік қызметтер мамандары, учаскелік жалпы тәжірибелік дәрігерлер бөлімі жұмыс жасайды. Ауруханадағы заман талабына сай алынған лапароскопия аппараты тұрғындардың дертін дөп басып анықтап, дертіне шипа болып тұрғанына науқастар дән риза.
«Лапароскопиялық технология дегеніміз науқастың ішкі ағзасына отаны тілік жасамай емдейтін хирургияның жаңа әдісі. Осы тәсілмен әртүрлі оталар жасалынуда. Бұл жұмысты өз ісінің маманы, аурухананың хирургия бөлімінің меңгерушісі Нұрбол Нұржанов қолға алған. Дәрігер-хирург ота жасауды өзі жүргізеді. Сондай-ақ, емханада ультрадыбыстық зерттеу, сүт бездерінің рентгенологиялық зерттеуі, сүт бездерінің пункциондық биопсиясын зерттеуге арналған мамография аппараты алынды.Бұл аппаратпен 40 жас пен 70 жас аралығындағы әйелдерді сүт безінің қатерлі ісігінің алдын алу мақсатында тексеру жүргізеді», дейді Боралдай кентіндегі аудандық аурухананың бас дәрігері, «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» Дариға Садыкова.Боралдайдағы бұл ауруханада 75 дәрігер, 125 медбике жұмыс істейді екен. Бүгінде коронавирус індетінің таралуы асқынған сайын дәрігерлердің кәсіби қызметіне сұраныс артып, жауапкершілік жүгі еселей түскен.
Ал ауруханада еңбегімен ел алғысына бөленіп жүрген ақ желеңді абзал жандар көп. Мысалға, дәрігер-терапевт Алма Айдарбекова, лаборатория бөлімінің меңгерушісі Ардақ Оспанқұлова, жалпы тәжірибелі дәрігерлер бөлімінің меңгерушісі Самал Ақыбаева мен балалар дәрігері Ұлбибі Ахметалиева сынды дәрігергерлерді атап айтуға болады.
«Боралдай аудандық ауруханасының қызметкерлері де жұқпалы індет жаппай таралған кезеңнен бері, яғни, былтырғы наурыз айынан бастап асқан жауапкершілікпен жұмыс істеп келеді. Аурухана базасында он төсектік провизорлық бөлімшесі ашылып, ол қазіргі уақытқа дейін жұмыс істеп тұр. Сақтық шаралары қатаң түрде сақталып, барлық қызметкерлер жеке қорғаныс киімдерімен қамтамасыз етілген. Дәрігерлер мен медбикелер осындай қиын сәтте өздерінің еңбектерін шыңдап, үлкен тәжірибе жинақтады», дейді бас дәрігер Дариға Балтабекқызы.