Көргенде көз тоятын көркі, сымға тартқандай сымбаты болса, актерлік шеберлігі атойлап тұрса, бес қаруы бойында тұрған сахна әртісіне осыдан басқа не керек деп ойлаймыз.
Сахна сұлулықтың мекені саналған соң басқаша болуы мүмкін де емес. Бірақ актердің даралығын айқындайтын тағы бір талап бар және басты талап, ол – дауыс. Дауыс – адам болмысының сыртқы айнасы. Сахна өнері үшін тіл мәдениетінің орны бөлек.
Жай адамның дауысының қырық түрлі қатпары болғанда, түрлі кейіпкердің көңіл күй реңкін, жан толқынысын жеткізетін актер дауысына қойылатын талап екі есе күшті болатыны белгілі. Актер дәл осы дауыс арқылы көрерменнің есінде қалады. Жақсы дауыс – актердің жарты бақыты. Күлдің астына көміп қойса да, күркіреп шығатын кешегі Шәкен Айманов пен Ыдырыс Ноғайбаевтардың, бір «Қыз Жібек» фильмінде әрі Жібектің сөзін дыбыстап, әрі жеңгесі болып сызылған, кемелденіп қалған жасында сотқар «Қожа» болып сөйлеген Фарида Шәріповалардың дауысы тарландар талантының қайталанбас қыры қатарында әлі күнге аталады. Ұмытылмайды. Өкінішке қарай, үн, дауыс, сахна тілі – көңіл күй реңкін жеткізудің керемет аспабы екенін бүгінде санаулы әртістер ғана дәлелдеп жүр. М.Әуезов атындағы Ұлттық театрдың орта буындағы әртістері арасынан Гүлшат Тұтованы спектакльдерден көрген сайын дауысына назар аударатынымызды байқаймыз. Дауысынан да, ойын өрнегінен де классикалық дәстүр мектебінің ізін көреміз. Құлақ құрышын қандыратын бояуы қанық, сандуғаштай сайраған ашық дауысы қашан да еліктіріп, сахнадағы ойынына зер салып қарауға міндеттеп тұрады.
Актриса не оқығанын, не білетінін, өнерінің қандай деңгейде дамығанын дауысы арқылы білдіреді. Сөзінде сурет, дауысында сиқыр бар. Гүлшатқа кеңірдегін созып айғайлаудың керегі жоқ, айғайламаса да дауысында батпандай салмақ, зіл жатады. Сыбырлап сөйлегенін түкпірдегі адам естиді. Жанында ойнап жүрген кейбір жас актерлер жау қуғандай асығып-аптығып сөйлеп, сөзіне қақалып-шашалып жатқанда, әр сөзі нысанаға көзделген жебе секілді сахнаны жарып өтіп, кеудеге келіп қонақтап, қыздырып, күйдіріп өтеді. Дауыстың да интеллектісі болатынын Гүлшатқа қарап толық пайымдауға болады.
Салиқалы, сабырлы мінезінен айнымайтын Гүлшат өз қатарынан кешірек танылды. «Өнер – бәйге» деп екі өкпесін қолына алып жүгірмеді. Гүлшат ешқашан Қарагөз, Еңлік, Баян болып ойнамады. Ол үшін өкінбейді. Бірақ бұл үшін ешқашан режиссерлерді, көркемдік жетекші, директорларды кінәлап көрген емес. Себебін тек өзінен іздеді. Себебі нағыз танылатын шағында дүниеге перзенттерін әкеліп, отбасындағы Еңлік пен Қарагөздерді тәрбиелеп, рөл ойнап көрінетін кезінде бала бағып, декреттік демалыстарда отырды. Тағдырдың сынағын да аз көрмеді. Бір жасында дәрігерлер салған антибиотиктің салдарынан құлағы тарс жабылып, саңырауға айналған қызы Әйгерімді жиырма жыл бойы түрлі емхана кабинеттерінің есігін тоздырып, табандылықпен емдетті. Сыныптастары құлағындағы аппаратын жұлып алып, құрбылары кемсітіп, үйге жылап келетін қызын іші қан жылап тұрып жұбатудан, жігерлендіруден жалықпады. Анасының күтімінің, сенімінің арқасында Әйгерім Тұтова бүгінде ел таныған әншіге айналды. Польшада өткен байқауда бірінші орын алып, Қазақстанның көк туын желбіреткенде анасы көз жасына ие бола алмады. Жақсылық жалқы болмай, жеңістің соңы Әйгерімнің Санкт-Петербургтегі жеке шығармашылық концертіне жалғасты. Жапон композиторы қазақ әншісіне арнап ән жазып, Жапонияда жеке концертін өткізуге шақырды. Осының бәрі ең алдымен, анасы Гүлшаттың еңбегінің жемісі. Гүлшат ең үлкен міндетін – перзент алдындағы аналық парызын орындады.
Әртіс үшін өмір бойы ортақол әртіс болып жүруден асқан қасірет жоқ. Тасада жүрген театр әртісі Гүлшатты кино саласында көрерменге тұңғыш рет таныстырған режиссер Еркін Рақышев болатын. Мейлі, «кәсіби деңгейде түсірілмеген фильм» деп кінәласын, сын айтсын, мін тақсын, бірақ Гүлшат Тұтованы халыққа таныстырған «Жетімдер» фильмі еді. Көрермен пікірі сан қилы болса да, халық фильмді қабылдады. Себебі Гүлшат өз рөлімен көрерменнің қабылдамасқа амалын қалдырмайтындай дәрежеде жұмыс істеді. Үлкен өнердің жолында жүрген соң өміріне жарқыл, жарылыс керек екенін, тұрмыстан биіктеп, жұмысқа белсене кірісу керек екенін түсінді. Өзін осы жолы актриса ретінде дәлелдемесе, әрі қарай жүре берудің мағынасыз екенін, отбасы, ошақ қасынан ұзай алмай қалатынын сезінді. Жүрегіне от берген сол жарқылды актрисаға Е.Рақышев сыйлады. Тәңірдің бұл сыйы үшін Гүлшат режиссерге рахметін жаудырғаннан жалыққан емес.
Шығармашылық жауапкершілігі зор классикалық спектакльдердегі рөлдер Гүлшаттың оң жамбасына жақсы келеді. Жастау кезінде ойнаған сұлулар мен арулардың образы уақыт өте келе жеңгелер мен бәйбішелердің рөлімен алмасты. Сахна тілінде «переход» деп аталатын үйреншікті бір күйден қарама-қарсы күйге ауысу актерден кәсібилікті қажет етеді. Ару қыздардан соң, өз жасындағы келісті келіншектердің бейнесінен кейін мінезді, адуынды бәйбішелер мен кексе әйелдердің келбетін жасау актрисаға оңайға соқпаса да, Оразхан Кенебаев секілді талапшыл режиссердің көмегімен оны да тез-ақ меңгеріп алды. Әйтпесе сексендегі әженің рөлінде ойнап тұрып, көзін аударып-төңкеріп, сынықсып жүріп, сылқылдап күліп, қырықтағы қылықты мінезін көрсетіп, сахнада өзін ойнап жүретін актрисалар аз емес. Көрерменнің күлкісін шақыратын мұндай біліксіздікті Гүлшаттың бірде-бір рөлінен көрмейсің. Алдыңғы толқын апаларының ойынын, әсіресе «переход» жасаудың айтулы шеберлері Ғазиза Әбдінәбиева мен Данагүл Темірсұлтанова сынды әпкелерінің әр жасаған образын қадағалап, кәдесіне жарайтын бір үлгіні табуға, зердесіне пайдалы ой түйіп қалуға тырысып жүреді.
Жастау күнінде Асанәлі Әшімов айтты деген бір сөзге қатты таңырқаған еді. «Құмарыңнан шығып бір ойнайын десең, сахнада лайықты серіктесің жоқ. Бәрі кетіп қалды» деген қамыққан сөзін естігенде, Гүлшат «серіктесі жоғы несі, жүрген жоқпыз ба?» деп ойлаған екен. Күпірлік болыпты. Өзі де орта буынның өкіліне айналған кезде, алпыс жылдан артық өмірін сахнаға арнап, таланты бірінен бірі асып, тамсандырар ойын өрнектерін көрсеткен тарландарын аңсаған Асанәлі ағасының сөзін бүгінде бүкіл жұлын-жүйкесімен түсінеді. Сахнада бірге ойнап жүрген серіктестердің қас-қабақтан түсінісіп, ойнамасына, шабыттанбасына қоймай бірін-бірі үйіріп, жетектеп ала жөнелетін шеберлігінің маңызын енді өзі де сезіне бастаған. Әркімнің өзіне лайық серіктесі болса, суда жүзген балықтай еркін жүріп, от болып лапылдап жанып, сахнаны гүлдендіріп жіберетінін ұқты. Сондықтан өзінен мықты әріптестерімен бірге ойнаған кезде «шаппа-шап», сөзі мен әрекетін іліп алып, әрі қарай тұтандырып жіберетін тәсілдер табуға төселіп алған. «Бес бойдаққа бір той» спектакліндегі Қазақстанның халық әртісі Нүкетай Мышбаева апасының меншікті рөлінің ізбасары болғанда, корифейдің образына карикатура жасағандай күлкіге қалып жүрмейін деп, жауапкершілікті терең сезіне жүріп, жанын салып ізденді. Бұл аз болса, сахнада Бекжан Тұрыстай сайыпқыранмен бірге ойнау екі есе жауапкершілік жүктейді. Сахнада ойнап жүріп табан астында бір детальді ойлап тауып, адамның түсіне де кірмейтін тосын әрекеттер жасайтын Бекжан ағасының жасағанын қағып алып, әрі қарай дамытып әкетпесе, енесінен адасқан қозыдай айдалада маңырап қалатыны анық. Нүкетай апасы спектакльді келіп көріп, бас бармағын білеп бағасын, қолын жайып батасын беріп, соңынан сыйлығын қоса тарту еткеннен кейін ғана екі иығынан жүк түскендей көңілі тыншыды.
Бүгінгі күн ізденісті қажет етеді. Себебі қазіргі көрерменнің талғамы биік, өресі жоғары. Кешегі күнгі болмашыға жылай салатын, күле салатын аңғал көрерменді бүгін таппайсың. Сахна айна секілді, сәл ғана қателігіңді сезіп қояды.
«Қазақстан» ұлттық арнасы түсірген ұлы ақынның үш кезеңнен тұратын жасын тұтас қамтыған алты сериялы «Абай» фильмінде бас кейіпкердің анасы Ұлжанның рөлінде ойнады. Сахнада да, кинода да ұлы ойшылды ойнап танылған, жасы да, шеберлігі де өзінен көш ілгері Болат Әбділманов секілді өнер майталманының шешесі болып, оған ақыл айтып, өз образын қанаттана сомдап, сенімді алып шықты.
Гүлшат Тұтованы кәсіби деңгейдегі актерлердің қатарына қосқан үлкен рөлдерінің бірі – Әпіштің бейнесі. Жүрген жері ойын-сауық, айналасына қыз-келіншектерді ертіп, өзіне талай аруды ғашық еткен Біржан салдың балаларын өмірге әкеліп, босағасын адалдықпен күзеткен Әпіш бұл. Режиссер Досхан Жолжақсынов Гүлшаттың бейкүнә баланың жанарындай тазалық тұнып тұратын көздеріндегі қоңырқай мұң мен дөңгелек жүзі үшін ойланбастан осы образды ұсынған еді. Қателеспеді. Мұндай рөлдің уысына күнде түсе бермейтінін білген Гүлшат Асқар Сүлейменовтің «Адасқағын», ақынның Әпішке арнаған өлеңін қайталап оқып, алты айын арпалыс пен толғаныста өткізді. Түсіру алаңына барғанда шын толқыды. Біржан тоқал аламын деп отыр. Қайтпек керек? Көз алдына елестетті. Сарықарын бәйбіше жасына жеттім дегенімен, бұл да әлі жас, қылығы әлі қалған жоқ, қызуы, қызығы басылған жоқ. Сөйте тұра өз балаларының әкесі үстінен тоқал аламын деп тұрса, бұл қалай қабылдаған болар еді? Әпішті түсінгісі келді, бірақ ішіне қызғаныштың қызыл шоғы түсіп кеткен екен, жанын өртеп, жалаңдаған от кеудесін қарып, ішін түгел жандырып, кеңірдек-кеңсірігіне дейін удай ашытып күйдіріп барады. Көзіне жас келді. Бірақ өзінің ғана емес, Біржандай ел еркесінің абыройын биік қойған Әпіш тектілігін танытып, ел алдында басқа сөзді айтуға мәжбүр. Бар қайратын жиып алып, жанарында тығылып тұрған жастың бір тамшысын да үзіп алмай, көзіне іркіп алған күйі күліп тұрып кең әйелдің мінезін көрсетті. «Азаматтың ары тапталып жатқанда, бір қатынның жаны садаға». Ұлттық киноға сусап қалған көрермен нағыз қазақ әйелінің бейнесін көріп сүйсінді. Ақылды, парасатты мінезіне қарқарадай жаулығы жарасып, кеудесін тік ұстаған Гүлшаттың кернейіне жеткізіп, келістіріп тұрып айтқан сөзін көрерменнің ұнатқаны сондай, қанатты сөзге айналдырып, орайы келгенде өздері де қолданатын болды.
Гүлшаттың дауысы дара дедік, себебі бар. М.Әуезов театрының мерекелік, ойын-сауық кештерінде халық әні «Балапан қазын» сызылтып шығатын Гүлшат актриса болмағанда, әншілік өнердің жолын қуған танымал өкілдерінің бірі болатынына еш күмәнсіз бәс тігуге болады.
Бұл өлке – біздің ауыл
жайлаған жер,
Желіге асау құлын
байлаған жер.
Көзіме от-жалындай көрінеді,
Құрбыммен құлын-тайдай
ойнаған жер.
Е-е-й, ахау сабаз,
Ұшырған ұясынан балапан қаз».
Сезімнің нәзік иірімін сурет арқылы астарлы айтқан әсем әннің өзегіндегі кеудені қаритын арман мен мұңды дәл Гүлшаттай жеткізетін әнші кемде-кем. Ән емес – драма. Бүлкілдей аққан күретамырдағы қанмен бірге бой-бойға шымырлай тарап, сазды әуенмен бірге төгілген күйік аралас аңсарды баяғының әжелеріндей бас изеп отырып, саф дауыспен айтылған сұлу әнді сіміре бересің.
Тұяғымен жер тарпыған кіл дүлдүлдер мәртебесін көтеріп кеткен қара шаңырақтың дәстүрін өзінше жалғастырып келе жатқан кейінгі буынның арасында айрықша көзге түсетін Гүлшат Тұтова, бастысы, өзіне, өнеріне адал. Адалдықтың адамды көштің соңында қалдырып көрген жері жоқ. Самсаған саңлақтар мен жұтынған жүйріктер шапқан өнер аламанында дара дауыс иесінің демінің дәл құлақтың түбінен естілетіні де сондықтан болса керек.