Павлодар облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, індетке шалдыққандар қатары күрт артқан жағдайда өңір дәрігерлері барлық ем-шараларды көрсетуге дайын. COVID-19-ға қарсы іс-қимыл жөніндегі жедел штабтың кезекті отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың елдегі эпидемиялық ахуал жөніндегі кеңесте берген тапсырмаларын орындау мәселелері қаралды.
Павлодар қалалық №4 емханасының бас дәрігері Арман Отарбековтің айтуынша, екпе алуға келген адамның ағзасы толық тексеріледі. Бірде-бір вакцина адам ағзасын аурудан толық сақтай алмайды. Ал Спутник V препаратының тиімділігі жоғары. Вакцина дәрі емес. Сау адамның бойында жаңа вирусқа қарсы иммунитет қалыптастырады. Сол арқылы екпе алған адамның ағзасы вируспен оңай күреседі. Індеттің асқынуына жол бермейді.
Өңірде соңғы күндері індет жұқтыру белгілерімен ауруханаларға жатқызылған науқастардың саны шамамен екі есеге артты. Басқарманың мәліметінше, қазір ауруханаларда 440 науқас емделуде, оның 25-і жан сақтау бөлімдерінде, 6-ы өкпені жасанды тыныстандыру аппаратына қосылған. Өңірде ауырлығы орташа және ауыр дәрежедегі індет жұқтырушы науқастардың саны артқан. Тәулігіне орта есеппен 30 коронавирус инфекциясы жағдайы тіркеліп отыр. Науқастар ауруханалардағы 1 394 инфекциялық төсектік орынның төрттен бір бөлігінде ем қабылдауда. Мысалы, 8 сәуірде 34 адам індет жұқтырса, 50 адам індеттен жазылып шыққан.
– Егер вакцина саны екпе салуға жеткілікті болса, облыс орталығындағы сауда орталықтарында жасауға болады. Қазір бұл мәселе Индустриялық-инновациялық даму және Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармаларымен келісілді. Екпе алғысы келетін тұрғындарға сауда орталықтары алаң беруге дайын, – дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Айдар Сейітқазинов.
Денсаулық сақтау министрлігі өңірімізге вакцинаның 92 950 бөлігін жіберген. Жұқпалы инфекцияның таралу көрсеткіші артса, тәулігіне 3 350 ПТР-тест жасайтын 6 зертхана жұмыс істейді. 11 оттегі стансасы дайын, 8-і ковидтік стационарларда орнатылған, 1 484 төсектік орын оттегімен, ауруханалар 11 компьютерлік томография, 82 рентген аппараттымен жабдықталды. Медициналық мекемелердің барлығында жеке қорғаныс құралдары мен дәрі-дәрмектердің 45 күндік қоры бар. 580 медициналық қызметкерден жасақталған резерв құрылған.
Қазіргі таңда «Гам-КОВИД-Вак» препаратының І компонентін облыстың 6 018 тұрғыны, II компонентін 2 856 адам қабылдады.
Ал облыс әкімдігі кәсіпкерлердің жұмысы шектелмегендіктен, бизнес-қауымдастықты санитарлық талаптарды сақтауға шақыруда. Шағын және орта бизнестің жұмысын үйлестіру үшін COVID-19-ға қарсы іс-қимыл жөніндегі штаб құрамына «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасының өкілдері қосылатын болады. Өңірдегі ірі және шағын кәсіпорындарда да екпе салу басталды.
– Індеттің алдын алудың ең тиімді шарасы – екпе алу, – дейді мамандар. – 8 сәуірде өңірге 11 мың Спутник V вакцинасы келіп, оны ауруханалар мен емханаларға беру басталған. Соңғы айларда вакцина алғандардың қатарындағы тізімде егде жастағы тұрғындар да көбейген, олардың саны мыңнан асқан.
Облыс орталығындағы №1 қалалық аурухананың күйіктен емдеу бөлімшесінің меңгерушісі Марат Қанжығалиннің айтуынша, ол екпені ең алғашқы болып салдырған. Мараттан басқа облыстың 171 медицина қызметкері «Гам-КОВИД-Вак» препаратын алғашқы болып қабылдаған.
– Екі кезеңнен тұратын екпе алған соң да ағзамда ешқандай теріс әсер болған жоқ. Өзіңнің індеттен қорғануың үшін қажет. Тегін жасалып жатқан мүмкіндік. Сондықтан тұрғындарды екпе алу шарасына қатысуға кеңес берер едім, – дейді дәрігер.
Емхана тіркеуінде тұрған мұғалімдер, прокуратура, сот, полиция департаментінің мамандары да екпе алуда. Тұрғындарды шақыру мақсатында үгіт-насихат жұмыстары жүргізілуде. Бұл шара телефон, емдеу мекемесінің әлеуметтік парақшасы, сайт, Whats App желісі арқылы ұйымдастырылуда. Екпе алғысы келетін адамдар учаскелік дәрігерлеріне хабарласып, жеке мәліметтерін қалдыра алады. Мамандар оны тізімге қосып, препарат емханаға түскен бойда алуға шақырады. Жалпы, 7 сәуірдегі мәлімет бойынша I компонентте 10 632 адам, II компонентте облыстың 4 895 тұрғыны вакцина алды. Тұрғындар індетке қарсы екпе алу үшін egov.kz электронды порталында тіркеуден өтіп, өтінім беру арқылы жазыла алады.
Павлодар облысы