Осыдан тұп-тура 60 жыл бұрын Байқоңыр ғарыш айлағынан «Восток-1» кемесі әуеге көтеріліп, адамзат баласы алғаш рет ғарыш кеңістігіне көтерілген болатын. Содан бері 12 сәуірді Дүниежүзілік авиация және ғарышкерлер күні ретінде атап өтіп келеміз. Биыл да солай. Елордадағы Ұлттық әскери-патриоттық орталығында қазақстандық тұңғыш ғарышкердің аспан әлемін бағындырғанына 30 жыл толуына орай «Ғарышқа жол» тақырыбында келелі кездесу ұйымдастырылды.
Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің «Астана жастары» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің қолдауымен «Жас сарбаз» жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысы» республикалық қоғамдық бірлестігі ұйымдастырған кездесуге ғарышкерлер Талғат Мұсабаев пен Айдын Айымбетов қатысты. Кездесу аясында «Жас сарбаз» тәрбиеленушілерінің патриоттық рухын көтеріп, олардың Отанға деген сүйіспеншілігін қалыптастыратын «Ерлік сабағы: кітапқа жазылмаған тарих» тақырыбында ерлік сабағы қолға алынды.
– Бұл ерлік сабағы – Қазақстанның бүгінгі жастары, болашақ ел қорғандары үшін арнайы ұйымдастырылып отыр. Бүгін сіздер әлемдік деңгейде аты әйгілі ғарышкерлермен жүздесіп отырсыздар. Сондықтан бұл кездесудің сіздерге берері мол болады деген сенімдемін. Білімдеріңізді ұштап, тәжірибелеріңізді шыңдап, тау тұлғаларға қарап бой түзейсіздер деген ойдамын. Осындай кездесулер жігерлеріңізді жаниды, қанаттарыңызды қатайтады. Алдағы биік белестерді бағындыруға үлкен үлес қосады. Әрине ғарыш кеңістігін зерттеу жұмысы бір орында тұрмайтыны анық. Бәлкім араларыңызда болашақ ұшқыштар, планетааралық сапарларға шығатын келешек ғарышкерлер отырған болуы мүмкін, – деді авиация генерал-майоры Нұрлан Кәрбенов.
«Жас сарбаздармен» кездесу барысында ғарышкерлер ағалық ақ тілектерін жаудырып, ақыл-кеңестерімен, мұндай сапарлардың маңыздылығымен бөлісті.
– Жас сарбаздар, сіздермен кездескеніме өте қуаныштымын. Бұл күн мен үшін аса мазмұнды әрі маңызды мереке саналады. Мен үшін ғана емес, бүкіл әлем үшін солай деп сенемін. Ойлап отырсам, осы күнге дейін үш рет ғарышта болып, онда бас-аяғы бір жылға жуық жұмыс істеппін. Алғашында қазақ елінің өкілі ретінде әуеге көтерілсем, қалған екеуінде командир болып жол бастап барған жайым бар. Экипаж құрамында орыстар да, америкалықтар да, немістер де, француздар да болды. Солардың арасында қарапайым қазақтың баласы бола тұрып, командир болғаныма қуанамын, – дейді авиация генерал-лейтенанты, Халық қаһарманы Талғат Мұсабаев.
Ел сыйлаған тұғырлы тұлғалар өткен күндердегі елеулі естеліктерімен бөлісіп, орамды ойларын ортаға салды. Өскелең ұрпақтың көңіліне сенім ұялатып, жүрегіне жарық нұр шаша білді.
– Қызмет жолым авиация генерал-майоры Нұрлан Кәрбеновпен бірге Луговойда басталды. Ол кезде жас офицерлер едік. Әскери шенім – лейтенант болатын. Ал Талғат аға Мұсабаев менің ұстазым болды. Ғарышкерлер тобымен бірге дайындықтан өтіп жүргенімде осы Талғат Амангелдіұлы барлығын басқарып, жетекшілік жасады. Қазіргі мейірімді жүзіне «алданып қалмаңыздар» (күлді). Керек кезінде қатал да қаһарлы, жауапты бола біледі. Біздің белгілі бір жетістікке жетуімізге де осы Талғат ағаның темірдей тәртібі, қаталдығы себеп болды. Осылайша мен де ғарышқа аттанып, ғылыми бағдарламаны орындадым. Талғат Амангелдіұлының ғарышқа үш мәрте сапары кезінде жасалған тәжірибелерді жалғастырдық. Сондай-ақ Қазақ тағамтану академиясының тәжірибелері де жүйелі жүргізілді. Ол бағдарламаның аты «Дастарқан 6» еді. Осылайша, біздің тағамтану академиямыз ғарыш сапарларына арналған тағамдарды әзірлей білді. Яғни сублимацияланған тағамдардың қатарында ұлттық тағамдарымыз да болды, – дейді генерал-майор Айдын Айымбетов.
«Жас сарбаз» тәрбиеленушілері ғарышкерлердің мәнді де мағыналы әңгімелерін ерекше ықыласпен тыңдап, олардың қызықты оқиғаларымен де терең таныса алды. Көкейде жүрген сұрақтарын қойып, бейбіт күннің батырларымен емен-жарқын сөйлесті. Кездесу соңында қадірлі меймандар арнайы ғарыш күніне орай Ұлттық әскери музейіндегі «Ғарышқа жол» көрмесінің ашылу салтанатына қатысты.