• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Экономика 14 Сәуір, 2021

Цехтарын толық жаңартпақ

346 рет
көрсетілді

Ақтөбе ферроқорытпа зауыты кәсіпорын іске қосылғаннан бері жұмыс істеп тұрған цехтарды жаңартпақ. Бұл жұмысты 2022 жылдың соңына дейін аяқтау көзделіп отыр.

Еуразиялық топ (ERG) құра­мындағы Ақтөбе ферроқорытпа зауыты­ның бірінші және екінші цехтарын қайта құруға баса назар аударылып отыр. Ол қатты қалдықтар шығарындысын 30 пайызға азайтуға мүмкіндік береді. Балқыту цехтарын қай­та құрудан бөлек, мұнда тағы бір жоба бар. Ол – ферро­қо­рыт­па газы пайдаланылатын ути­лизациялық электр стансасы­ның құрылысы. Оның электр энер­гиясын өндіру қуаты шамамен 100 МВТ болмақ.

– Бұл жобаның маңыз­ды­лы­ғына назар аударғым келеді. Ауаға шығарылатын газдарды өндірістің электр энергиясына кәдеге жарату арқылы бір оқпен екі қоянды атуға болады. Яғни электр энергиясын өндіру және газды пайдалану тұрғысынан. Бұл жобаны Үкіметте қолдадық. Сондықтан оны барынша жылдам іске қосу керек, – деді Ақ­төбе ферроқорытпа зауытында бол­ған Экология, геология жә­не табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев.

«Қазхром» трансұлттық ком­паниясы қалдықтарды қайта өңдеу бағдарламасына ерекше көңіл бөліп отыр. 2019 жылғы сәтсіз тәжірибені ескере отырып, компания қалдықтарды қай­та өңдейтін бөгде ұйым­дармен бірлесе жұмыс істеу­ден бас тартты. Осылайша, ERG-дің барлық кәсіпорнын­да қа­лыптасатын қалдықтар­ға қа­тыс­ты қызметтер циклін ұсы­нуға мамандандырылған ERG Recycling компаниясы құ­рыл­ған болатын. Бүгінде ERG Recycling компаниясының тіке­лей қатысуымен бірқатар қайта өңдеу және экологиялық бағыттағы жобалар іске асырылды. 2021 жылы Ақтөбе фер­ро­қорытпа зауытында іске қо­сылған газ тазартудағы шаң­­ды бри­кеттеудің жоғары техно­ло­гия­лық цехы – соның айқын дәлелі.

Цех айына 4 мың тоннаға дейін жоғары сапалы хром брикеттерін шығара алады. Ком­­панияда қажеттіліктер туын­­дағанда ілеспе өндіріс ре­тін­де құрылыс материалдары (қабырға және іргетас блок­тары) шығарылады. Тұрақ­тан­дырылған және қатпарлы шлак­тарды қайта өңдеу жұ­мыс­тарынан жылына 200 мың тонна өнім өндірілуде. 2019 жылы басталған Ақтөбе ферро­қорытпа зауытының тазар­тылған феррохромының қорда­лан­ған шлактарын өңдеу ісі жал­ғастырылады. Бұл – страте­гия­лық тапсырма. Өңдеу қар­қынына келетін болсақ, 2019 жылы – 50 мың тонна, 2020 жылы 100 мың тонна қалдық өңделген. 2021 жылы қосымша 150 мың тонна өңделмек. ERG Recycling 2025 жылға қарай жылдық кө­лемін 500 мың тон­наға дейін ұл­ғайтуды жоспар­лап отыр. Осы жылдың өзін­де Ақтөбе фер­­роқорытпа зауы­тында шлактар­дан метал­ды толығымен алу және одан әрі бетон ерітінділері түрінде сұранысқа ие құрылыс өнімдерін шығаратын қайта өңдеу кешенінің бірінші кезеңі іске асырылмақ.

– «Қазхром» жабдықтарды модернизациялау, қалдықтарды өңдеуден бөлек, шығын көз­деріне шолу жасаудың авто­маттандырылған жүйесін орнатып жатыр. Бұл кезеңде ке­лі­сім жасалып, жоба алдын­дағы тексеріс басталды. Компанияның Ақсу, Ақтөбе және Хромтау қалаларындағы филиалдарының санитарлық-қорғау аймақтары шекара­ларын­да бақылаудың   автомат­тан­дырылған жүйесін орнату көзделген. 2021 жылдың со­­ңын­да аталған заманауи жаб­­дықты пайдалануға беру жоспар­да бар, – деп хабарлады Еу­ра­зиялық топтың баспасөз қызметі.

«Қазхром» ТҰК» АҚ пре­зиденті Арман Есенжо­ловтың айтуынша, қоршаған ортаға деген қамқорлық тек өндірістік қызметпен шектеліп қалмауы керек. Бұл ретте компания 2021 жылы қоршаған ортаға жүк­темені азайтуға бағытталған шара­ларды жүзеге асыру үшін өзінің барлық филиалдары­на (Ақтөбе және Ақсу ферро­қо­рыт­па зауыттары, Дөң тау-кен ба­йыту комбинаты, «Қаз­мар­га­нец» кен басқармасы) 20 млрд теңгеден астам инвести­ция құюды жоспарлап отыр. Эко­но­микадағы күрделі кезең­ге қара­мастан, компания қор­ша­ған ортаны қорғау шаралары­на арналған шығындарды азайт­пай, керісінше, одан әрі ұлғай­туда. Мәселен, былтыр «Қаз­хром­н­ың» барлық филиалдары үшін шамамен 11,5 млрд теңге бө­лінген еді. Ал 2021 жылы 9 млрд теңгеден астам қаржы бір ға­на Ақтөбе фер­роқорытпа зауытында жұм­салмақ.

Биыл Ақсу мен Ақтөбе фер­ро­қорытпа зауыттары Кешен­ді экологиялық рұқсат алды. Компания Еуропа мен Ресейдің тәжірибесін ескере отырып, ең тиімді қолжетімді техноло­гияларды енгізудің 2030 жыл­ға дейінгі бағдарламасын әзірледі. Оны іске асыруға шамамен 48 млрд теңге бөлінеді. Енді екі зауыттың қоршаған ортаға тигізетін жалпы әсері 40 пайызға дейін төмендейтін болады.