• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Медицина 14 Сәуір, 2021

Екпеден кейін антидененің бар-жоғын тексере алады

310 рет
көрсетілді

Коронавирусқа қарсы екпе алған қазақстандықтар ағза­ла­рында пост­вакциналық антиденелердің бар-жоғын тексере алады. Мұндай қызметті еліміздің барлық аумағында «ОЛИМП» клиникалық-диагностикалық зертханалар желісі ұсы­нып отыр.

– Денсаулық сақтау министр­лі­гінің 2021 жылдың 12 сәуірдегі ақпаратына сәйкес жаппай вакциналау басталғаннан бері 300 мыңнан астам қазақстандықтар коронавирусқа қарсы екпе алған, – деді «КДЛ ОЛИМП» ЖШС бас директоры Ерлан Сүлейменов. – Енді пациенттерді «екпе қан­­шалықты тиімді болды?», «вак­­цинадан кейін иммунитет қа­лып­тас­ты ма?» деген сұрақтар мазалайды. Бұл сауалдарға жа­уап беру үшін біз жаңа тест енгізіп отырмыз. Ол поствакциналық антиденелердің бар-жоғын анық­тауға мүмкіндік береді. Тест «Ко­ро­навирустың S-ақуызына қар­сы G иммуноглобулиндерін анық­тайтын иммуноферменттік талдау» деп аталады.

Екпе салғаннан кейін ағза коронавирустың S-ақуы­зы­на қарсы антиденелер қалып­тас­тырып, иммундық жауап бере­ді. Жиынтық антиденелерді анықтауға бағытталған электрохемилюминесценция (ЭХЛ) әдісімен жасалатын әдеттегі талдау вакцинаның тиімділігін қада­ғалауға келмейді, себе­бі ол S-ақуызына қарсы анти­де­нелерді көрсетпейді. Жиын­тық антиденелерді тексеретін талдау коронавируспен ауыр­ған­дарда N-ақуызына қарсы антиденелерді анықтайды. Сон­дықтан поствакциналық анти­де­нелерді анықтауға арнал­ған бөлек жаңа талдауды енгізу қа­жет­тілігі туындады.

«ОЛИМП» клиникалық-диаг­ностикалық зертханалар желі­сі жаңа зерттеуді еліміздің барлық аймағында жасайды. Поствакциналық антиденелерді анықтайтын талдауды екпенің бірінші дозасын алғаннан кейін 42 күн өткенде, яғни 6 аптадан соң тапсыру қажет. Онымен қоса, «ОЛИМП» зертханалары коронавируспен, оның ішінде симптомсыз түрімен ауырғандар үшін жиынтық антиденелерді тексеру бойынша зерттеу жасауды жалғастыруда. Бұл талдау да жаппай вакциналау басталғаннан бері аса өзекті болып отыр. Себебі бір мезетте барлық халықты вакциналауға мүмкіндік жеткіліксіз болған­дық­тан, ең алдымен антиденелері жоқ адамдарға екпе салу қа­жет. Антиденелері бар пациент­тер әзірге қорғанышқа ие, сон­дық­тан оларға екпені кейі­ні­рек, анти­денелері азай­ған­да салуға болады. Қолда бар қор­ларды тиімді пайдалану ұжым­дық иммунитетті тезі­рек қа­лып­тас­тыруға септігін тигізеді.