Теннистен ерлер арасындағы ең ірі халықаралық турнир саналатын Дэвис кубогының форматы биыл да өзгерді. 2019 жылдан бастап аталған турнирдің финалдық сайыстары тек бір қалада, яғни Мадридте (Испания) өткізіліп келсе, биылдан бастап үш қалада өткізілетін болды.
Қазақстан теннис федерациясының мәліметі бойынша, осы жылдан бастап Дэвис кубогының топтық кезеңі биылғы 25 қараша мен 5 желтоқсан күндері Мадрид, Турин (Италия) және Инсбрук (Аустрия) қалаларында өтеді. Қазақстан құрамасы Канада және Швеция теннисшілерімен «В» тобында Мадридте сынға түседі.
Сондай-ақ Пиреней түбегінде «А» тобының өкілдері – Испания, Ресей және Эквадор құрамалары да бақ сынайды. Оған қоса турнирдің жартылай және финалдық бәсекелері де дәл осы Испанияның бас шаһарында өтеді. Ал Инсбрукта «C» және «F», Туринде «D» және «Е» топтары сынға түседі. Сонымен қатар екі қалада бір-бір ширек финалдан өтеді.