Жергілікті өзін өзі басқаруды дамытуға жәрдемдесу және шешім қабылдау процесіне халықтың қатысуын жандандыру мақсатында төрт өңірде (Атырау, Ақтөбе, Жамбыл және Шығыс Қазақстан облыстары) қанатқақты Сommunity орталықтары құрылатын болады. Бұл жөнінде Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының баспасөз қызметі хабарлады.
Орталықтардың қызметі жергілікті қоғамдастықты дамыту моделін құруға бағытталады. Олардың базасында жергілікті жерлердегі сарапшылар (офлайн және онлайн) жергілікті өзін өзі басқару (ЖӨБ) бойынша консультациялар береді. Яғни жергілікті халықтың шешім қабылдау процесіне қатысу мәселелері бойынша кеңес алу мүмкіндігі болады: жиналыстарды, жергілікті қоғамдастық жиындарын ұйымдастыру, жергілікті қоғамдастық мүшелігіне кіру, ЖӨБ бойынша НҚА түсіндіру және басқа да мәселелер.
Орталықтар Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мен Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының қолдауымен «Жергілікті өзін өзі басқаруды дамытуға бағытталған іс-шаралар кешенін ұйымдастыру» гранттық жобасы шеңберінде «Маңғыстау облысының Азаматтық альянсы» ЗТБ күшімен іске қосылады.
Айта кету керек, бұл жоба Қазақстанның 8 облысында (Атырау, Ақтөбе, Жамбыл, Шығыс Қазақстан, Ақмола, Павлодар, Қарағанды және Қостанай облыстары) жүзеге асырылады. Жоба барысында ұйымдастырушылар жергілікті маңызды мәселелерді шешу үшін жалпы құны 8 млн теңгені құрайтын (әр өңірге 1 млн теңге) шағын гранттар конкурсын өткізеді.
Сондай-ақ жобаны іске асыру шеңберінде халықтың цифрлы сауаттылығын арттыруға бағытталған бір күндік 16 оқыту семинары 8 өңірде ұйымдастырылады. Бұл семинарларды тұрғындар үшін қаржылық сауаттылық және азаматтардың жергілікті бюджеттерді басқару процесіне қатысу мүмкіндігі бойынша тақырыптық қолданбалы курстар циклі мен әлеуметтік жобалау және бастамашылық бюджеттеу мәселелері бойынша жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлерін оқыту курстарынан өткізу үшін жоспарлануда.