Бұл күндері Польшаның Кельце қаласында бокстан жастар арасындағы әлем чемпионаты өтіп жатыр. Жарыстың алғашқы күнінде шаршы алаңға шыққан жерлесіміз Ерболат Сабыр біріншілікті сәтті бастады.
56 килоға дейінгі салмақта жұдырықтасатын қандасымыз алғашқы айналымда мажарстандық боксшы Герго Жаразбен қолғап түйістіріп, 5:0 (30:25, 30:25, 30:24, 30:27, 30:25) есебімен жеңіске жетті. Бір айта кетерлігі, Е.Сабыр қарсыласын бірінші және үшінші раундтарда нокдаунға жіберді. Енді жерлесіміз 1/8 финалда латвиялық боксшы Матвей Прокудинмен шаршы алаңға шығады.
Айта кетейік, Польшадағы бокстан жастар арасындағы әлем чемпионатында Қазақстан құрамасынан 20 боксшы (10 ер, 10 қыз) өнер көрсетуде. Жаһан біріншілігі 23 сәуірде өз мәресіне жетеді.