Тәуелсіздік туы көтерілген 30 жылдың ішінде еліміз құрылыс және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық саласында үлкен табыстарға қол жеткізді. 1991 жылдан бері қарай 170 млн шаршы метрден астам жаңа тұрғын үйдің салынуы, 1,6 млн-нан астам адамның баспанамен қамтылуы – соның айғағы. Бұл ретте мемлекеттік бағдарламалардың бергені мол. Оның ішінде «Нұрлы жердің» шоқтығы биік тұр.
Биылғы меже – 17 млн шаршы метр
«Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасының мақсаты – қазақстандықтарды қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету. Индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрі Қайырбек Өскенбаевтың айтуынша, елімізде әлеуметке бағдарланған қолжетімді үйлер 2005 жылдан бері салына бастады. Мәселен, дәл сол жылы 2,5 млн шаршы метр тұрғын үй бой көтерді. Арада он жыл өткенде, яғни 2015 жылы аталған көрсеткіш 8,9 млн шаршы метрді құрады. Былтыр 15,3 млн шаршы метр тұрғын үйдің салынғанына куә болдық. Биылғы меже – 17 млн шаршы метр. Байқағандарыңыздай, тұрғын үй құрылысы жыл өткен сайын қарқын алып келеді. Оның үстіне Nur Otan партиясы өзінің сайлауалды бағдарламасында бұл мәселеге ерекше назар аударды. Осы орайда партия тапсырмасына сәйкес, алдағы бес жылда 103 млн шаршы метр тұрғын үй салу жоспарда бар.
– 2020 жылы республика бойынша 140 мыңнан астам тұрғын жай пайдалануға берілді. Тұрғын үй құрылысына бағытталған инвестициялар 2019 жылмен салыстырғанда 33,6 пайызға өсіп, 2 трлн теңгені құрады. Яғни мемлекеттің 1 теңгесіне жеке инвесторлардан 5 теңге тартылды. Осы жылдың бірінші тоқсанында да құрылыс саласында дамудың оң серпіні байқалып отыр. Атап айтқанда, құрылыс-монтаж жұмыстарының көлемі өткен жылмен салыстырғанда 13 пайызға ұлғайды. 16 өңірде құрылыстың қарқыны жоғары. Тек Маңғыстау облысы ғана артта келеді, – деді Қайырбек Өскенбаев.
Министрліктің дерегіне сүйенсек, осы жылдың бірінші тоқсанында 2,9 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Бұл дегеніміз – 23 663 тұрғын жай. Ол былтырғы көрсеткіштен 8,6 пайызға жоғары. Тұрғын үй құрылысына тартылған инвестициялар 2020 жылдың бірінші тоқсанымен салыстырғанда 33,8 пайызға өскен.
Үкімет мемлекеттік тұрғын үй салынатын аудандарды, оның ішінде тұрғындарға жеке құрылыс салу үшін бөлінетін жер учаскелерін инженерлік желілермен жабдықтауды өз мойнына алып отыр. Ондағы мақсат – тұрғын үй құрылысын ынталандыру және оның құнын арзандату. Бұл ретте Nur Otan партиясының тапсырмасы бойынша 2021-2025 жылдары 235 мың жер учаскесін қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету жоспарланған.
Республиканың қолданыстағы тұрғын үй қорын жаңарту жұмыстары да жалғасуда. 2020 жылы 8 өңірде 249 тұрғын үй күрделі жөндеуден өтсе, биыл 473 тұрғын үйді жөндеуге 19,5 млрд теңге бөлінді.
Елімізде тұрғын үй алуға кезекте тұрған азаматтардың саны жыл сайын орташа есеппен 50 мыңға өседі екен. Бүгінде олардың қатары 559 мың адамды құрап отыр.
Ауылда үй салғандарға субсидия беріледі
Қазақстанда тұрғын үй саясатын дамыту бағытында таңдалып алынған тиімді жол – субсидиялау. Бүгінде оның бірнеше түрі бар. Мәселен, отбасы мүшелеріне шаққанда табысы ең төменгі күнкөріс деңгейіне жетпейтін, кезекте тұрған адамдар тұрғын үйді субсидиялау тетігі арқылы баспанамен қамтамасыз етіледі. Негізінен бұл санатқа көпбалалы отбасылар, жетім балалар, мүгедек балалары бар отбасылар және халықтың басқа да әлеуметтік осал топтары жатады. Ал табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен жоғары, кезекте тұрғандар жаңа тұрғын үйге жеңілдетілген несие алу арқылы қол жеткізе алады. Бұдан бөлек, кезекте тұрғандар үшін тұрғын үйдің жалдау ақысын субсидиялау тетігі де қарастырылған.
– Жеке құрылыс салушылармен бірлесіп бастапқы нарықта жылжымайтын мүліктің әлеуметтік қорлары құрылады. Мысалы, 10 мың пәтерлік тұрғын үй үшін жылына 5,3 млрд теңге субсидия қажет. Тұрғын үй пулдары қалыптасқаннан кейін осы қорлардың жылжымайтын мүлікпен қамтамасыз етілген акциялары кепілдендірілген кірістілігі бар нарыққа ұсынылатын болады. Жалдау ақысын субсидиялау тетігін іске асыру үшін «Отбасы банктің» өкілеттігін күшейту ұсынылып отыр, – деді Индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрі.
Бұл ретте Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларынан пәтер жалдағандардың 31 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) көлеміндегі шығынын мемлекет өтеп береді. Өзге өңірлер үшін 21 АЕК деңгейі көзделген. Ал ауылдықтар үшін шығынның 15 АЕК көлеміндегі сомасы кері қайтарылады. Атап өтерлігі, бұл әзірше жоспар ғана. Жаңашылдық жаңа заң қабылданғаннан кейін іске қосылады.
Сонымен қатар мемлекет ауылда тұрғын үй салу тетігін енгізуде. Яғни, ауылда жұмыскерлер үшін тұрғын үй салған жұмыс берушінің шығындарының 50 пайызын мемлекет субсидиялайтын болады. Деректерге сүйенсек, республика бойынша 76 ауданда 2 855 тұрғын үйге қажеттілік бар. Бұл дегеніміз – 285,5 мың шаршы метр. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мәліметінше, субсидиялау үшін республикалық бюджеттен 14,3 млрд теңге қажет.
Бір өзі бір ауылды көркейтіп отырған кәсіпкер Манат Алғамбаровтың айтуынша, мұндай жаңашылдық ауылда үй салатын кәсіпкерлер үшін тамаша мүмкіндік.
– Біздің ауыл Екібастұз қаласына қарайды. Мал шаруашылығымен айналысамыз. Жұмыскерлерге үй салып, оларға қажетті жағдайды жасап отырмыз. Еңбек адамдарын осылай ынталандырамыз. Егер мемлекет салынған үйдің бір бөлігін субсидиялайтын болса, мұның әсері зор болмақ. Біріншіден, кәсіпкерлерге үлкен көмек. Екіншіден, көп үй салынатындықтан, ауылдың тамырына қан жүгіреді. Сондықтан бұл бастама қолдауға лайық, – дейді Жайылма ауылындағы «Табыс» шаруа қожалығының иесі.
Тұрғын үй құрылысын субсидиялау тетігі «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырылмақ. Ол үшін құрылыс салушылар мемлекет бекіткен бір типті үйлерді ғана салуы тиіс. Яғни үйдің жалпы көлемі 100 шаршы метрден аспауы керек. Ал құны 10 млн теңгеден жоғары болмауы шарт. Жергілікті атқарушы органдар аталған жоба бойынша өтініштерді қабылдап, жағдайды бақылауда ұстайды.
Еске сала кетейік, бұл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында айтылған тапсырма болатын. Президент «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында салынатын жеке тұрғын үйлердің, оларға тартылатын инфрақұрылымдардың құрылысын жандандыруды тапсырған еді.
Осал топтарға ойысқан «Отбасы банк»
Былтыр «Отбасы банк» желісі бойынша берілген әрбір бесінші займ «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы арқылы үлестірілген. Жалпы, 2020 жылы ел тұрғындарына «Нұрлы жер» аясында 10 759 пәтер кілті табыс етілді. Осы жылдың өзінде 3 727 отбасы қоныс тойын тойлап үлгерген.
«Отбасы банктің» басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимованың айтуынша, биыл «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында үш жоба жүзеге асырылады. Соның бірі – «Бақытты отбасы». Бүгінде аталған жобаға 50 млрд теңге бөлінген. Қазір тұрғындардан өтініштерді қабылдау жүріп жатыр. Бұл сома 5 мың отбасының пәтерлі болуына жетіп тұр.
– «Бақытты отбасы» жобасына көпбалалы отбасылар, мүгедек баланы тәрбиелеп отырған отбасылар, толық емес отбасылар қатыса алады. Дүйсенбі күні онлайн өтінім беру басталды. 14 сәуірдегі жағдай бойынша 23 109 өтініш келіп түсті. Оның 19 833-інің талаптарға сәйкес келетіні белгілі болды. 3 376 өтініш жоба талаптарына сай келмейтіндіктен кері қайтарылды. Жоба аясында пәтер үлестіру кезінде алдымен өтініш берушінің кезекке тұрған мерзіміне басымдық беріледі. Одан кейін төлем қабілеттілігі назарға алынады. Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Ақтау, Атырау қалалары үшін жоба шеңберінде сатып алынатын тұрғын үйдің сомасы 15 млн теңгеден, қалған өңірлер үшін 10 млн теңгеден аспауы керек. Үйді кезекке тұрған өңірден бастапқы және қайталама нарықтардан алуға болады, – деп нақтылады Ләззат Ибрагимова.
«Бақытты отбасы» үшінші жыл қатарынан жүзеге асырылуда. Жоба осы күнге дейін 9 800 адамның қоныс тойын тойлауына септігін тигізді.
Бұдан бөлек, «Шаңырақ» жобасы бар. Өткен аптада оны жүзеге асыру үшін «Отбасы банкке» 120 млрд теңге көлеміндегі екінші транш келіп түсті.
– Бұл кезекте тұрған барлық санатқа арналған. «Бақытты отбасыға» өте алмағандар «Шаңырақта» бақ сынай алады. Мұның талаптары: бастапқы жарна – 10 пайыз, жылдық мөлшерлеме – 5 пайыз. Үй тек бастапқы нарықтан ғана сатып алынуы керек. Мамыр айында 8 мың баспана жоба қатысушыларына ұсынылады. Биыл «Шаңыраққа» басымдық беріледі, – деді «Отбасы банктің» басқарма төрағасы.
Осылайша, жыл соңына дейін «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында баспанамен қамтылатын отбасылардың санын екі есе арттыру көзделіп отыр. Яғни, биыл 20 мың отбасыға пәтер берілуі керек.
Атап өтерлігі, мемлекеттік бағдарламалар аясында жастардың баспаналы болуына зор мүмкіндік қарастырылған. Мәселен, екінші жыл қатарынан «Отбасы банк» пен Алматы қаласының әкімдігі бірлесіп «Алматы жастары» аймақтық бағдарламасын жүзеге асыруда. Биыл оған 18 млрд теңге бөлінді. Жоспарға сәйкес, 1 мың жас отбасы қоныс тойын тойламақ. Бағдарламаға 35 жасқа дейінгі жастар қатыса алады.
Сондай-ақ қазір Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігімен бірлесіп «Елорда жастары» бағдарламасы дайындалуда. Оның талаптары келесідей: жылдық мөлшерлеме – 5 пайыз, бастапқы жарна – 10 пайыз. Несие 25 жылға дейінгі мерзімге беріледі. Бұл ретте жергілікті әкімдік басымдық берген салаларда жұмыс істейтін жастарды қолдау көзделген. Яғни бірінші кезекте денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, спорт, бұқаралық ақпарат құралдары, әлеуметтік сала өкілдерін қолдау қарастырылған. Бағдарлама арқылы отбасылы жастар ғана емес, бойдақ қыз-жігіттер де қамтылады.
Еске сала кетейік, Президент Алматы, Нұр-Сұлтан және Шымкент қалаларының әрқайсысында жастарға арналған үш мың пәтер салуды тапсырған болатын. Қазіргі жұмыстар сол тапсырма негізінде жүргізіліп жатыр.
Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»
Тұрғын үй бағасы қашан арзандайды?
Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы шекті сомадан асқан қаржыны тұрғын үй алуға жұмсау мүмкіндігі іске қосылғалы бері баспана бағасы шарықтап кетті. Мәселен, осы жылдың қаңтар айында жаңа үйлердің бағасы 3 пайызға өссе, қайталама нарықтағы үйлер 17 пайызға қымбаттады.
– Ақпанда да өсім тіркелді. Бірақ қаңтар айымен салыстырғанда бағаның өсуі сәл де болса тұрақталды. Наурыз айында бағаның өсуі айтарлықтай шектелді. Мәселен, өткен айда жаңа үйлер 0,5 пайызға, қайталама нарықтағы үйлер 2 пайызға қымбаттады. Сәуір, мамыр айларында үй бағасының өсімі тоқтап, екінші жартыжылдықтан бастап қалпына келеді деген болжам бар. Баға халықтың сұранысынан туындайды. Сұраныс біртіндеп төмендеп келеді, – дейді Қайырбек Өскенбаев.
Ләззат Ибрагимованың пікірінше, тұрғын үй бағасының өсуіне сыртқы факторлар да әсер етуде. Айталық, 2020 жылы әлемдегі өңделген ағаш құны 2,2 есе қымбаттаған. Сол секілді мыстың құны 27 пайызға, болаттың бағасы 13 пайызға өсті.
– Мәселен, 2020 жылы Түркиядағы жылжымайтын мүлік бағасы 27 пайызға, Германияда – 12 пайызға, Ресейде – 10 пайызға, Канадада 7 пайызға қымбаттады. 2021 жылы экономиканы ынталандыру мақсатында көптеген елдер инфрақұрылымға жұмсалатын инвестициялар көлемін көбейтеді. Бұл шикізат пен металдарға сұранысты арттырады. Тиісінше, баға да жоғарылайды. Құрылыста пайдаланылатын материалдар мен шикізаттың бағасы өсуде. Бағаның шарықтауына еңбек күшінің құны да әсерін тигізуде. Атап айтқанда, 2020 жылдың төртінші тоқсанында Қазақстандағы орташа жалақы 233 136 теңгені құрады. 2019 жылдың бірінші тоқсанында бұл көрсеткіш 168 389 теңгеге тең еді. Осы жылдың бірінші тоқсаны бойынша орташа айлық жалақы 11 пайызға өскен. Тиісінше, краншылардың, монолитшілердің, әрлеушілердің еңбекақысы да көтерілді. Бұл бағаға әсер ететін бірден-бір фактор. Осы жылдың екінші жартыжылдығында, мамыр айының соңынан бастап тұрғын үй нарығындағы баға тұрақталады. Өйткені бұл кезде анау айтқандай сұраныс та болмайды, – дейді Л.Ибрагимова.
Жалпы, бағаны тұрақтандырудың бірнеше жолы бар. Біріншісі – мемлекет тарапынан тұрғын үйлердің салынуы. Бұл жағынан «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында қыруар жұмыс тындырылуда. Оның үстіне мемлекеттік бағдарламамен салынған шаршы метрдің бағасына белгілі бір деңгейде шектеу қойылады. Ал екінші жол – отандық құрылыс материалдары өндірісін жолға қою.
– Бірден айту керек, Қазақстанда шығарылатын құрылыс материалдарының бағасы аса қымбаттаған жоқ. Былтыр арматура бағасы 33 пайызға көтерілді. Елімізде арматура шығаратын жаңа зауыттар іске қосылды. Енді ішкі нарықты толықтай отандық өніммен қамтитын мүмкіндік бар. Әрине, арматура бағасы темірдің құнына, оны тапсыратындар мен қабылдап алатындардың «ережесіне» байланысты. Айталық, Ресей зауыттары темірді жоғары бағамен қабылдайды. Бұл бағытта да тиісті жұмыстар жүргізілуде. Сол секілді біз қазір құрылысқа қажетті шыныны толықтай шетелден әкелеміз. Биыл Қызылордадағы шыны зауыты іске қосылса, отандық өнімді пайдалануға жол ашылады. Тұсқағазды да сырттан импорттап отырмыз. Биыл инвестор табылып, жаңа зауыттардың құрылысы басталады деген үміт бар. Бұдан бөлек, ішкі нарықтың 38 пайызын ғана жылу – изоляциялық материалдармен қамтуға қол жеткізілді. Қалған 62 пайызы – шетелдік өнім. Мұның да отандық өндірісін дұрыс жолға қою маңызды. Сонда ғана үйдің бағасы өспей, керісінше арзандайтын болады, – деді Қ.Өскенбаев.
«Нұрлы жер» – мыңдаған адамға шаңырақ шаттығын бұйыртқан бағдарлама. Ендеше, оны тәуелсіздіктің бірегей жобасы деп атауға толық негіз бар. Тиімділігі анық дәлелденген жобаның ғұмыры қысқа болмауы тиіс.