• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қазақстан 16 Сәуір, 2021

Қандастар қамқорлыққа зәру

721 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» бағдарламалық мақаласында соңғы жылдарда түрлі себептерге байланысты бәсеңдеп қалған қандастар көшін барынша қолдап, алыстан келген ағайын­дар­ды еліміздің демографиялық жағдайы мәз емес солтүстік және шығыс өңірлерге орналастыруды жандандыру қажеттігін қадай айтқан болатын.

Осыған орай Үкімет басшысы Асқар Мамин жуырда Nur Otan партиясының 2025 жылға дейінгі «Өзгерістер жолы: әрбір азаматқа лайықты өмір» сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі Жол картасына сәйкес 2025 жылға дейін 80 мың этностық қазақтың, оның ішінде биыл 12 мың ағайынның атажұртқа оралуына жәрдемдесуді жоспарлап отыр­ған­дығын мәлімдеді. Бұл кейінгі жылдармен салыстырғанда бірнеше есе көп. Демек, Қазақстан тәуелсіздігінің ақ таңы атқанда Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың дүниежүзі қазақ­тарына арнайы үндеу жолдап, елге оралуға шақыруының арқасында бас­талған ұлы көш қарқыны тағы үдей түспек.

Ал осы көш жолындағы бірталай бөгесін Елбасының тікелей араласуы­мен алынып тасталғанымен, әлі де аяқ­тан шалатын кедергілер бар. Тіпті Пар­ламентте көші-қон заңнамасын же­тіл­діруге қатысты заң жобаларын қа­рау барысында қандастар көтерген кей­бір көкейкесті мәселелердің түйіні ше­шілмей, алдағы уақыт еншісіне қал­ды­рылғандығы белгілі. Солардың бірі – кейбір шетелдерден атажұртқа қоныс аударып келген ағайындардың ұлты қазақ екендігін дәлелдеудің қиындығы. Атап айтқанда, бұл Түркия, Ауғанстан, Пәкістан, Сауд Арабиясы және Иран Ислам Республикасынан көшіп келген және келгісі келетін этностық қазақтар үшін өзекті мәселе болып отыр. Себебі аталған мемлекеттер азаматтарының төл­құжаттарында ұлты көрсетілмейді. Ал ұлты қазақ екендігі тиісті құжат бо­йынша айғақталмаған ағайындарымыз же­ті атасын жатқа айтып, ана тілінде бұл­бұлдай сайрап тұрса да, оларға қандас мәртебесі мен жеңілдетілген тәр­тіппен Қазақстан азаматтығын алу құ­қығы берілмейді. Соның салдарынан ата-бабаларының айтып кеткен аманатын орындап, аңсаған атажұртына келгенде қазақ екендігін еш құжатпен дәлелдей алмай, мемлекет қолдауынан қағылып, ренжіп жүрген ағайындар бар.

Әрине, бұл еш ойланбастан, оп-оңай шеше салатын да мәселе емес. Өйткені оның астарында ұлттық қауіпсіздік мүд­десі бар. Мәселен, осыдан бірер жыл бұ­рын азаматтық соғыстан азап шек­кен Ауғанстаннан қазіргі Түркістан об­лы­сына көшіп келіп бассауғалап, өз­дерін «қазақтармыз» деп атап, Қазақ­стан азаматтығын жеңілдетілген тәр­тіп­­пен алуға тырысқан бір топ адам­ның шындығында ауғандықтар екені әшкереленген. Сондықтан төл­құжат­тарында ұлты көрсетілмеген ағайын­дар­дың этностық қазақ екендігін анықтау ме­ханизмін жасап, заңдастырмай болмайды.

Бұл ретте назар аударарлық тәжірибе де бар: Қазақстан Үкіметінің 1992 жылғы 23 қыркүйектегі №791 қаулысына сәйкес Дүниежүзі қазақтарының қауым­дас­ты­­ғына алыстан келген ағайын­дар­дың ұлты қазақ екендігін растайтын анық­тама беру функциясы берілген. Алай­да, аталған қаулының күші Үкі­мет­­­тің 2005 жылғы 9 ақпандағы №124 қау­лысымен жойылған. Соған қа­ра­мас­тан, Қазақстанға көшіп келген эт­ностық қазақтардың қандас мәртебесі мен азаматтық алуына Дүниежүзі қазақ­тары қауымдастығының берген анық­тамасы негіз ретінде қабылданып келген. Тек 2017 жылдан бастап бұған тыйым салынған.

Ал өткен жылы Парламентте көші-қонға қатысты заң жобасын қарау кезін­де Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің өкілдері аталған анықтаманы беру мәселесін өңірлердің әкімдіктері жанынан арнайы комиссия құру арқылы шешуді қарастыратындығын жеткізген болатын. Содан бері бірсыпыра уақыт өтсе де, қолында шешім қабылдау құзыреті бар шенеуніктердің алыстағы ағайынның атажұртқа оралар жолына елеулі тос­қауыл қойып тұрған, талай этностық қазақтың өз елінде өгейсітілуіне себеп болып отырған өзекті мәселені шешуге асығар түрі көрінбейді.

Дегенмен алдағы уақытта Үкімет осы проблеманы шешу мақсатында тиісті заң нормасын әзірлеп, Мәжілістің қара­уына ұсынатын болса, ескерерлік жайт­тарды айта кеткен абзал. Респуб­ли­калық маңызы бар қалалар мен об­лыс­тардың әкімдіктері жанынан құры­латын комиссияға мүдделі мемлекеттік орган­дардың өкілдерімен қатар, білікті де беделді тіл мамандарын, этнографтар мен тарихшыларды, сондай-ақ Дүние­жүзі қазақтары қауымдастығы мен «Отандастар» Қорының өкілдерін енгізген жөн. Бұған қоса, атажұртына оралғысы келетін этностық қазақтардың құжаттарын жинап, көшіп баратын өңір­лер әкімдіктерінің жанындағы комис­сиялардың қарауына ұсыныс енгізу үшін шетелдердегі Қазақстан консулдарына тиісті өкілеттілік беру және сол комиссиялардың отырыстарына кон­­сулдықтар өкілдерінің және өтініш беру­­ші ағайындардың онлайн режімде қа­ты­с­уы­ қарастырылса, құба-құп.

Қолданыстағы көші-қон заңнамасына сәйкес Сыртқы істер министрлігінің консулдық қызметі Қазақстанға қоныс аудару туралы өтініш берген шетел азаматы болып саналатын ұлты қазақ азаматтардың құжаттарын қабылдайды, тіркейді және оларды халықтың көші-қон мәселелері жөніндегі уәкілетті органға жібереді, сондай-ақ олармен тиісті әңгімелесуден кейін «С10» визасын ресімдейді. Ол алыстағы ағайындардың Қазақстанға көшіп келуіне жол ашады. Алайда, «Отандастар» Қоры басшы­ла­рының айтуынша, кейінгі кезде бел­гі­сіз себептерге байланысты консулдар тарапынан аталған визаны беру жұмыстары баяу жүргізілуде, ал кейбір елдерде тоқтап қалған. Биыл қандастарды қабылдауға арналған кво­та мөлшерін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі небәрі 1426 адам деп бекіт­кен­дігі де ойландырмай қоймайды. Аталған мемлекеттік органдар басшылары енді Мемлекет басшысының тапсырмасына және Nur Otan партиясының сайлауалды бағдарламасына сәйкес атажұртқа оралуды ойлаған шетелдердегі ағайындарға шындап бет бұрғаны жөн. Қандастарға бөлінген квота санын кө­бей­ту, шетел­дер­дегі атажұртқа қоныс аударуға ниет қылған ағайындардың ұлтын анықтау механизмін әзірлеу мә­селелерін тездетіп шешу, олардың өті­ніш­т­ерін қарау, виза беру жұмыстарын жеделдету ке­рек­тігі анық. Солтүстік және шығыс өңірлердің әкімдері Президенттің: «Жергілікті билік мұндай жұмыстарды жоғарыға көпірген ақпар беру үшін емес, мемлекеттік мүдде және ағайынға шынайы жанашырлық тұрғысынан жасауға тиіс», деген сөзін бұлжымас басшылыққа алып, шетелдердегі этностық қазақтарды барынша көбірек қабылдауға күш салса, құба-құп.