Жыл өткен сайын Шымкенттегі қалаішілік жолдардың тынысы тарылып, көлік кептелісі көбейе түсуде. Әсіресе қаланың орталық көшелері автокөліктерден иін тіреседі.
Бұл бірінші кезекте шаһар көшелерінің миллион тұрғын тұратын қала талаптарына сай емес екендігін көрсетеді. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында былтыр қала әкімдігі Д.Қонаев-Т.Рысқұлов пен Бәйдібек би-Арғынбеков көшелерінің қиылысында жолайрық құрылысын салуды жоспарлаған.
Былтыр басталған Д.Қонаев даңғылы мен Т.Рысқұлов көшесінің қиылысындағы жолайрық құрылысы кестеге сәйкес жүргізіліп келеді. Нысанның ұзындығы Д.Қонаев даңғылы бойынша бір шақырымды, Т.Рысқұлов көшесі бойынша 0,7 шақырымды құрайды. Жыл соңына дейін ел игілігіне пайдалануға беру жоспарлануда. Бүгінгі таңда мұнда 3,3 шақырым су, газ құбырларының орнын ауыстыру, тоннель қазу, 60 метр тіреу қабырғаларын құю, 7 бағана орнату және 75 қада құю жұмыстары орындалды. Сонымен қатар аталған жолайрықта жерасты өткелінің құрылысы жоспарланған. Құрылыстың жобалау-сметалық құжаттамасын әзірлеу үшін қаржы қарастырылып, мемлекеттік сатып алу конкурсы жүргізілген. Сәуір айындағы мәлімет бойынша мұнда 270 метрге жуық тіреу қабырғаларын құю, 4 секция бойынша тіреу қабырғаларының қалыбын тоқу, 1,92 шақырымды құрайтын су құбырын, 1,82 шақырымдық газ құбырын, байланыс сымдарын орнату жұмыстары аяқталды. Сонымен қатар биыл сәуір айының соңына дейін 30 мың текше метр жердегі құрылыс жұмыстарын аяқтауды жоспарлап отыр. Нәтижесінде, жобаға сәйкес Т.Рысқұлов көшесінің ені кеңейтіліп, кедергілі қоршау орнату қарастырылған.
Қазіргі таңда Д.Қонаев даңғылы мен Т.Рысқұлов көшесінің қиылысындағы жолайрық құрылысының екінші кезеңі қарқын алуда. Биыл 20 қаңтарда ірі жолайрық құрылысының екінші кезеңі басталған болатын. Бұл кезеңде жол жабынын бұзу, инженерлік желілерді ауыстыру, тіреу қабырғаларын бетондау, жол өткелін және жол жамылғысын салу жұмыстары орындалатын болады. Құрылысқа «Bazis Construction» ЖШС жауапты. Қазіргі уақытта нысанда газ, су құбыры және электр желілерін ауыстыру, сондай-ақ тоннельдегі тіреу қабырғаларын құю бойынша құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Бүгінге дейін 26,5 шақырым инженерлік желілердің 3,4 шақырымы немесе 13 пайызы ауыстырылды. Инфрақұрылымдық желілер жол төсемінен бөлек орналасады. Электр желісінің он бағанасының жетеуі, құйылуы тиіс 105 қаданың 75-і, болашақ тіреу қабырғаларының 986 метрінің 50 метрі орнатылды.
«Мұндай нысандарды салу әрдайым қиын, өйткені жұмыстар ірі қаланың халық тығыз орналасқан ауданында жүргізілуде. Мұнда жер учаскелерін алу, инженерлік коммуникацияларды көшіру мәселелерін шешу қажет. Сондай-ақ байланыс желілерінің тығыздығы өте жоғары, тұрғын үйлер жақын жерде орналасқан. Оған қоса электр әуе желісі – 110 кВт. Оны ауыстыру керек», деді құрылысқа жауапты мамандар. Екінші кезең құрылысының басталуымен Қонаев даңғылында Жандосов көшесінен Рысқұлов көшесіне дейін және Бәйдібек даңғылында Рысқұлов көшесінен Дулати көшесіне дейін қозғалыс толығымен жабылып, ашық типтегі тоннель бөлігінің құрылысы басталады.
Айта кетерлігі, бүгінге дейін жобаға бөлінген қаржының 550 млн теңгесі игерілген. 2021 жылға республикалық бюджеттен 1 млрд 100 млн, жергілікті бюджет есебінен 543,7 млн теңге қаралған.
Шаһардағы көлік қозғалысын реттейтін ендігі бір жоба – Бәйдібек би-Арғынбеков көшелерінің қиылысында салынатын жолайрық құрылысы.
Бәйдібек би-Арғынбеков көшелерінің қиылысында көлік жолайрығын салу құрылысының 1-ші кезеңіне жауапты мердігер мекеме – «Казахдорстрой» ЖШС. Құрылыс аумағының ұзындығы Бәйдібек би даңғылы бойынша – 700, Арғынбеков көшесі бойынша 921 метрді құрайды.
Құрылыс 2020-2022 жылдар аралығына жоспарланып, бюджеттен жалпы 11,4 млрд теңге қаржы қарастырылған. Ал осы жылға қаралғаны – 200 млн теңге. Осыған орай жолайрық түсетін маңдағы 61 жер телімін қайтару қажеттігі туындап отыр.
– Негізгі жолды жабуға дейін биыл мамыр-қыркүйек айлары аралығында ағаштарды тамырымен жұлу, 3-4 съездердегі байланыс желілерін қайта жайластыру, Арғынбеков көшесіндегі 3-ші съездегі тіреу қабырғасын салу жұмыстарын жүргізу жоспарда. Сонымен қатар қазан-желтоқсан айлары аралығында Арғынбеков көшесінің бойындағы 3-ші съездің тіреу қабырғасын салу, тоннел бойынша жер қазу жұмыстарын жүргізу көзделуде.
Аталған екі жоба толық аяқталған жағдайда қала ішіндегі көлік кептелісі азайып, тұрғындар кептеліске түсіп, уақыттан ұтылмайтын болады, – дейді қала әкімінің орынбасары Мақсұт Исақов.
ШЫМКЕНТ