• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Өнер 16 Сәуір, 2021

Бойжеткен сезім, бозбала үміт

425 рет
көрсетілді

Ешқандай да ескілік емес, жаңа көзқарас жетегіндегі тұжырым. Тұжырымнан туған көркем кескін. Ұлттың тамырынан таған тартып, тектілікке астар болған дала ережесі. Осалсың ба, ойыннан шық. Бұрымдыдан үміттісің бе, барыңды сал. Болмаса, ұяттан өртен де лаула. Бойжеткеннің жел өпкен маңдайынан сен сүйе алмасаң, несіне өзіңді жігітке жатқызасың. Сын мен серт. Мұнда тәртіп басқа, жүйрік көңілің жолда қалса, арманыңның сүрінгені. Қамшының астында қалғың келмесе, кәне, қамшыла атыңды.

Бұл ойлар суретші һәм кес­кіндемеші Асхат Дінікеевтің «Қыз қуу» туындысын көр­генде санамызға ұя салды. Кар­тина ішінде жігіттің ба­тылдығы мен қыздың ұяңдығы бар. Бізді елік­тіргені сол нәзік сезім. Автор кенеп бетіне ұлтқа тән бояуды төк­кен. Картинаны жазу ба­ры­сында баба салтын басты ұс­та­нымы еткені анық көрініп тұр.

«Қыз қуу» картинасы 2001 жылы жарыққа шыққан. Оның ең басты ерекшелігі авторлық дербес мәнермен орындалған. Шығармада кеңістік пен алуа­н пішіндер тұтасып, сән­дік үшін шебер оюласқан әше­кейлер композицияның түпкі мәнін мазмұндап тұр. Қыл­қалам ше­берінің қиялына қанат бітір­ген шығармашылық дер­бестік те байқалады.

Картина «Қыз қуу» сюже­тінің вариациясы ретінде жа­зылған. Бірінің үстіне бірі жайылған ою-өрнекті төрт бұ­рыштан тұратын картинада мифтік кентаврларша ширақ қимылды бойжеткен мен бозбаланың мәнерлі пі­шін­дері бейнеленген. Кентавр – су­ретшінің сүйікті әрі «фир­ма­лық» бейнесі. Ол автордың көп­теген туындысында кез­деседі.

Жалпы, қыз қуу – ертеден келе жатқан ат ойыны. Бұл жарыс өзі­нің түрі жағынан біздің заманымызға дейін қандай болса, қазір де сол күйінде қалды. Бағзы заманда жарыс жігіт пен оның қалыңдығы арасында өткізілген. Егер жігіт жарыста же­ңілсе, ол өзіне қойылған талапты ақтай алмағаны үшін қызбен некелесу құқынан айыры­лған. Бұл сияқты ескі әдет әлдеқашан ұмыт болды. Қазіргі қыз қуу өзінің идеялық мазмұны жа­ғынан ұлт мәдениетіне енген халықтық спорт түрлерінің қай-қайсысынан болса да кем түспейді.

Асхат Дінікеевтің карти­наларынан шынайы және фан­тастикалық, бірсәттік және мәң­гілік, пенделік және пәктік ту­ралы шағын өсиеттерді «оқу­ға» болады.