Нарық сұраныстарын игеру және өнімнің сапасын жақсарту мақсатында USAID Ауғанстан мен Орталық Азиядағы қолөнерші кәсіпкер әйелдерге арналған «Қолөнер саласындағы әйелдер: байланыс және цифрлы сауда» вебинарын өткізді.
Ауғанстан, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан мен Өзбекстан іскер әйелдер қауымдастықтарының, үкіметтік емес ұйымдардың, электронды коммерциялық алаңдар және сауда-өнеркәсіп палатасының жүзден астам өкілі қатысқан вебинарда бәсекеге қабілеттілікті арттыру, сауда ісін жолға қою мен жұмыспен қамтамасыз ету мәселелері көтерілді.
Ұлттық киім, кілем тоқу және қолдан жасалған бұйымдар өндірісіндегі мәдени мұраларды заманауи маркетингтік біліммен, электронды сауда мүмкіндіктерімен және онлайн-сату платформаларымен біріктіретін тренинг барысында бизнес нарығында тәжірибесі бар америкалық қолөнершілер де өз тәжірибелерімен бөлісті.
Соңғы жиырма бес жыл ішінде Қазақстан қолөнершілер одағының еліміздің түкпір-түкпіріндегі сегіз жүздей мүшесі дәстүрлі техникаларды пайдалану арқылы ұлттық бұйымдардың нақышын келтіріп жүр. Аталған одақтың төрағасы Айжан Бекқұлованың айтуынша, жаңа болмысқа бейімделу үшін қолөнерші әйелдердің ықпалдастығы аса қажет. Мысалы, Алматыда пандемияға байланысты жұмысы баяулап қалған қолөнершілер жергілікті тұтынушылар үшін бетперделер және басқа қорғаныс заттарын тіге бастаған. Енді олар цифрлы платформаларды пайдалану арқылы өз өңірлерінен тыс нарыққа шығар жол іздестіруде.
USAID алдағы уақытта Орталық Азия мен Ауғанстанда қолдан жасалған ерекше бұйымдар туралы ақпаратты кеңейту үшін электронды каталог әзірлейтін болады. Ұйымдастырушылардың пікірінше, бұл жаңа бизнес модельдер мен электронды платформалар арқылы нарыққа қолжетімділікке ықпал етіп, дәстүрді сақтауға, өнімнің сапасын жақсартуға және инновациялық технологиялар арқылы қоршаған ортаға зиян келтіру әсерін азайтуға мүмкіндік берумен қатар, аймақтағы қолөнерші әйелдердің ұзақ мерзімді экономикалық тұрақтылығына ықпал ететін болады.