ӨКМ Операторы Ecoqolday қосымшасында қаптама қалдықтарын жинау және тасымалдау жүйесін субсидиялауды іске қосты. Бірінші кезекте 10 667,70 тонна көлеміндегі қайталама шикізатты кәдеге жаратып үлгерген кәсіпорындар қаржыландырылады.
Жүйеде төлем жасаудың реті субсидиялауға берілген өтінімдер негізінде жүзеге асырылады. Ecoqolday бағдарламасы кәдеге жаратуға жиналған және тасымалданған макулатура, пластик, шыны қалдықтары үшін өтемақы төлемінің мөлшерін автоматты түрде есептейді.
Қайталама шикізаттың 1 тоннасы үшін берілетін ақшалай төлемдердің мөлшері қосымша құн салыған қосқанда: шыны үшін – 22 344 теңге, пластикалық қаптамаға – 26 399 теңге, қағаз/картон 16 977 теңгені құрайды. Сондай-ақ ӨКМ Операторы қаптама қалдықтарын тасымалдау шығындарын қашықтығына байланысты ішінара субсидиялауды жүзеге асырады.
Бүгінгі таңда Ecoqolday жүйесінде 222 қатысушы тіркелген. Атап айтқанда, қайталама шикізатты жинауды жүзеге асыратын 74 кәсіпорын, 22 кәдеге жаратушы зауыт және 126 көлік компаниясы қатысуда. Цифрлы модельге көшу макулатураның, полимер өнімдері мен шыны қалдықтарының сатып алу құнын арттыруға мүмкіндік берді. Шикізат құны қазір былайша өзгеріп отыр: картон-қағаз 40-85 теңге/кг шегінде, шыны 22-28 теңге/кг, пластмасса 80-180 теңге/кг шегінде. Қаптама қалдықтарын жинаушылар шикізатты кәдеге жаратушыларға тапсырғаннан кейін ЕсoQoldaý жүйесінде бірден қаржыландыруға өтінім беруге мүмкіндігі бар.
2021 жылдан бастап ӨКМ Операторы өтемақы төлемдерін беру рәсімін жеңілдетті. Жаңа модель қаптама қалдықтарын жинау, тасымалдау және қайта өңдеу жөніндегі жұмыс қағидаттарын өзгертуді көздейді. ЕсoQoldaý жобасы – қайта өңделетін қаптама қалдықтарын (макулатура, пластик, шыны) жинау, оны тасымалдау жəне кəдеге жарату бағытында жұмыс істеп жүрген кəсіпкерлер үшін жəне осы салада өз бизнесін бастағысы келетіндерге арналған платформа.
2021 жылы 230 мың тонна көлеміндегі қайталама шикізатты жинау, қайта өңдеу, тасымалдау және кәдеге жарату жоспары тұр. ӨКМ Операторы биыл осы бағыттағы жұмыстарды қаржыландыруға шамамен 10 млрд теңге бөлуді жоспарлаған.