• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Теннис 18 Сәуір, 2021

Тарихи жеңіске қол жеткізді

296 рет
көрсетілді

Теннистен Қазақстанның қыздар құрамасы өткен аптада дәстүрлі Билли Джин Кинг кубогының (бұрынғы – Феде­рация кубогы) плей-офф сайыстары аясында Аргентина тен­нисшілерімен сынға түсіп, жерлестеріміз соңғы сәтте қарсы­ластарынан жеңісті жұлып алды. Аргентинаның Кордова қа­ласында ұйымдастырылған бәсекеде Қазақстан құра­масынан Елена Рыбакина, Юлия Путинцева, Анна Данилина және капитан Ярослава Шведова өнер көрсетті.

Матчтан бір күн бұрын өткен жеребе тарту рәсімінде жарыстың бірінші күнінде кортқа ең алғаш Юлия Путинцева мен жарыс қо­жайыны, түбі украиналық Надя Подороска шығатыны белгілі бол­ды. Өткен жылы Ролан Гар­рос турнирінде айды аспанға шы­ғарып, жартылай финалға дейін жеткен Н.Подороска Арген­тинаның бірінші ракеткасы саналады. Сол айтулы додада ол жерлесіміз Ю.Путинцеваны да жеңіп кеткені жанкүйерлердің есінде болса керек. Екінші матч Қазақстанның 1-ші, әлемнің 23-ракеткасы Елена Рыбакина мен Аргентинаның екінші ракеткасы Мария Лурдес Карле арасында өтетін болып бекітілді. Ал екінші жарыс күнінде Н.Подороска мен Е.Рыбакина, М.Карле мен Ю.Пу­тинцева және жұптық сында Ярос­­лава Шведова мен Анна Да­­нилина – Н.Подороска мен М.Кар­ле кездесулері жоспарлан­ды.

Жарыстың шымылдығын аш­қан Юлия Путинцева мен На­дя Подороска жанкүйерлерге нағыз тартысты ойын сыйлады. Матч алдында-ақ жерлесіміздің былтырғы Ролан Гарроста кеткен есесін қайтаруды көздейтіні, Подоросканы өз елінде және жан­күйерлері алдына қалайда жеңіп кеткісі келетіні айдан анық еді. Матчтың бірінші партиясы 6:2 есебімен аргентиналық теннисшінің пайдасына шешілді. Екінші партияда қарсыласына қара­ғанда сауатты ойнаған қа­зақ­стандық теннисші жылдам есе қайтарып үлгерді – 6:4. Шешуші үшінші сетте Ю.Пу­тинцева рейтингте бекерге 30-орында тұрмағанын дә­лел­деп, қарсыласына бірде-бір гейм бермей 6:0 нәтижесімен қапы қалдырды. Осылайша Н.По­до­роскаға Парижде кеткен есесін қайтарған Юлия бірінші ойыннан кейін Қазақстан құрамасын есепте алға шығарды – 1:0.

Кортқа екінші болып шыққан Елена Рыбакина дүниежүзілік рейтингте небәрі 430-орында тұрған аргентиналық Мария Лурдес Кар­лені қалпақпен ұрып алады деп ойлап, матч басталмай жатып-ақ Рыбакинаның жеңісіне сенімді болғанбыз. Өкінішке қарай, ойын біз күткендей өрбіген жоқ. Бірінші партияда Е.Рыбакина екі брейкпен алға шыққанымен, қарсыласы тез арада таразы басын теңестіріп қана қоймай, 6:4 нәтижесімен жеңіске жетті. Екінші сетте Елена тактикасына өзгеріс енгізіп, өз мүмкіндігін тиімді пайдаланып, 6:3 есебімен таблодағы көр­­сеткішті – 1:1-ге жеткізді. Үшін­ші партияда өзін жайсыз сезін­ген Рыбакина медициналық көмекке де жүгінуге мәжбүр болды. Бәсекені ойындағыдай өткізе алмаған жерлесіміз бірде-бір геймде басымдық таныта алмай, қарсыласына 6:0 есебімен жол берді. Сөйтіп бірінші жарыс күнінен кейін есеп теңесті – 1:1.

Екінші жарыс күніндегі таң­ғы сессияда кортқа шыққан Елена Рыбакина бір күн бұрын Ю.Путинцевадан жеңілген Надя Подороскамен кездесті. Кешегі же­ңілісінен тиісті қорытынды шығара білген еліміздің бірін­ші ракеткасы қарсыласын еш қиындықсыз екі сетте 6:4, 6:4 есе­бімен жеңіп, Қазақстан құрамасы тағы да алға шығарды. Есеп – 2:1.

Түскі сессиядағы Юлия Пу­тин­цева мен Мария Лурдес Кар­ле арасындағы матч Қазақ­стан құрамасы үшін жарысты мерзімінен бұрын жеңіспен аяқ­тауға, ал Аргентина теннис­ші­леріне есепті теңестіріп, кез­десуді жұптық бәсекеге дейін созуға тамаша мүмкіндік еді. Алайда алғашқы сетті өз пайдасына шешкен (7:6) Юлия екінші сеттің со­ңында оқыс қимылдап, балтырын ауыртып алды. Қазақстан құрамасының дәрігерлері тез арада отандасымызға медициналық көмек көрсетті. Аяғы ауырғанына қарамастан ойынды жалғастырған Путинцева бұл сетте 7:6 есебімен қарсыласына жол берді. Үзілісте тағы да медициналық көмекке жүгінген жерлесіміз үшінші сетке шыққанымен, жарысты әрі қарай жалғастыра алмады. Осылайша төрт ойыннан кейін есеп теңесіп (2:2), барлығы жұптық бәсекеде шешілді.

 Жалпы есеп теңескен соң Ар­гентина теннисшілерінің қуа­нышында шек болмады. Құдды Қазақстан құрамасын жеңіп, келесі кезеңге шыққандай әсер қалдырды. Бірақ жұптық сында Аргентина құрамасынан екі күнде екі ойын өткізіп, әлі құ­рып қалған Надя мен Марияны біздің құраманың тың ойыншы­лары – Анна Данилина және Ярослава Шведова күтіп тұрған еді. Екі сетке созылған бәсекенің бірінші сетінде жерлестеріміз қарсыластарына соқыр ұпай ұстатпай 6:0 есебімен басым түсті. Бірақ екінші сетте қарсыластар біздің құраманың теннисшілеріне біраз қарсылық көрсетті. Жер­гілікті жанкүйерлердің қолдауына ие болған корт қожайындары есепті 5:5-ке жеткізгенімен, қалған екі геймде жеңісті жұлып алуға шамалары келмеді. Қорытынды есеп – 7:5.

Жалпы есепте 3:2 есебімен басым түскен Қазақстан құра­ма­сының теннисшілері алғаш рет плей-офф кезеңінде жеңіске жетіп, тарихи жетістікке қол жеткізді. Осылайша, біздің құрама әлемдік топтағы өз орнын сақтап қана қоймай, 2022 жылы өтетін турнирдің финалдық бәсекесінде ойнау құқығына ие болды.