Өткен аптада Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов індетке қарсы жүргізіліп жатқан жұмыс барысы жайында есеп берді. Яғни «Сары аймақтағы» өңірдің эпидемиялық ахуалы облыстық әкімдік тарапынан қатаң бақылауда.
Медицина қызметкерлері мен барлық деңгейдегі әкімдер жергілікті жерде індет таралмауына орай қауіпсіздік шараларын жүргізуде. Бұл мәселе облыстық әкімдіктің Жедел штаб отырысында апта сайын талқылануда.
– Жалпы, «Сары аймақта» болғанымызбен, эпидемиялық жағдай бір тәулік ішінде өзгеруі мүмкін, – деді облыс әкімі Әбілқайыр Сқақов жедел штаб отырысында. – Осы мәселеге орай барлық жүктемені денсаулық сақтау саласының ғана міндеті деп қарауға болмайды. Жергілікті әкімдіктер індетті жаппай жұқтырудың, таралмауын бақылауға алулары тиіс.
Сондықтан Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті кейбір шектеу шараларын қайта енгізуге арналған жаңа құжат дайындады. Облыс аумағында шектеулі карантиндік шаралар туралы өзгерістер мен толықтырулар енгізілген №9 жаңа қаулының толық нұсқасы жарияланды. Департамент басшысы Батырбек Әлиевтің мәлімдеуінше, алдағы күндері өңірде карантиндік шаралар қайтадан күшейтілуі мүмкін.
– Өйткені, 9-15 сәуір аралығында 313 жағдай тіркелсе, ал 2-8 сәуір аралығындағы көрсеткіш – 248-ге жетті. Ауырғандардың тәуліктік өсімі – 0,21 пайыз, апталық 1,29 пайызды құрады, – дейді бас санитар дәрігер.
16 сәуірде індет жұқтырудың 43 жағдайы расталса, 28-інде инфекция белгілері анықталған. Қазір кәсіпкерлік нысандарында да эпидемиялық режімнің сақталуын қадағалайтын мониторингтік топтар тәртіп бұзушылықтарды анықтауда. Топ өкілдері белгіленген тәртіп ережесін бұзылуын, нысандардағы адамдар санының шектен асуы, әлеуметтік қашықтықты сақтамайтын жайларды тіркеді.
– Мысалы, 12 нысан иелеріне әкімшілік айыппұл салынды,– дейді бас санитар дәрігер. – Ал бұзушылықтар жүйелі түрде анықталатын нысандар бойынша материалдар сотқа жіберілуде. Кейбір орындарға қатысты жұмысын 15 күнге тоқтата тұру туралы шешім де қабылданған. Сонымен бірге 5 адам шекара арқылы облысқа ПТР-анықтамасыз өтпек болған, ал 7 адам карантиндік стационарларға жіберіліпті. Соңғы тәулікте шекара арқылы облысқа 414 адам – 261 жаяу жүргінші және 153 жүк көлігінің жүргізушісі өткен.
Жалпы, шектеулер енгізілген уақыттан бастап облысқа 87 939 адам келді, 54 358 жүргізуші халықаралық тасымалдарды жүзеге асырушы және 33 581 жолаушы. Ал ПТР-тексеру үшін карантиндік стационарларға 2 701 жолаушы орналастырылды. Барлығы 25 034 ПТР-тест өткізілді, – делінген департамент мәліметінде. Ал облыстық денсаулық сақөтау басқармасының мәліметінше, 13 сәуірде облысқа Спутник V вакцинасының бірінші компонентінің 21 750 және екінші компонентінің 10 750 мөлшері жеткізілген.
Қазіргі кезде өңірдегі 74 егу пунктінде індетке қарсы екпе алуға болады. Осы күнге дейін 19 мыңға жуық тұрғын «Гам-КОВИД-Вак» (Спутник V) вакцинасының I компонентін, тағы 4 мыңнан астамы – препараттың II компонентін алды.
– Ал жеткізілетін вакцина көлемі көбейген кезде біздің ресурстарымыз дайын болуы тиіс, – деді отырыс барысында облыс әкімі. – Орын жетпеген жағдайда емханалар басқа нысандарды жалға алу шартын жасай алады.
Сондықтан тұрғындар арасында дүрбелең туындамас үшін, олар екпені қайдан алатыны туралы ақпараттан хабардар болуы тиіс. Қалалар мен аудандардың әкімдеріне барлық егу пункттерін аралап, олардың жұмысын үздіксіз бақылайтын тұрақты топтар құру тапсырылды.
Павлодар облысы