• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Үкімет 19 Сәуір, 2021

Инвестициялық штаб жиынында қаралды

113 рет
көрсетілді

Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Инвестициялық штаб отырысында 2021 жылдың I тоқсанындағы инвестицияларды тарту бойынша атқарылған жұмыстың қорытынды көрсеткіштері қаралды. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.

Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев 2021 жылдың І тоқ­санында негізгі капиталға са­лынған инвестициялар көлемі 9,6%-ға қысқарғанын айтты. Тау-кен өндірісі өнеркәсібін есепке ал­мағанда, негізгі капиталға салын­ған инвестициялар көлемі 34% деңгейінде өсім көрсетті.

Негізгі капиталға салынған инвес­тициялар бойынша оң өсім қар­қынына 15 өңірде және респуб­ликалық маңызы бар қалаларда қол жеткізілді. Көш бастаушы өңірлер – Түркістан (67,4%), Жамбыл (32,9%), Қостанай (23,3%), Қара­ғанды (22,8%), Солтүстік Қазақ­стан (20,6%) облыстары, сондай-ақ Шымкент (45,8%) және Алматы (34,5%) қалалары болды. Батыс Қазақстан (-48,7%) және Атырау (-39,8%) облыстарында артта қалушылық байқалады.

«Kazakh Invest» ҰК» АҚ бас­қарма төрағасы Мейіржан Юсупов АӨК, фармацевтика, химия және металлургия өнеркәсібі секілді салаларда 4,2 млрд доллардан астам сомаға пысықтау деңгейі жоғары 12 жобаны дайындау барысы туралы баяндады.

2021 жылдан бастап 2025 жыл­ға дейінгі кезеңде жалпы инвес­ти­ция сомасы 45,5 трлн теңге (100 млрд доллар) болатын 2500-ден астам жобаны іске асыру көз­делген. Аталған жобаларды іске асыру 2025 жылға қарай негізгі ка­питалға салынатын инвестициялар бойынша ІЖӨ 30% деңгейінде нысаналы индикаторға қол жеткізуге мүмкіндік береді.

Инвестициялар тарту жұ­мыс­тары туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин, Түркістан облысының әкімі Өмір­­зақ Шөкеев және Солтүстік Қазақ­стан облысының әкімі Құмар Ақ­са­қалов баяндады.

Цифрлы даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі ми­нис­трі Б.Мусин 2021-2025 жыл­­дарға ЦДИАӨМ байланыс және телекоммуникация, цифр­лы май­нингті дамыту, аэроға­рыш өнер­кәсібі, ІT-саласы, элек­тронды өнеркәсіп салаларында жалпы сомасы 1,5 трлн теңге болатын 170 жобаны іске асыруды мақсат етіп отырғанын атап өтті. Биыл 265 млрд теңге сомасына 64 жобаны іске асыру жоспарланып отыр.

Түркістан облысының әкімі Ө.Шө­кеев 2021-2025 жылдарға әкімдік АӨК, жаңартылатын энергетика, туризм, химия өнеркәсібі және т.б. салаларда 27 мың жұмыс орнын құра отырып, жалпы сомасы 2,6 трлн теңге болатын 181 инвестициялық жобадан тұратын пул құрғанын баяндады. Биыл 256 млрд теңге сомасына 81 жобаны іске асыру көзделген.

Солтүстік Қазақстан облысы­ның әкімі Қ.Ақсақалов алдағы 5 жылда әкімдік АӨК, машина жасау, цифрландыру, фармацевтика, денсаулық сақтау, ТМК және т.б. салаларда 1,5 трлн теңге сомасына 66 жобадан тұратын пул құрғанын атап өтті.

«Ішкі және сыртқы инвестицияларды тарту жұмысын барлық мемлекеттік органдар, өңірлердің әкімдіктері мен квазимемлекеттік сектор субъектілері жүйелі негізде жүргізуі тиіс», деді А.Мамин.