Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин Парламент Мәжілісінің депутаттары Александр Милютин мен Жамбыл Ахметбековті бас қаладағы Астана контрреттегішінің жұмысымен таныстырды.
Министрдің айтуынша, контрреттегіш ұзындығы 31 шақырым қорғаныс бөгетін қамтиды және 450 млн текше метрге дейінгі көлемдегі тасқын суды уақытша ұстай алады. Қазіргі уақытта онда Астана су қоймасынан тасталған 56 млн.текше метр тасқын су жинақталған.
Сондай-ақ министр өзен арналарын тазарту, қорғаныс бөгеттерін нығайту, апаттық жағдайдағы гидротехникалық құрылыстарды жөндеудің кешенді шараларын орындау үшін қосымша қаражат қажет екенін атап өтті. Өз кезегінде Александр Милютин Парламентте су тасқынына қарсы іс-шараларға бюджет қаражатын бөлу мәселесін көтеретінін айтты.
Кездесу барысында депутаттар Аршалы ауданының Жібек Жолы кентіне барды. Онда Төтенше жағдайлар бірінші вице-министрі Ибрагим Күлшімбаев пен вице-министр Марат Күлдіков кенттің су басқан учаскелерінде жүргізілген іс-шаралармен таныстырды. Ақмола облысының 52859 әскери бөлімі мен ТЖД жеке құрамы Жібек Жолы кентінің айналасында екі шақырымдық үйінді бекітілімді нығайту жұмыстарын жалғастыруда. 1000-нан астам инертті материалы бар қаптар дайындалып, оның 700-ге жуығы төселген. Қазір жағдай тұрақтанды. Аулалар аумағынан еріген су сорылып шығарылды.
Сондай-ақ Төтенше жағдайлар бірінші вице-министрі Ибрагим Күлшімбаев Мәжіліс депутаттарымен бірге су тасқыны жағдайын аэровизуалды зерттеу және мониторингілеу мақсатында елорда маңындағы қауіпті аумақтарды әуеден шолып шықты. Ұшу барысында депутаттар 42-разъезд, Қоянды, Талапкер, Қараөткел, Қаражар, Жібек Жолы және Қосшы елді мекендерінің аумақтарын әуеден бақылады.
Бақылау кезінде қардың еру процесі бірқалыпты жүріп жатқаны байқалды. Су шайған аймақтар жоқ.
Қазір тәулік бойы космомониторинг жүргізу жалғасуда. Ақмола, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарының кейбір өзен аумақтарында сең жүру үдерісі басталды. Осыған орай, аталған өңірлер мен Шығыс Қазақстан облысының су қоймаларында су жинауға қажетті орындар әзірленуде.