• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Пікір 22 Сәуір, 2021

Криптофермалардың қарасы көбейіп келеді

184 рет
көрсетілді

Ұлттық банк криптовалюта нарығын дамытуға мүдделі болмаса да, еліміз әлемдік трендтен қалыс қалған жоқ. Бұған республика аумағында жұмыс істейтін 14 цифрлы ферманы мысалға алсақ та жеткілікті.

Цифрлы фермалардың негізі­нен электр энергиясын өндіретін нысандардың жанынан ашылатыны белгілі. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің ресми мәліметінше, фермалар негізінен еліміздің солтүстік өңірлерінде көп шоғырланған. Атап айт­қанда, Павлодар және Шығыс Қазақ­стан облыстарындағы, сон­­дай-ақ Орал қаласындағы цифр­­лы фермалар тәй-тәй басып келе­ді. Айтпақшы, олардың кө­ме­гі­­мен былтыр 82 млрд теңге ин­вес­­тиция тартылған.

Қалай десек те, елімізде цифр­­лы фермалар көбейіп келеді. Демек жақын болашақта Қазақ­стан­ның өзіндік криптонарығы да құрылуы мүмкін. Бұл бағыт­тың біздегі әлеуеті де жоғары. Со­ған қарамастан майнинг пен криптобизнес индустриясын құруға қолбайлау болып отырған кедергілер де бар. Алдымен соларды реттеу керек.

Мәселен, 2020 жылғы 25 мау­сымда қабылданған Цифрлы тех­нологияларды реттеу мәсе­л­е­лері жөніндегі заңда цифрлы активтер айналымының құ­қық­тық режімі белгіленген. Атап айт­қанда, «цифрлы актив» ұғы­мы енгізілді. Бұл қамтамасыз етіл­ген және қамтамасыз етілме­ген криптовалюталар болып бө­лінеді. Осылайша, майнингті кәсіп­керлік қызмет ретінде та­ну үшін заңнамалық база құ­рыл­ды. Бірақ Ұлттық банк өзінің құ­қық­­тық актілері арқылы крип­то­валюталардың айналымын және онымен мәміле жасауды шек­теп, тыйым салып отыр. Өз кезе­гінде бұл Қазақстандағы крип­тобир­жаның дамуын тежейді.

Осыған байланысты крипто­ин­дустрияны дамыту мақ­са­тын­да қолданыстағы заң­дар мен нор­мативтік-құқық­тық акті­лер­ге өзгерістер енгізу тәсіл­дерін анықтау үшін жұ­мыс тобы құ­рылды. Демек сала­дағы өзге­ріс­тің ауылы алыс емес секілді. Оның үстіне Цифр­лық даму, инновация­лар және аэро­ғарыш өнеркәсібі министр­лігі алдағы үш жылда цифрлы фер­малар Қазақстанға 300 млрд теңге көлемінде инвестиция әке­леді деп болжам жасап отыр.

Жалпы, әлемдік деңгейде қарастырар болсақ, біздің елдегі электр энергиясының құны арзан. Ал арзан әрі мол энергия – криптовалюта өндіру үшін қажетті шикізат. Елдегі цифр­лы фермалардың жыл өткен сайын көбейіп келе жатқаны да сондықтан. Мәселен, бір биткоин алу үшін орташа есеппен 78 мың кВт/сағат электр энергиясы пайдаланылады екен. Бұл шамамен 1,5 млн теңге жұмсала­ды деген сөз. Бірақ біздегі шектеулерге байланысты криптовалютаны өндіруге мүмкіндік болса да, оны жұмсауға рұқсат жоқ. Ал өндірістің дұрыс жолға қойылуына жабдықтың тиім­ділігі, желінің күрделілігі және жұмсалған электр энергиясының мөлшері әсер етеді.

Белгілі болғандай, Қазақстан биткоин өндірісі бойынша әлем­дік рейтингте төртінші орында тұр. Сол себепті біздің елге әлем­нің түкпір-түкпірінен май­нер­­лер жиі келеді. Оларды элек­тр энер­гиясының арзан­ды­­ғы қызық­тыра­ды, әлбетте. Бірақ крипто­валюта опера­ция­ларындағы құ­пия­­­лылықтың жоғарылығына бай­ланысты оның заңды төлем құра­лы емес екенін білгенде, олардың көңілі су сепкендей басылады.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің хабар­лауын­ша, криптовалютаның эко­но­микалық тәуекелі жоғары. «Кө­леңкелі мәмілелер» көп жа­салуы мүмкін. Ал бұл эконо­ми­­каның дамуына кері әсер ете­ді. Агенттік әлемдік қаржы жү­йесінде криптовалютаны реттейтін тетіктер жоқ екенін алға тартуда. Сондықтан цифрлы ақша ешкімге бағынбайды және оған әсер ететін факторлар да шамалы. Сол себепті әр ел криптовалюта нарығын өз бетінше рет­­теуге тырысады.

– Қарапайым адам үшін қа­шанда қауіп пен қатер бар. Бұл жерде қаржылық білім маңызды. Көзді жұмып, пәтер мен көлікті криптовалютаға салып жіберу дұрыс емес. Инвестициялық сауат­тылықты меңгеріп, қауіп­тің жа­йын аңғару керек. Мәсе­лен, крип­­товалюта бағасы күрт көтерілсе, оны сатып алудың қа­жеті шамалы. Дұрысы, оның баға­сы арзандаған кезде са­тып алу. Яғни қай кезде қандай қа­дам жасау керектігін білу шарт. Крип­товалюта нарығындағы ойын­­шылар көбейді. Бұған пан­демияның да әсері болды. Тығы­рыққа тірелген кәсіпкерлер қолда бар активінің барлығын криптовалюта нарығының айналымына жұмсады. Бұл нарықтың белсенділігін арттырып жіберді, – дейді Қазақстан блокчейн қоғам­­дастығының негізін қалау­шы Батырбек Омаров.