ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Қызылорда облысына жұмыс сапары кезінде Арал теңізінің құрғаған табанындағы фитоорманмелиорациялық жұмыстармен танысты, деп хабарлайды Egemen.kz.
Арал теңізінің құрғаған табанының көлемі 4,6 млн гектарды құрайды. Оның 2,2 млн гектары Қазақстанға, 2,3 млн гектары Өзбекстанға тиесілі. Жыл сайын теңіз ұлтанынан 100 млн тонна тұз бен шаң шығып мыңдаған шақырымға таралады. Бір түп сексеуіл 4 тонна көшкін құмды тоқтатуға ықпал жасайды.
«Арал маңындағы экологиялық апат аймағы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ерекше бақылауында. Теңіз табанының тұзы мен жылжымалы құмын тұрақтандырудың экологиялық тиімді және қауіпсіз жолы – байырғы өсімдіктер егу. Сондықтан 2008 жылдан бері республикалық және жергілікті бюджет есебінен, Дүниежүзілік банк, Ғаламдық экологиялық қор көмегімен Аралдың құрғаған табанында 195 мың гектардан аса жерге сексеуіл отырғызылды. Осындай жұмысты Өзбекстан да жүргізіп жатыр», деді Мағзұм Мырзағалиев.
Министр Арал маңының экологиялық тұрақты дамуына ықпал жасау үшін биыл «Арал маңының экологиялық бағдарланған аймақтық дамуы» атты аймақтық жоба басталғанын атап өтті. Оған Германияның экономикалық әріптестік және даму федералды министрлігі 8 млн еуро қаржы бөлген.
Жоба 2024 жылдың маусым айына дейін Қарақалпақстада, Өзбекстанның Хорезм облысында және Қазақстанның Қызылорда, Маңғыстау облыстарында жүзеге асырылады.
«Арал табанындағы құрғаған жерлерді ормандандыру үшін Президенттің 2 млрд ағаш егу тапсырмасы аясында біз 2025 жылға дейін 213 мың гектар аумаққа сексеуіл егуді жоспарладық. Бүгін фитоорманмелиорациялық жұмыстармен танысып, 1 мың гектарға 1,8 млн көшет отырғызылғанын байқап отырмыз. Ағаш егу жұмысы күзде жалғасады. Жылдамдықты арттырамыз», деп мәлімдеді министр.
Айта кетейік, Арал ауданындағы сапар барысында Мағзұм Мырзағалиев жергілікті ғалымдармен және тұрғындармен кездесіп, өңірдегі түйткілді проблемалар мен экология мәселелеріне қатысты ұсыныстарын тыңдады. Ғалымдар өз кезегінде Аралдың экологиялық проблемаларын шешу жұмыстарына атсалысуға дайын екендерін жеткізді.