Үндістанда төртінші күн қатарынан індет жұқтырғандар саны азаймай тұр. Сенбінің өзінде 350 мыңға жуық жағдай тіркелген. Бұл – әлемдегі ең жоғары көрсеткіш.
Үндістан үкіметі мен денсаулық сақтау мекемелері COVID-19 жұқтырған адамдар саны күрт өсуіне байланысты қиындыққа тап болды. Емханаларда – медициналық жабдық, жансақтау бөлімдерінде – орын, дәрі-дәрмектер, оттегі мен өкпе желдеткіштері тапшы. Қайтыс болғандардың денелері мәйітханалар мен крематорийлерде жиналып қалған. Сенбіде өлім саны 2624 адамға жеткен. Бұл жоғары көрсеткіш жағдайдың қаншалықты ушығып бара жатқанын көрсетіп отыр. Жексенбіде тағы 349 691 адамнан індет анықталған. Осылайша пандемия басталғалы елде коронавирус жұқтырғандардың саны 17 млн-ға жетті. Науқастарға лық толы ауруханалар оттегі жетіспеуінен жаңадан түскен аурулардан бас тартуға мәжбүр.
Күні кеше АҚШ билігі Үндістандағы жағдай алаңдатып отырғанын жеткізді. Елдің мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен АҚШ қосымша көмек пен жабдықтарды жеткізу үшін Үндістан үкіметімен тығыз байланыста екенін айтты. Үндістан билігі ауыр зардап шеккен шалғайдағы аудандарға жүктерді тасымалдау үшін пойыздар мен әуе күштерін жіберетін болады.
Оттегінің жетіспеуінен науқастар ауруханада көз жұмып жатқан Делидегі жағдай тіпті күрделі. Елде жексенбіде қайтыс болғандардың саны алдыңғы күннен де асып түсті. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДҰ) бұл жағдай коронавирустың ауыр салдары қандай болуы мүмкін екенін тағы бір рет ескертіп жатқандай деп мәлімдеді.
Жыл басында ғана Үндістан үкіметі індетті жеңгеніне сенімді еді. Ақпан айының ортасында вирус жұқтырғандар саны 11 мыңға дейін азайып, вакциналар экспорттала басталған. Наурызда Денсаулық сақтау министрі Үндістан пандемияның ең соңғы кезеңінде екенін айтқан.
Алайда жағдай қысқа мерзімнің ішінде күрделеніп кетті. Вирустың уақыт өткен сайын өзгеріп, жаңа штамдары пайда болды. Одан бөлек, осы айдың басындамиллиондаған адамды жинаған Кумб Мела фестивалі сияқты қоғамдық мерекелерден соң жағдай басқаша өрбіген. Делидегі ауруханалар үлкен дағдарыстың алдында тұрғандарын ескертті. Дәрігерлердің айтуынша, қаладағы барлық аурухана толығымен құлдыраудың алдында тұр. Егер оттегі таусылса, талай науқастың өмірін сақтап қалу мүмкін емес екені айтылды. Сондай-ақ елдегі оттегі зауыттарын Үкімет дереу өз бақылауына алуы керек дейді дәрігерлер.
Үндістанның оңтүстігіндегі Веллор қаласындағы христиан медицина колледжінің вирусологы Гагандип Кан ВВС-ге берген пікірінде вирустың таралуын тоқтату үшін қосымша шаралар қажет екенін айтқан. Ол барлық іс-шараны дереу тоқтату керек деген пікірде. Әсіресе жүздеген адам жиналатын үнді тойларына шектеу қою керек. Маман саяси, экономикалық не отбасылық себеппен өтетін жиындарды да әзірге өткізуге болмайтынын алға тартады. Ол толығымен локдаун емес, індет өршіген аймақтарды қатаң бақылауға алу керектігін баса айтты.
Жығылғанға жұдырық болғандай, Мумбайдың солтүстігіндегі Вирар қаласындағы емханалардың бірінде өрт шығып, 15 науқастың өмірін жалмаған. Ауа кондиционерінен түскен ұшқындар екі минуттан кейін қарқынды терапия бөлімін отқа ораған. Үндістанның тағы бір өңірінде онсыз да жеткіліксіз оттегі ағып кетіп, Махараштра штатының Нашик ауданындағы ауруханада 24 науқас оттегі күтіп жатып қайтыс болған.
Осы күрделі жағдайда ел билігіне деген наразылық күшейе түскен. Өйткені орталықтағы билеушілер жағдайға қатысты шара қолданудың орнына үнсіз болған. Сәуір айында қысқа мәлімдемелерде премьер-министр Моди ұлттық вакциналау барысын талқылап, жағдайдың алаңдатарлық екенін айтып қана қойған. Қауіпсіздік шаралары ретінде тестілеуді көбейтіп, бақылауды арттыруды және халықтан абай болуды сұрап қана қойған екен. Үкімет басшысы жағдайдың қиын екеніне қарамастан, тиімді күрес шараларын айтумен ғана болған. Тек сейсенбіде Моди жағдайдың шұғыл екенін атап өтіп, халыққа үндеуінде жаңа шаралар қабылдаған. Сондай-ақ елдегі індеттің екінші толқыны туралы ресми жарияланды.