Ресейдің Санкт-Петербург қаласында бір аптаға жалғасқан бокстан «Губернатор кубогы» жолындағы жарыс мәресіне жетті.
Аталған турнирде бақ сынаған Қазақстан құрамасының былғары қолғап шеберлері екі алтын, екі күміс және үш қола медаль жеңіп алды.
Ел қоржынына алғашқы алтынды Олимпия ойындарында «қазақтың салмағы» атанып кеткен 69 килоға дейінгі салмақ дәрежесінде жұдырықтасқан Асланбек Шымбергенов салды. Іріктеу кезеңдерінде қарсыластарын айқын жеңген жерлесіміз жартылай финалда 2018 жылы Джакартада өткен Азия ойындарының финалында есе жіберген өзбекстандық боксшы Бобо-Усмон Батуровпен кездесті. Есе қайтаруды үш жыл күткен жерлесіміз жекпе-жекте аянып қалған жоқ. Гонг үні естілгеннен бастап бірінші нөмірмен жұдырықтасқан Шымбергенов қарсыласын бұрыш-бұрышқа тықсырып, өзінің соққыларын діттеген жеріне дөп тигізіп жатты. Шабуылда да, қорғаныста да сауатты өнер көрсеткен Асланбек төрешілердің бірауыз шешімімен жеңіске жетіп, өзбек боксшысынан Азия ойындарында кеткен есесін қайтарды.
Финалдық сайыста Асланбекті әйгілі ресейлік боксшы Андрей Замковой күтіп тұрған еді. 2012 жылғы Лондон Олимпиадасының жартылай финалында отандасымыз Серік Сәпиевтен жеңілген Замковой қазақстандық жанкүйерлерге жақсы таныс. 2018 жылдан бастап карьерасын қайта жалғастырған ол сол жылы Ресей біріншілігінде топ жарса, араға жыл салып өз елінде өткен әлем чемпионатында жасындай жарқылдады. Биыл 34 жасқа толатын ресейлік боксшы әлем біріншілігінің жартылай финалында еліміздің бірінші нөмірлі боксшысы Абылайхан Жүсіповті 5:0 есебімен қапы қалдырған еді. «Губернатор кубогына» нағыз бабында келген Асланбек Шымбергенов финалда Ресей боксшысын өз еліндегі жарыста төрешілердің бірауыз шешімімен жеңіп, турнир жеңімпазы атанды.
Ел қоржынына екінші алтынды 81 килоға дейінгі салмақ дәрежесінде шаршы алаңға шыққан Бекзат Нұрдәулетов салды. 2019 жылы Ресейдегі әлем чемпионатында алтын медаль олжалаған отандасымыз бұл жолы да Ресей төріндегі жарыста қарсылас шақ келтірмеді. Қазақстан чемпионы жартылай финалда әлем біріншілігінің финалында кездескен өзбекстандық Дилшодбек Рузметовті жеңсе, финалда шаршы алаң иесі – Имам Хатаевты нокдаунға түсіріп, қарсыласын өз жанкүйерлері алдында күмәнсіз жеңді. Дегенмен ресейлік боксшымен өткен жекпе-жектің бірінші раундында отандасымыздың өзі де күтпеген жерде соққы өткізіп алып, нокдаунға түсіп қалған-тын. Бірақ қалған екі раундта Нұрдәулетов төрешілердің бұра тартуына жол бермеді.
Өкінішке қарай, 52 кило салмақта бақ сынаған былтырғы Қазақстан чемпионы, 2019 жылғы жастар арасындағы әлем чемпионатының қола жүлдегері, жас әрі дарынды боксшымыз Махмұд Сабырхан финалдық сайыста Рио Олимпиадасының чемпионы өзбекстандық Шохобиддин Зоировпен жұдырықтасты. Тең дәрежеде өткен жекпе-жекте төрешілер жеңісті өзбек боксшысына берді. Финалда жеңілген Махмұд Сабырхан жарыстың күміс жүлдесіне ие болды. Сондай-ақ 75 килодағы отандасымыз Әбілхан Аманқұл денсаулығына байланысты шешуші жекпе-жекке шыққан жоқ. Нәтижесінде, бұл салмақта жеңіс автоматты түрде ресейлік Глеб Бакшиге берілді. Сонымен қатар бұл жарыста қазақстандық боксшылар үш қола жүлдені жеңіп алды. Атап айтқанда, Даниял Сәбит (49 кг), Бекнұр Ожанов (60 кг) және Айбек Оралбай (91 кг) қоланы қанағат тұтты.
Осылайша, бокстан Қазақстан ерлер құрамасы «Губернатор кубогында» екі алтын, екі күміс және үш қола жүлдемен жалпыкомандалық есепте үшінші орын алды. Бірінші орын 18 медаль (4 алтын, 6 күміс, 8 қола) жеңіп алған Ресей боксшыларына бұйырса, екінші орынға 4 алтын, 1 күміс және 1 қола медаль иеленген Өзбекстан құрамасы жайғасты.