Қазақстандық теннисші Зара Дәркен Сербия астанасы – Белградта өткен үшінші санаттағы Tennis Europe 14&U халықаралық турнирінде топ жарды.
Қазақстан Теннис федерациясы таратқан мәлімет бойынша жерлесіміз жекелей және жұптық сында да үздік шықты. Зара Дәркен бастапқы бәсекелерде сербиялық Ива Ковашевичті екі сетте 6:0, 6:0 есебімен тас-талқанын шығарса, екінші айналымда тағы бір сербиялық теннисші Александра Джокичтен басым түсті – 6:1, 6:3. Ширек финалда Стела Дзимовичті, жартылай финалда босниялық Лана Петковичті айқын басымдықпен тізе бүктірген отандасымыз финалда корт иесі сербиялық Петра Коньикушичпен кездесті. Қазақстандық теннисші 6:2, 6:3 есебімен жеңіске жетті. Сөйтіп, Зара маусымдағы үшінші жеңісіне қол жеткізді. Соның екеуі оның жұптық сындағы табысы еді.
Сонымен қатар З.Дәркен кеше осы жарыста германиялық Настасия Нестеровичпен бірге жұптық сында да жеңістің ең биік тұғырына көтерілді.