Жеңіл атлетикадан Түркияда халықаралық турнирге қатысқан Қазақстан құрамасының спортшылары елге табысты оралды. Жерлестеріміз екі алтын және екі күміс медаль жеңіп алды.
Халықаралық жарыстың қорытындысы бойынша 100 және 400 метрге жүгіруде отандастарымыздан Римма Кашафутдинова мен Аделина Ахметова алдына жан салмады. Аталған қашықтықты бірінші болып жүгіріп өткен екі спортшымыз тұғырдың биік сатысынан көрінді.
200 метрге жүгіруде бақ сынаған Диана Нүсіпбекова мен Виталий Зевс мәреге екінші жетіп, байрақты бәсекенің күміс жүлдегерлері қатарынан көрінді. Өкінішке қарай, Вячеслав Зевс (400 м) пен Владислав Григорьев (100 м) қола жүлдеге сынық сүйем қалғанда қарсыластарына жол беріп, бұл сында жарысты төртінші орынмен аяқтады.