Дәл қазір мамандар Қызылорда қаласындағы эпидахуалды тұрақсыз деп бағалап отыр. Бес күн бұрын облыс орталығы «қызыл аймақта» тұрған өңірлер қатарына енді. Соңғы аптада күніне 36-дан 44-ке дейін жағдай тіркелуде. Осылайша сырқаттанушылық көрсеткіші алдыңғы аптадан 63,4 пайызға жоғарылады, деп хабарлайды Egemen.kz
Пандемия басталғалы бері қала бойынша ауырғандар саны 3170 адам, осының 1102-сі жыл басынан бері анықталғандар. Қалада тәулігіне орта есеппен 250-300 сынама жүргізіледі. Сынама қорытындысына жасалған зерттеу сәуір айында COVID-19 індетімен сырқаттанушылық көрсеткіші қаңтардан – 3,8, ақпан айындағы көрсеткіштен 3,7, ал наурыздағы айындағы деңгейден 4,9 есе асқанын көрсетті. Жалпы ауырғандар арасында ересектер көп – 81 пайыз. Балалар үлесі – 19,0, ал жасөспірімдер 1,9% болып тұр.
– Вирус жұқтырғандардың көбеюінің негізгі себебі тұрғындардың карантиндік шараларды сақтамауы. Қаладағы 12 егу кабинетінде вакцинациялау жалғасуда, сондай-ақ жылжымалы егу пункттері де жұмыс істеп тұр. Алда ірі сауда-ойын орталықтары мен сауда үйлерінде екпе орындарын ашу жоспарда тұр. Қазір бұл бағытта дайындық жұмыстары жүргізілуде. Ондағы санитариялық-эпидемиялық талаптар да медициналық ұйымдағыдай қатаң сақталатын болады. Қала бойынша 1-ші ақпаннан бастап 15 174 адам егудің бірінші компонентімен, 5002 тұрғын екінші компонентпен қамтылып отыр, – деді Қызылорда қаласының бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Ерлан Ұзақбаев.
Жыл басынан бері шектеу талаптарының сақталуына жасалған тексеру барысында 62 айыппұл салынған. Елу екі нысан жоспардан тыс тексеріліп, ұйғарым берілді.
Дәл қазір 12 шұғыл хабарлама бойынша тиісті тексеру тағайындалды. Жалпы жыл басынан бері карантиндік режим талаптарын бұзғандарға ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық тарулы кодексінің 425 бабының 1-ші бөлігімен 5 332 260 теңге айыппұл салынып отыр.