Ел тәуелсіздігінің 30 жылы ішінде жолға қойылып, күрмеуі шешілген мәселе қаншама?! Егемендіктің алғашқы күнінен бастап қолға алынған бірқатар реформа бүгінде оң нәтижесін беріп жатыр. Халықтың әлеуметтік жағдайы – Үкімет атқарған жұмыстың елеулі көрсеткіші. Ал азаматтардың жұмыспен қамтылуы қай ел үшін де өзекті, ескірмес мәселе. Осы орайда тәуелсіз даму жылдары ел болашағы – жастарды жұмыспен қамту мәселесі қалай шешілді деген сауалға жауап іздеуді жөн көрдік.
Жалпы, жастарды жұмыспен қамту мәселесі – қай заманда да Үкіметтің күн тәртібінен түспеген маңызды мәселе. 2015 жылы 2004 жылы қабылданған «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік жастар саясаты туралы» заңның күші жойылып, «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» жаңа заң қабылданды. Соған сай Қазақстанның 14 пен 29 жас аралығындағы азаматтары жастар қатарына жатқызылатыны анықтап алынды. Ұлттық статистика агенттігінің ақпаратына назар аударсақ, 14-29 жас аралығындағы азаматтар жалпы халық санының 20,2 пайызын құрайды екен, яғни 3,7 млн-нан астам адам. Олардың көпшілігі қалада тұрады. Ауыл жастарының саны 1,6 млн-нан сәл асады.
Бүгінде жастар мәселесіне жауапты арнайы мемлекеттік орган жоқ. Жастардың жұмыспен қамтылуы мен әлеуметтік мәселелеріне Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жауапты болса, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі жастар ұйымдары мен олардың атқаратын қызметін қадағалайды. Ал сәл тарихи шегініс жасайтын болсақ, 1993 пен 1997 жылдар арасында Жастар ісі, туризм және спорт министрлігі жұмыс істеген. Кейін, 1999 жылы Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен мемлекеттік жастар саясатының тұжырымдамасы қабылданған. Аталған құжат аясында бірқатар ұйым құрылып, мемлекеттік бағдарламалар қолға алынды.
Осы ретте «Қазақстан жастары», «Қазақстан Республикасының азаматтарын патриоттық тәрбиелеу» бағдарламалары мен «Қазақстан-2020: болашаққа жол» тұжырымдамасын атап өткен жөн. Барлық құжат жастардың жан-жақты дамуы, жастар ұйымдарындағы, өзін өзі басқарудағы белсенділігі мен патриоттық тәрбиесі, білім алу мен жұмыспен қамтылуын жақсартуды мақсат етті.
«Жастар жылы» деп бекітілген 2019 жыл жастар саясатына жаңа серпін берді. Атап айтар болсақ, қай уақытта да түйіні табылмаған баспана мәселесін шешу үшін жұмыс істейтін жастарға жалдамалы пәтерлер беріліп, талай отбасы бүгінде шаңырақ иелеріне айналды.
«Еңбек», «Жасыл ел», «Жастар практикасы», «Дипломмен – ауылға!» бағдарламалары көп жастың жұмыспен қамтылуына жол ашып, маман тапшылығы мәселесін жоюға септігін тигізді.
Ұлттық статистика комитетінің ақпаратына сай, 2021 жылдың 1 тоқсанында 15-28 жас аралығындағы еңбекпен қамтылған жастар саны 2 018 200-ден асқан. Олардың көбі сауда, ауыл шаруашылығы мен білім беру ұйымдарында қызмет етеді. Өзін өзі жұмыспен қамтыған жастар 500 мыңға жуықтайды.
Ал Президенттік жастар кадрлық резервін құру республикамыздың түкпір-түкпіріндегі жастардың серпілуіне сеп болып, әлеуметтік лифтке айналып отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен еліміздің жалынды жастарын біріктірген жоба мемлекеттік саясатта өз орнын тауып, талай жастың еңбек жолында ілгерілеуіне жол ашты.
Президент бұл бағдарламаға қатысты мынадай ой айтты: «Бүгінгі жас буынның билікке келетін уақыты алыс емес. Сіздер мемлекетті басқару тізгінін алуға дайын болып, тиісті білім мен білікті меңгерулеріңіз қажет. Жастарымыз ел дамуының жаңа тарихи кезеңіне дайын болуы керек. Білім мен білік өршілдіктен биік тұруы тиіс. Жаңару үдерісі – ішкі саясаттағы басым бағыттардың бірі. Кадр резервін жасақтау жұмыстары мұнымен тоқтап қалмайды, жалғаса береді. Оның қатарына ынталы және лайықты жастар кіреді. Алдағы кезеңде ХХІ ғасырдың табысты мемлекетін құруға дайын кәсіпкерлердің, ғалымдардың, мәдениет қайраткерлерінің, инноваторлардың және басқа да талантты жастардың жаңа буынына белсенді қолдау көрсетеміз. Түрлі салаға жауапкершілікті алудан, қалыптан тыс және тиімді шешімдер қабылдаудан қорықпайтын жаңа формациядағы басқарушылар тобы қажет».
Жасақталған мамандар құрамының алғашқы легі жаңа қызметтеріне кірісіп үлгерді. Берісі қалалық, облыстық әкімдіктерге шақырту алса, әрісі корпорация басшыларының кеңесшілері болып тағайындалды. Оған қоса, Мәжіліс депутаттарының санын Президенттік жастар кадрлық резервінің 2 мүшесі толықтырды.
Қабілетті жастарға демеу болған жобаға 13 мыңға жуық жас азамат қызығушылық танытқан. Бірнеше кезеңнен тұратын іріктеуден 330 маман топ жарып, ақтық мәреде бақ сынасты. Үміткерлер – әртүрлі сала мамандары, әртүрлі өңір тумалары. Атап айтар болсақ, 106 жеке сектор қызметкері, квазимемлекеттік сектордың 98 қызметкері және 96 мемлекеттік қызметші резерв тізіміне ілікті.
Бір қызығы, мемлекеттік қызмет саласына сол саланың жілігін шаққандар ғана емес, жеке кәсіпкерлер мен технология саласында еңбек етіп жүрген өрендер де талаптанды.
Сонымен қатар конкурста Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларымен қатар, Қарағанды, Шығыс Қазақстан облыстарының жастары да ерекше белсенділік танытқан. Бұл мемлекеттік қызметке басқа аймақтағы жастардың да таласы барының көрінісі. Сондай-ақ білім қуып шетел асып кеткен азаматтарымыз да қалыс қалмады. Өйткені жобаға қатысуға Әзербайжан, Ұлыбритания, Германия, Ресей, Түркия және Франциядағы бауырларымыздан өтініштер келіп түскен.
Бағдарламаны үйлестіру жұмысымен айналысқан Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің ақпараты бойынша, «жүзден – жүйрік, мыңнан тұлпар шыққан», іріктелген жас мамандардың бүгінде 36,5%-ы инфрақұрылым мен сервистік салаларды дамыту, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы және қоршаған ортаны қорғау саласында, 21,5%-ы экономикалық және қаржылық, 7%-ы сыртқы және ішкі саясат, 5%-ы әлеуметтік, 4%-ы құқықтық саясат салаларында, сондай-ақ 12%-ы өңірлік және 14%-ы басқару топтарында қарастырылған қызметтерді таңдаған. Яғни білімі мен тәжірибесіне байланысты бағыттары ескерілген. Бұл тұрғыда ғылым мен білім саласы да назардан тыс қалмаған.
Жақында ғана Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің басшысы Анар Жайылғанова Президенттік жастар кадрлық резервіне екінші іріктеу басталғанын хабарлады. Бұдан шығатын қорытынды: жастарды мемлекеттік басқару саясатына араластыру әлі де жалғаспақ. Ал бірінші лектегі мамандар қазір жауапты қызметтерді абыроймен атқарып жүр.