Үш жыл бұрын Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Президент Әкімшілігі мен Жазушылар одағының ұйымдастыруымен әр өңірден арнайы шығармашылық топтар құрылып, облыс-аудандарға әдеби экспедициялар ұйымдастырып, жүргізілген зерттеу жұмыстары негізінде көркем шығарма жазу қолға алынған «Әдеби өлкетануды дамыту» жобасы бастау алған еді. Әлқисса.
Қаламгерлердің облыстардың рухани өмірімен танысып, тың туындылар жазуына мүмкіндік беру арқылы еліміздің тарихи орындары мен ұлттық құндылықтарын насихаттауды мақсат тұтқан әдеби жобаның нәтижесі де жаман болмады. Қазақстанның түкпір-түкпіріне сапар шегіп, алдағы шығармаларына арқау іздеген жоба авторларына елімізде әр жылдары жазылған шығармалардың әдеби картасын жасау, аймақтарда жалпыхалықтық деңгейге шықпаған әдеби-рухани жәдігерлерді зерттеу һәм Тәуелсіздік алғаннан кейінгі өңірлерде болып жатқан мәдени-рухани оң өзгерістер туралы және классикалық шығармаларда кездескен тарихи орындардың бүгінгі жай-күйі негізінде жаңа материалдар дайындау міндеттелді.
Ақмола облысынан бастау алып, он төрт облысты қамтыған жобаға елуге жуық ақын-жазушы, әдебиетші екі бағыт бойынша (әдеби өлкетану, тарихи-әдеби өлкетану) қатысты. Нәтижесінде, 2018-2019 жылдарда 50-ге тарта поэзия, проза, драматургия, деректі проза және ғылыми-танымдық еңбек жазылған. Ал былтырдан бері әлемді жаулаған пандемиялық жағдайға байланысты жоба тоқтап тұр.
Әдеби жобаның шарты бойынша шығарма көлемі кем дегенде 150 бетті құрауы керек. Сондай-ақ жазылған еңбектер одаққа өткізіліп, белгілі ақын-жазушылар мен әдебиетші-ғалымдардан құралған комиссияның қарауына жіберіледі. Жобаны негізінен әр облыстың әкімдігі қаржыландырады. Соның есебінен әр қаламгерге 500 000 теңге көлемінде қаламақы белгіленген.
Әдеби өлкетану: кім не жазды?
Жоба авторлары жер-жерге рухани-саяхатқа шыққан сапарда әркім хал-қадерінше қаламына жүк боларлық тақырып тапқан-ды. Мәселен, жазушы Құлтөлеу Мұқаш «Қарағанды күліп тұр» хикаят-эссесіне қалам тартты. Еске салсақ, көмірлі өлкенің тынымсыз тіршілігі Ғабиден Мұстафиннің «Қарағанды», Ғабит Мүсіреповтің «Оянған өлке», «Жат қолында», Саттар Ерубаевтың «Менің құрдастарым» романдарына арқау болған еді. Ал кезекті туындыда кеншілер шаһарының әдебиеттегі бейнесі тың бағытта суреттеліп отыр.
Жамбыл облысына барған әдебиетші Құлбек Ергөбек Бауыржан Момышұлы туралы «Жөргем» атты зерттеу еңбегін жазып қайтты. Автор бұл жоба ең алғаш Кеңес одағы кезінде бастау алғанын айтты. «Мәскеуде «История отечества» деген жоба болды. Одан 30 том кітап шықты. Сол секілді бізде де өңірлер тарихын баяндайтын очерктер жазу бастамасын «Жалын» баспасы қолға алған болатын. Сонда жазылған Бексұлтан Нұржекеевтің «Өзендер өрнектеген өлке» деген кітабы ерекше есімде қалыпты. Ал қазіргі «Әдеби өлкетану» жобасы бір кезде нышана көрсетіп, кейін аяқсыз қалған бағдарды арнайы жоба ретінде ұсынып, жаңғыртып отыр. Бұл жоба бойынша Жамбыл облысына арнайы сапармен барып, Баласағұн даласынан, тарихынан әңгімеледім. Бауыржан Момышұлының әскери өмірі А.Бек, Ә.Нұршайықовтың шығармаларында көп айтылды. Ал оның әдеби ортада айтылмай жүрген «Наша семья» деген романын Тұтқабай Иманбеков «Ұшқан ұя» деген атпен еркін аударды. Мен осы мемуардағы оқиға өтетін жерлерді аралап, қырғызбен шекараға дейін барып көрдім. Осылайша, Бауыржан Момышұлын жаңа қырынан, мемуарист Бауыржан Момышұлы ретінде бейнеледім. Сондай-ақ осы өңірден шыққан қаламгерлер – Ш.Мұртаза, М.Жолдасбеков, М.Мырзахметов, Ж.Дәдебаев – менің кейіпкерлерім болды. Яғни бұл еңбек бірыңғай әдеби емес, Жамбыл облысын бүгінімен ғана емес, өткенімен де сабақтастырған тарихи-әдеби өлкетану очеркі болып шықты», деді автор.
Сонымен қатар Қостанай облысын аралаған жазушы Серікбай Байхонов «Ғажайып тұнған өлке» деректі шығармасын ұсынса, ақын Мейірхан Ақдәулетұлы «Ақтөбе» деректі танымдық зерттеулер жинағын жазды. Иранбек Оразбаев Қызылорда облысынан «Баймұрат батыр» драмалық дастанын «арқалап» қайтса, Алматы облысына сапарлаған Гүлнар Салықбай «Нұрила» («Соңғы жыр») пьеса-элегиясын жазды. Ақын Жарас Сәрсек «Кереку жақтан келемін» атты өлеңдер топтамасын Павлодар облысынан дайындаса, Маралтай Райымбекұлы Атырау сапарынан «Аруана» поэмасын жазып қайтты. Бұл қатарға сыншы Бақыт Сарбалаұлын «Түркістанның төрт тұлғасы» зерттеу еңбегімен, мәдениеттанушы Зира Наурызбаеваны «Мангистау магический» атты орыс тілінде жазылған зерттеу шығармасымен, ақын Әбубәкір Қайранды «Семей» топтама өлеңдерімен, жазушылар Дархан Бейсенбекұлын «Қапастағы қожайын» мини-романымен, Мақсат Мәлікті «Түркістан хикаялары» әңгімелер жинағымен, Бейбіт Сарыбайды «Тараз хикаялары» атты әңгімелер жинағымен, Алмаз Мырзахметті «Астана мозаикалары» көркем шығармасымен және т.б. жоба авторларын қоса аламыз.
Әдеби жобаның екі жылда атқарылған жұмысы нәтижесінде былтыр мемлекеттік тапсырыспен тоғыз кітап жарыққа шықты. Яғни әр облысқа бөлінген үш автордың еңбегі бір кітапқа енген. «Әдебиет» баспасынан 3 000 данамен басылып шыққан тоғыз жинақ кітапханаларға таратылды. Атап өтсек, Алматы қаласы баяндалған «Бостандықтың бесігі – ару қала», Нұр-Сұлтан қаласы бойынша «Еңселі елордасы қазағымның», Павлодар облысы бойынша «Баянауыл басында балалы құр...», Маңғыстау облысы бойынша «Отпан таудың басында ұран оты...», Жамбыл облысы бойынша «Хандықтың туын тіккен киелі өлке», Атырау облысы бойынша «Жайықтың бойы – көк шалғын», Қызылорда облысы бойынша «Аралдан ұшқан аққулар», Ақмола облысы бойынша «Арқаның кербез сұлу Көкшетауы», Түркістан облысы бойынша «Түркістан – ер Түріктің бесігі ғой» атты жинақтар аталған жобаның жемісіне айналып отыр. Ұйымдастырушылардың сөзінше, қалған шығармалар алдағы уақытта жарияланбақ.
Республикамыздың әр аймағындағы әдебиетті, мәдениетті тереңінен танып, өлкеміздің тарихын зерттеп-зерделеп, оны көркем тілмен жеткізу ұлттық әдебиетімізге қосылатын мол үлес, өркендеуіне жол ашу екенін ескерсек, «Әдеби өлкетану» жобасы алдағы уақытта жалғасын табуы тиіс деп білеміз.