• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Оқиға 28 Сәуір, 2021

Самал «Ника» сыйлығын алды

342 рет
көрсетілді

«Айка» фильміндегі сәтті ізденісі арқылы атағы айдай әлемге танылған отандық актриса Самал Еслямова тағы бір айту­лы жеңісімен хал­қы­нан сүйінші сұрады. 2018 жылғы Канн кино­фестивалінде «Үздік әйел рөлі» аталымында топ жарып, талайды тамсант­қан өнер иесі күні кеше ресей­лік киноакадемия тағайын­даған «Ника» сыйлығына ие болды. Бұл марапат та оған Айка рөлі үшін табыс­тал­ды.

 

Ресейлік үздік кино туынды­ларға жыл сайын берілетін айтулы жүлдені табыстау рәсімі былтыр пандемияға байланысты өткізілмей қалған еді. Биыл сол олқылықтың орнын толтырып, ресейлік кино мамандар екі жылдың қорытындысын қатар шығарды. Нәтижесінде, 2019 жылдың қорытындысы бойынша режиссер Сергей Дворцевойдың «Айка» филь­міндегі жарқын ізде­нісі үшін Самал Еслямова үздік актри­­са деп танылып, «Ника» сый­лы­­ғы­мен қанжыға майлады.

– Өте қуаныштымын. Бұл менің ғана емес, фильм түсі­рі­ліміне атса­лысқан барша шы­­ғар­машылық ұжым­ның же­ңісі деп білемін. Алай­да өзім Мәскеуде өткен ма­рапат­тау рәсіміне бара алмадым. Сыйлықты мен үшін фильмнің екінші режиссері, актер Вяче­слав Агашкин алды. Слава бол­ма­са, бұл фильм сәл өзгеше болар ма еді?.. Ол жүгіріп жүріп, түсірілім орындарын, әртістерді де өзі тапқан өте еңбекқор адам. Осы сәтті пайдаланып мен тағы бір мәрте «Айка» фильміндегі барлық әріптестеріме рахмет айтқым келеді, – деді актриса Са­мал Еслямова ағынан жары­­лып.

Фильм жат елде заңсыз жалдамалы жұмыс істейтін жандар­дың қиын да қайшылықты өмірін боямасыз суреттейді. Жос­пардан тыс жүкті болып, жас­тық албырттықпен сәбиін пер­зентханада тастап кетуге мәжбүр болған, кейін қатесін тү­сініп баласын іздеуге бел буған қырғыз қызының басы­нан өткен қиындық пен тауқыметке толы психологиялық күйді баян­­дайтын картина өзінің тақы­­рып ауқымдылығы һәм шы­­найылығымен жалпы ха­лық­тық прокатқа шықпай тұ­рып-ақ, 2018 жылы Канн кино­фестивалінде үздік атанып, кино әлемін дүр сілкінткен болатын. Сын­шы­лардың жоғары бағасына ие бо­лып, талай байқауда үздіктер тұғы­рынан көрініп жүрген туын­дының бұл кезекті жүлдесі де сол тынымсыз еңбек пен маңдай тердің жемісі болса керек.

– Актерге туа бітті таланттан бөлек, мінез де қажет. Самалдың бойында қолға алған ісін соңына жеткізбей тынбайтын қайсар да өжет мінез бар. Сырттай өте нәзік көрінгенімен, ішкі қуаты мықты. Самал жарқ-жұрқты басты планға шығарған иллюстратор емес, шын мәніндегі сезімнің актрисасы. Осы тұрғыдан келгенде біз жақсы түсіністік. «Айканың» кезекті жеңісі де сол ізденіс пен тереңдіктің нәтижесі екені сөзсіз, – деді фильм режиссері Сергей Дворцевой.

«Айка» – режиссер Сергей Дворцевойдың 2018 жылы жарық көрген драмалық фильмі. Картина сол жылы 71-ші Канн кинофестивалінің басты байқау бағдарламасына қатысып, онда Самал «Үздік актриса» атанса, іле Котбусте (Германия) өткен 28-ші Халықаралық кинофестивальдің және Токио кинофестивалінің Гран-приін иеленді. Одан бөлек Түркияны да тәнті еткен туынды, кезекті түрік кинофестивалінде сыншылар қауымының ілтипа­тына бөленіп, «Үздік актриса» ата­лымындағы жүлдені қазақ қызы­ның қанжығасына байлап берген болатын. Енді міне, Ресей кино мамандарының да жоғары баға­сын алып, бірауыздан қол­дауы­на ие болған Самалдың таланты «Ника» сыйлығымен және бір мәрте мо­йындалып отыр.

Иә, еңбек пен ізденіс бар жер­­де жеңістің де қатар жүруі заң­ды. Самалдың таланты мен экран­дағы шынайы ойыны һәм кино кеңіс­тігіндегі жемісті жо­лы со­ның айғағы. Аз ғана уақыт іші­нде төрткүл дүние назарын өзіне бұрғызып, тақырып ауқым­ды­лы­ғымен де, көркемдік сапа дең­гейімен де талайды тәнті еткен фильмнің алдағы уақытта да бағын­дырар белесі мол болсын демекпіз.