Алматы облысында шағын қалалар мен аудан орталықтарындағы көп пәтерлі үйлерді жылумен қамту мәселесі оң шешімін тауып жатыр. Бұл өз кезегінде тұрғындардың әлеуметтік жағдайын оңалтуға да ықпал етуде. Мәселен, бұған дейін бесінші қабаттағы баспананың балконынан мұржа шығарып, пешке от жағып келген адамдар орталық жылу жүйесінің іске қосылғанына дән риза. Ал бұл нәтижелі жұмыс аймақта жекелеген тұрғын үйлерге блокты-модульді қазандықтар орнату бастамасынан кейін жүзеге асырылды.
Жалпы, облыстағы жылыту желілерінің ұзындығы 512,6 шақырымды құрайды. Осы ұзын-сонар құбыр желісінің күтіп, баптау мен жаңғырту жұмысы да күн тәртібінен түскен емес. Мысалы, өткен жылы тұрғындарды жылумен жабдықтау бойынша 16 жоба іске асып, оған бюджеттен 7 млрд теңге бөлініпті. Оның ішінде 10 шақырымнан астам жылу желілері салынып, қайта жаңартылған. Айтпақшы, бұдан 1-2 жыл бұрын аймақтағы жылу құбырларының 49 пайызының тозығы жеткені айтылса, қазір бұл көрсеткіш 46 пайызға дейін азайған көрінеді. Бұл деректерден негізінен орталық жылу жүйесі тұрақты жұмыс істеп тұрған орталық қалалардағы жағдайды бағамдауға болады. Ал шағын қалалар мен аудан орталықтарындағы көп пәтерлі тұрғын үйлерді жылумен қамту мәселесі түбегейлі шешімін тапты деуге әлі ерте. Дегенмен, бөлінген қаржының көлемі мен атқарылған істің беталысына қарап, жағдай бірер жылда толығымен жақсарады деуге негіз бар.
Оның бір дәлелін былтыр Талғар және Қаскелең қалаларында 14 жоба іске асырылғанынан аңғаруға болады. Яғни бұл екі шағын қалада 1041 абоненті бар 23 көп пәтерлі тұрғын үй блокты-модульді қазандықтарға қосылып, жылу орталық жылыту жүйесінен беріле бастаған. Қазір 105 көп қабатты үйді орталық жылыту жүйесіне қосуға бағытталған 40 жобаның жобалық-сметалық құжаттары дайын тұр екен. Жоба жүзеге асқанда Талғар ауданындағы 13 көп қабатты үйге тағы 11 блокты-модульді қазандық, Қарасай ауданында 12 көп қабатты үйге 3 блокты-модульді қазандық, Еңбекшіқазақ ауданында 65 көп қабатты үйге 20 блокты-модульді қазандық, Панфилов ауданында 15 көп пәтерлі үйлер үшін 6 блокты-модульді қазандық орнатылмақ. Дәл осындай жұмыстар Қаратал ауданының Үштөбе қаласында да жүргізіледі. Атап айтқанда, «Үштөбе қаласындағы газ тарату желісінің құрылысы» жобасының аясында 633 абонентті қамти отырып, 16 көп қабатты үйге 4 блокты-модульді қазандық орнатылады деген үміт бар. Сондай-ақ биыл Еңбекшіқазақ, Қарасай, Панфилов, Ұйғыр аудандарында мемлекет-жекеменшік әріптестік аясында 109 көп қабатты үйге арнап 36 блокты-модульді қазандық салынады.
Талғар демекші, Алматы маңындағы бұл шағын қалада қазандық қою ісі 2018 жылдан басталған еді. Бүгінге дейін аудан орталығында 32 блокты-модульді қазандық орнатылған. Яғни қазір 142 көп пәтерлі үй немесе 4 489 абонент газбен жылитын қазандықтар арқылы орталық жылыту жүйесіне қосылып, қыстан қысылмай шығып отыр. Тағы бір ерекше тоқталатын нәрсе, қаладағы үйлерді шағын қазандықтарға қосу барысында тұрғын үй алабының аулаларын абаттандыру ісі де қоса жүріп жатыр екен. Мәселен, былтыр осы Талғар бойынша аулаішілік алаңдарды абаттандыру жобаларын іске асыруға 1 млрд 311 млн теңге бөлінген. Бұл қаржыға барлығы 123 көп пәтерлі үйі бар 70 аула абаттандырылады. Ал абаттандыруға «Жұмыспен қамту жол картасы» аясында 200 адам тартылып, жұмыспен қамтылған. Жұмыстың сапасы жергілікті тұрғындарды қуантып отыр екен. Олар әсіресе, тұрғын үйлерді блокты-модульді қазандық қосқаннан кейінгі орталық жылуға қол жеткеніне және ұзақ жылдардан бері жөндеу көрмеген аулалардың көркейтіліп жатқанына дән риза.
– Біздің үйде негізінен егде адамдар тұрады. Бұрын олардың көпшілігі өз пәтерлерін жылыту үшін күн сайын жоғарғы қабатқа көмір, отын тасып, кері қарай күл шығаруға мәжбүр болатын. Бұл үлкен адам тұрмақ жастардың өзіне де ауыр ғой. Қазір ол қиыншылықтан құтылдық. Пәтеріміз осы қыста тіпті ыстық болды. Ауланың да ажарын кіргізіп, жаңа келбетке келтіріп қойды. Немерелеріміз емін-еркін ойнап жүр, – дейді Талғар қаласы, Абай көшесіндегі №87 үйдің тұрғындары.
Айтпақшы, Алматы облысындағы шағын қалалар мен аудан орталықтарындағы көп пәтерлі үйлерді жылумен қамту өңірдегі экология талаптарына қатысты мәселені де оңынан шешуге ықпал етіп отыр екен. Атап айтқанда, блокты-модульді қазандықтардың табиғи газға қосылуы шағын қалалардағы үйлердің қатты отын тұтынуын азайтып, қоршаған ортаны ластайтын зиянды заттардың бөлінуін шектеген көрінеді. Былтыр Талдықорған қаласындағы екі жылу қазандығы табиғи газға ауыстырылған болатын, бұған 1,88 млрд теңге қаржы жұмсалған. Нәтижесінде, қаладағы ауа сапасының жақсарғанын тұрғындар да, мамандар да айтып отыр. Бұйырса, биыл облыс орталығындағы тағы екі қазандық табиғи газға ауыстырылады.
Осы экологияға қатысты талаптар Алматы қаласы маңындағы аудандарда өткір тұрғаны анық. Демек, мегаполис іргесіндегі елді мекендердегі көп пәтерлі үйлердің орталық жылыту жүйесіне қосылуы тездетіп аяқталуы тиіс.
– Алматы қаласына жақын орналасқан аудандардағы тұрғын үй алаптарын, әлеуметтік, өндірістік және өзге де нысандарды табиғи газға кезең-кезеңімен көшіру жұмыстары жолға қойылған. Қазіргі таңда 129 көп пәтерлі тұрғын үйге арналған 21 блокты-модульді қазандық пайдалануға берілген. Нәтижесінде, 3 857 абонент орталық жылуға қосылды. Қазір тағы 14 қазандық құрылысы аяқталуға жақын. Бұл жолы 23 көп пәтерлі тұрғын үй орталық жылуға қосылып, 1041 абонент жайлы өмірдің қызығын көрмек. Бұйырса, қала маңындағы аудандардың ғана емес, облыстағы елді мекендердің барлығына табиғи газ желісін жеткізу мақсаты тұр, – дейді тақырыпқа орай пікір білдірген облыс әкімі Амандық Баталов.
Жалпы, Алматы-Талдықорған магистралды газ құбыры салынғаннан кейін бұған дейін көгілдір отын тұтыну көлемі 20 пайыздан аспайтын аймақтағы газ желісіне қосылу көрсеткіші 59 пайызға дейін өскен. Таяу болашақта Талдықорған-Үшарал және Шелек-Кеген бағытындағы магистралды газ желісін салу арқылы шалғайдағы Ақсу, Сарқан, Алакөл, Кеген және Райымбек аудандарының 195 елді мекені газбен қамтылатын болады. Нәтижесінде аймақтың 1,6 млн тұрғыны немесе өңір халқының 76 пайызы көгілдір отынның игілігін көре бастамақ. Ал бұл кезде шағын қалалардың көп қабатты тұрғын үйлеріне газбен жұмыс істейтін блокты-модульді қазандықтар орнатуды 100 пайызға дейін жеткізу мүмкіндігі туады.