Көктемнің көркем күнін карантиннің қатаң талаптары көлегейлегенімен, елордадағы мәдени өнер ошақтары сақтық шараларын барынша сақтай отырып, көрерменін қуантуға қашанда дайын екені көңіл қуантады. Әсіресе демалыс күндерін мағыналы өткізгісі келетін талғампаз қауым үшін «Астана Опера» мен «Астана Балет» театрларының тартуы мол.
Сәуірдің соңғы күндерін барынша сұлуландыруға тырысқан қос театр ұжымы бірнеше күн қатарынан балетсүйер қауымды бекзат өнердің үздік туындыларымен қауыштырды. Әсіресе көзіқарақты көрерменді қатты қуантқан өнер жаңалығы – біршама уақыт үзілістен кейін Б.Асафьевтің «Бақшасарай бұрқағы» балетінің «Астана Опера» театрының репертуарына қайтып оралуы болды. Өнердің айтулы оқиғасын асыға күткен қауым демалыс күндері әйгілі де әсем хореографиялық поэманы тамашалау үшін «Астана Опера» театрына қарай ағылды. Қоюшы балетмейстер, «Астана Опера» балет труппасының көркемдік жетекшісі, Ресейдің халық әртісі Алтынай Асылмұратова Ростислав Захаров хореографиясының түпнұсқасын қайта жаңғырту бойынша жұмыс істеп, тамаша туындыны көрерменімен қауыштырды.
– Біздің міндетіміз – аталған спектакльді түпнұсқаға барынша жақындата түсу. Әрине безендіру сол қалпында қалды. Алайда біз Р.Захаровтың бастапқы нұсқасындай болуы үшін хореография бойынша жұмыс істедік. Мен бұл спектакльді көріп өстім, алғаш рет ол 1934 жылы Киров театрының сахнасында қойылып, кейінгі жылдары да көрсетілді», деп қойылым алдында дайындық барысындағы шығармашылық ізденісімен бөліскен қоюшы балетмейстер Алтынай Асылмұратованың «Бақшасарай бұрқағы» балетіне сыйлаған бейнелі тілі мен көркем көзқарасы театрға жиналған көрерменнің таңданысын арттырды. Ал қоюшы дирижер Арман Оразғалиев оркестрдің мінсіз дыбысталуына жауап берсе, сахнаның шығыс нақыштағы жабдықтарын қоюшы-суретші, қазіргі заманның атақты сценографы Эцио Фриджерио мен костюмдер бойынша суретші, «Оскар» сыйлығының иегері Франка Скуарчапиноның ұшқыр қиялы одан әрі көріктендіре түсті.
Театр тарихына көз жүгіртсек, композитор Борис Асафьевтің «Бақшасарай бұрқағы» балетінің әлемдік тұсаукесері 1934 жылдың 28 қыркүйегінде Ленинградтағы С.М.Киров атындағы мемлекеттік академиялық опера және балет театрында (Мариинский) кесілді. Содан бері 90 жылға жуық уақыт бойы үзіліссіз әлемнің үздік балет труппаларының орындауында көрерменнің көркем талғамын қалыптастыру жолында қызмет етіп келеді. Әйгілі балеттің дүниежүзілік сахналарды бағындырған бұл жетістігі һәм жеңісі «Астана Опера» театры төрінде қайта жаңғырып, жаңашыл бағытта елордалық бекзат өнер бағалаушыларына үн қатты.
Демалыс күндерінің көркін кіргізген «Астана Операдағы» «Бақшасарай бұрқағы» балетінің тамаша әсерін «Астана Балет» театры сахнасында қойылған Мукарам Авахридің «Бейбарыс сұлтан» балеті одан әрі сәтті жалғады. Мысыр мен Сирия сұлтаны Бейбарыстың ғұмырын суреттейтін ауқымды қойылым тұсауы кесілген күннен бастап-ақ өнердің үлкен жаңалығына айналғандығынан балетсүйер қауым хабардар. Спектакль сюжеті Бейбарыстың балалық шағын суреттеуден басталады. Ауылдың мамыражай тіршілігін бұзған шапқыншылар құл базарында сату үшін ұл балаларды алып кетеді. Сөйтіп мәмлүк әскерінің қатарына қабылданған Бейбарысты күндіз-түні әскери дайындықтан өткізеді. Тума қабілетінің арқасында ол сұлтанның үзеңгілес ұланы мәртебесіне ие болып, ақыр соңында Мәмлүк сұлтанатының әміршісіне айналды.
– Былтыр желтоқсан айында көрермен қауым бұл спектакльді алғаш тамашалаған еді. «Балет пен ұлттық биді қолдау және дамыту қоры» мен бас серіктес «Самұрық-Қазына» АҚ қолдауымен өткен премьера қалың көпшілікті елең еткізген отандық балет өнеріндегі айтулы құбылысқа айналды. Өйткені балет қойылымымен қатар, Қазақстанда тұңғыш рет осы аттас телебалет түсірілімі де өткен болатын», деп тамаша қойылымның ерекшелігіне тоқталған «Астана Балет» театрының көркемдік жетекшісі РФ еңбек сіңірген қайраткері Нұрлан Қанетов «Бейбарыс сұлтан» балетінің бүгінде «Астана Балет» театры репертуарындағы үздік туындылардың көшін бастайтындығын да зор мақтанышпен атап өтті.
Спектакльдің сахнаға жол тартуына еліміздің танымал өнер қайраткерлері қатысты. Атап айтсақ, қоюшы-хореограф Мукарам Авахри, композиторлар Хамит Шаңғалиев пен Әлибек Әлпиев және ақын, либретто авторы Бақыт Қайырбековтің шығармашылық одағы айтулы балетке шын мәнінде тамаша тыныс сыйлады. Сонымен қатар қойылым жұмыстарына атсалысқан қоюшы-суретші Леонид Басин, жарық суретшісі Арсения Сафиуллина мен оның ассистенті Роберт Даутов, костюм суретшісі Ася Соловьеваның сахнадағы соны ізденістері де көрермен назарынан тыс қалған жоқ. Әсем балеттен ғаламат әсер алған талғампаз қауым қойылым соңында толассыз соғылған қошеметімен театр труппасына риясыз ықыласын білдірді. Елорданың мәдени өміріне теңдессіз көркемдік пен тамаша тыныс сыйлаған айтулы өнер ұжымдары шын мәнінде зор құрметке лайық.