Қазақстандық теннисші Григорий Ломакин Мысыр астанасы – Каирде өткен ITF Men M15 Cairo турнирінің жұптық сынында бас жүлдені жеңіп алды.
Қазақстан теннис федерациясының мәліметі бойынша, 23 жастағы теміртаулық спортшы жүлде қоры 15 мың АҚШ долларын құраған додаға Қазақстан құрамасынан жалғыз өзі қатысқан. Жарыста 25 жастағы германиялық спортшы Кай Вехнельтпен жұп құрап өнер көрсеткен жерлесіміз барлық кездесуін жеңіспен аяқтаған. Қазақстандық-германиялық жұп финалда аргентиналық Хуан Игнасио Гапарсу мен Хуан Пабло Пастан екі сетте 6:4, 6:2 есебімен басым түсіп, халықаралық жарыста топ жарып отыр.
Г.Ломакин мен К.Вехнельт іріктеу кезеңінде италиялық Даниэли Капеччи мен Франческо Пассароны үш сетте 3:6, 6:3, 10:5 есебімен жеңіп жарыс жолынан ығыстырса, ширек финалда жапониялық спортшылар Шохей Чиками мен Римпей Кавакамиді екі сетте 6:2, 7:6 және жартылай финалда америкалық Оливер Кроуфорд пен германиялық Бенедикті үш сетте 3:6, 6:3, 10:8 нәтижесімен тізе бүктірді.