Бұл жайында Қазақстанның Тұңғыш Президенті-Елбасы, ҚХА Төрағасы Н.Ә.Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының XXIX сессиясында мәлімдеді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Сессияны қорытындылай келе Елбасы Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы лауазымын ел ісі басында жүрген Президент атқаруы тиістігін жеткізді.
«Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы туралы» Конституциялық заңға, Ассамблея туралы заңға сәйкес маған Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы лауазымын өмір бойы атқару құқығы берілген. Жалпы, мен сіздермен барлық уақытта бірге боламын әрі одан бас та тартпаймын. Дегенмен, Ассамблеяны басқаруға қатысты бірқатар құзірет еліміздің Президентіне жүктелген. Тіпті, бұл да маңызды емес. Қазақстан халқы Ассамблеясы тірек ретінде іс басындағы Президенттің жанында тұруы тиіс және екінші жағынан Мемлекет басшысы да Ассамблеяға арқа сүйейді. Сондықтан мен Ассамблеяны басқару құқығымды Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа беру туралы шешім қабылдадым», деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Айта кетейік, отырысқа Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қатысып отыр. Күн тәртібі «Бірліктің, бейбітшілік пен келісімнің 30 жылы» тақырыбына арналған.
Сессия жұмысына онлайн форматта 550-ден астам адам қатысып отыр. Олардың қатарында барлық өңірлерден келген Ассамблея мүшелері, республикалық және өңірлік этномәдени бірлестіктердің төрағалары, Парламент депутаттары, орталық атқарушы органдардың, саяси партиялардың, діни бірлестіктердің басшылары, ҮЕҰ, ғылыми, шығармашылық зиялы қауым және БАҚ өкілдері бар.