Бұдан 20 жыл бұрын Тұңғыш Президентіміздің Норвегияға бірінші ресми сапары болды. Нұрсұлтан Назарбаевтың Ослоға ат басын бұруы осы скандинавиялық елмен ынтымақтастықтың іргетасын қалады. Оқырмандар назарына қазақстандық және норвегиялық сарапшылардың Елбасының алғашқы сапарының тарихи мәні мен қазақстан-норвегиялық қатынастардың перспективалары туралы пікірлерін ұсынамыз.
Әділ АХМЕТОВ,
Қазақстанның Ұлыбританиядағы және Норвегиядағы қызметін қоса атқарған бұрынғы елшісі (2000-2002 жж.):
– Осыдан жиырма жыл бұрын Ослода біздің елшілігіміз әлі ашылмаған болатын. Ол кезде мен резиденциясы Лондонда орналасқан Қазақстанның елшісі қызметін Батыс Еуропадағы бірқатар, оның ішінде Норвегия да бар, елінде атқарғанмын. Осы себептен, Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың 2001 жылдың сәуірінде Норвегия Корольдігіне жасаған алғашқы ресми сапарының мазмұндық және ұйымдастырушылық мәселелерімен өзім шұғылданған болатынмын.
Президентіміз сапар барысында Король Харальд V пен аса жылы кездесу, Премьер-министр Йенс Столтенбергпен және Стортинг (парламент) Төрағасының міндетін атқарушысы Ханс Росьйордпен жемісті келіссөздер өткізді. Сондай-ақ Қазақстан басшысы Норвегия халықаралық қатынастар институтында (NUPI) сөз сөйледі және бизнес жетекшілерімен кездесті.
Іс-шара барысында қол қойылған құжаттардың ішінде Қазақстан мен Норвегия арасындағы достық қатынастар мен ынтымақтастықты одан әрі дамыту туралы мәлімдеме, сондай-ақ қосарланған салық салуды болдырмау және табыс пен капиталға салық төлеуден жалтаруға жол бермеу туралы конвенция болды.
Норвегия тек дамыған, өркендеген Еуропа елі ғана емес. Біз үшін оның қызықтығы – мұнай мен газ өндіретін ең табысты мемлекет екені. Қазақстан өз тәуелсіздігінің он жылдығын 2001 жылы атап өтіп жатқанда ХВҚ алдындағы қарызынан құтылып, нарықтық экономикасы бар ел мәртебесін иеленді және жалпы өсу траекториясына кірді. Бізге ұзақ мерзімді тұрақты даму моделі қажет болды. Сол кезде Елбасы дәл Норвегияға баса назар аударғаны өте қисынды еді. Норвегиялық тәжірибеге негізделіп, «Қазақойл» ұлттық компаниясы (кейіннен «ҚазМұнайГаз») және табиғи ресурстарды өндіруден түскен кірістерді жинақтайтын Ұлттық қор құрылған болатын.
«Біз Мұнай қорын 1990 жылы-ақ құрып алған Норвегияның сәтті тәжірибесін ескердік. Аталған қордың арқасында, біріншіден, осы скандинавиялық мемлекеттің экономикасы бақылауға бой бермей кетуге ұрынбады, екіншіден, тұрақтандыру қоры құрылды, үшіншіден, жинақталған қаражат болашақ ұрпаққа сақтала берді. Ұлттық қордың жаңа тәуелсіз мемлекеттер арасында бірінші болып Қазақстанда құрылғанын да атап өткен жөн», деп жазды Нұрсұлтан Назарбаев «Тәуелсіздік дәуірі» кітабында. 20 жыл өткен соң біз сол кезде белгіленген ұзақ мерзімді қатынастардың бағыттары бүгінге дейін өзектілігін жоғалтқан жоқ деп сеніммен айта аламыз. Бүгінде Норвегия, табысты мұнай мен газ секторын санамағанда, көміртегі аз экономиканы енгізудің, мықты әлеуметтік жүйеге ие мемлекеттің және іскерлік қауымдастықтың жауапкершілігі озық стандарттарының үлгісі болып келеді. Бұл салалар Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жаңғырту күн тәртібіне енгізілген. Менің ойымша, дамудың үлгісі ретінде Норвегия Қазақстан үшін стратегиялық қызығушылық тудырады.
Еркін АҚЫНЖАНОВ,
Қазақстанның Норвегиядағы елшісі:
– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Норвегияға жасаған алғашқы ресми сапары кезінде қаланған іргетас елдер арасындағы екіжақты ынтымақтастықты дамытудың ұзақ мерзімді негізі болып табылады. Халықаралық өмірдің барлық мәселесі бойынша біздің ұстанымдарымыз іс жүзінде ортақ. Бүгінде Норвегия – БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің мүшесі, қақтығыстарды шешудің, халықаралық дамудың белсенді демеушісі және Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ең ірі донорларының бірі.
Қазақстан мен Норвегия ядролық қарудың таралуына жол бермеу және ядролық қарусыздану ісіне айтарлықтай үлес қосуда және атом энергетикасы саласының маңызды ойыншылары болып саналады. Норвегия Халықаралық төмен байытылған уран банкін (ХТБУБ) құру жобасы донорларының бірі болды. Бұл ел көмірсутектерді ірі экспорттаушылардың бірі ретінде Қазақстан үшін мұнай мен газ секторын дамыту тұрғысынан зор қызығушылық танытады. Қазақстанның Ұлттық қорын құру кезінде Норвегияның тәжірибесі мұқият зерттелген болатын. Мұнай мен газ саласындағы қазақстандық мамандар Норвегияда жұмыс істеуде және біліктілік алуда. Норвегияның сервистік компаниялары Қазақстандағы мұнай мен газ саласына қызмет көрсетуге қатысады.
Қазіргі таңда Қазақстанда норвегтердің қатысуымен 25 заңды тұлға, филиалдар мен өкілдіктер қызмет етуде. 2019 жылы Нұр-Сұлтан қаласында «ҚазМұнайГаз» бен норвегиялық «Эквинор» компаниясы арасында бірлескен геологиялық зерттеулер жүргізу туралы келісімге қол қойылды. Жалпы, мұнай өндіру, мұнайсервистік қызмет көрсету, аквамәдениет, мал шаруашылығы, баламалы энергетиканы дамыту салаларындағы екіжақты жобалар жүзеге асырылу сатысында. Өзара саудада Норвегия балығы мен Қазақстан астығы басым болып отыр. Экономикалық ынтымақтастықты жандандыру мақсатында Қазақстан-Норвегия сауда-өнеркәсіп палатасының кеңесі қызмет етуде. Былтырдан бері Қазақстан арқылы өтетін Норвегияның Солтүстігі мен Қытай арасындағы контейнерлік темір жол қатынасы іске қосылды.
Орталық Азия мен Скандинавияның ежелгі және ортағасырлық тарихын зерттеу бойынша бірлескен жобалар жүзеге асырылуда. 2000 жылдары Норвегия демеушілік көрсетіп, өз мамандарын Алматы облысындағы Тамғалы петроглифтерін сақтау жұмысына жіберді.
Елшілік 1944 жылы Норвегияның солтүстігін азат етуге қатысқан қазақстандықтарды мәңгі есте сақтау, сондай-ақ соғыс кезінде Норвегиядағы тұтқында қаза болған қазақстандықтардың жерленген жерлерін іздеу және есімдерін жариялау бойынша жұмыс жүргізіп отыр. Биыл Абай шығармаларының норвег тіліне аударылған нұсқасының тұсаукесері өтеді.
Метте КОНГСХЕМ,
норвегиялық дипломат, Норвегияның Қазақстандағы бұрынғы елшісі:
– Біз күнде әлем жаңалықтары бейнесін сипаттайтын соғыстар мен қақтығыстарға куәміз. Бұл жағдай қаншалықты мемлекетаралық мәселелерге қатысты болса, соншалықты көптеген елдегі ішкі ұлтаралық пен дінаралық қақтығыстарға тиесілі. Алайда этностық және діни алуан түрлілігіне қарамастан, тұрақтылығымен, экономикалық дамуымен ерекшеленетін елдер бар екендігі көңілге үміт ұялатады. Мұндай елдердің бірі – Орталық Азиядағы Қазақстан мемлекеті. Осы жас мемлекетте әртүрлі этностық топтар бейбіт өмір сүріп жатыр.
Бүгінде Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Норвегияға ресми сапар жасағанына 20 жыл толып отыр. Бұл Орталық Азия елі Норвегиядан алыста болғанымен, осы маңызды сапар елдеріміз арасында келешек жылдардағы тығыз әрі игі ынтымақтастықтың негізін қалаған болатын. Сапар норвегиялық саясаткерлер мен жалпы норвегтерді Қазақстанмен таныстырып қана қойған жоқ, біз маңызды геосаяси және экономикалық мүдделер тоғысатын Орталық Азияның мәнін ұғындық.
Қазақстан 1991 жылы Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін тәуелсіз ел болды. Сол кезде ел алдында күрделі міндет тұрған. Мемлекеттік құрылымдарды мазмұнды толықтыру, көпэтносты қоғамда ұлттық мемлекет құру мен ұлттық сананы қалыптастыру қажет болды. Каспий теңізі мен елдің басқа да аумағындағы мұнайға ұлттық меншіктің арқасында елдің ресурстық базасын қамтамасыз ету мәселесі тұрған. Нұрсұлтан Назарбаевтың мемлекет құру жобасы сәтті жүзеге асты. Ол елдегі бірлік пен тұрақтылықты сақтау құралы ретінде діни төзімділік пен конфессиялар арасындағы диалогқа сүйенді.
Қазақстанның 1991 жылдан кейінгі тарихы Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегімен тікелей байланысты. Ол тәжірибелі саясаткер және стратег ретінде Қазақстанды саяси көрегенділікпен басқарды. Ол экономиканы реформалап, нарықтық экономиканы, ұлттық валютаны енгізді. Елін халықаралық қоғамдастыққа танымал етіп, инвестициялар тартуды қамтамасыз етті. Ол Ресей мен Қытай сияқты ірі державалар мен Ауғанстан сынды көршілес елдері бар Қазақстанда тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін халықаралық деңгейде теңгерімді саясат жүргізудің маңыздылығын түсінді. Оның көпвекторлы саясаты бүгінде Қазақстанның аймақ елдерімен де, АҚШ және ЕО-мен де тығыз ынтымақтастық орнатуына мүмкіндік берді. Нұрсұлтан Назарбаев үшін Қазақстанның халықаралық сахнада белсенді болуы мен халықаралық ұйымдардың мүшелігіне ұмтылуы маңызды болып отырды. Қазақстан Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына (ЕҚЫҰ) төрағалық етті және осы маңызды миссияға дайындалу кезінде Норвегиямен тығыз әрекеттесті. Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде де маңызды үлес қосты. Ал Норвегия Қауіпсіздік Кеңесінің мүшелігіне үміткер болған кезде Қазақстан оның белсенді қолдаушысына айналды.
Нұрсұлтан Назарбаевтың 2001 жылдың сәуірінде Норвегияға келгендегі мақсаттарының бірі – Норвегияның мұнай елі ретіндегі тәжірибесімен танысу еді. Біздің елдеріміздің энергетика саласындағы ынтымақтастығы ерекше маңызды болды. Саяси шаралар мен бірқатар іскерлік байланыс та біздің елдеріміз арасындағы игі қарым-қатынастардың нығаюына ықпал етті.
Сол кезде КСРО-ның мұрасына айтарлықтай назар аударылып отырды. Қазақстан Кеңес Одағының ядролық қару жасау зертханасы болды. 1991 жылы тәуелсіздік алғанда Қазақстан ядролық қарудың арсеналы бойынша әлемде төртінші орында болды. Президент Н.Назарбаев бұл қарудан дереу құтылу туралы шешім қабылдады. Қазақстан ядролық державаға айналудан бас тартты. Сол кезден бері ел халықаралық қарусыздану іс-әрекетінде маңызды рөл атқаруда.
Елдің Тұңғыш Президенті үшін орталықтандырылған басқарудың және кезең-кезеңімен демократияландыру процесінің болуы маңызды болды. Нұрсұлтан Назарбаевтың мантрасы әрдайым Қазақстан біріншіден экономикалық өсімді және тұрақтылықты нығайтуды қамтамасыз етіп, содан кейін «қазақстандық жолмен» демократиялық басқарудың формасын енгізетін уақыт келуі мүмкін деген ұғымда болып отырды. Тәуелсіздік алғаннан кейінгі 30 жыл ішінде Қазақстан Батыс елдері көптеген ғасыр бойы жүзеге асырған оң үдерістерді едәуір қысқа уақыт ішінде іс жүзіне асырды.
Алда әлі де ұзақ жол бар. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың кезінде тұрақты ілгерілеу байқалуда. Ел ішіндегі де, аймақтағы да тұрақтылыққа Қазақстанның баса назар аударуы бейбітшілік пен тұрақтандыру процестерінде өте маңызды. Қазақстан халықаралық деңгейде құрметке ие, ал Норвегия үшін Қазақстанмен алдағы жылдардағы ынтымақтастық бұрынғыдан да нығая түсетін болады.
Айгүл ҚҰСПАН,
Қазақстан Парламенті Мәжілісінің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы:
– Ол кезде мен Сыртқы істер министрлігі Екіжақты ынтымақтастық департаментінің Батыс Еуропа бөлімін басқардым және сапарды пысықтауға тікелей қатыстым. Шын мәнінде, Қазақстан үшін бұл сапар Скандинавиямен, ал норвегиялықтар үшін жаңа тәуелсіз мемлекет – Қазақстанмен танысу еді. Сондықтан сапар бағдарламасы мүмкіндігінше іс-шараларға толы болды: Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Норвегия Королімен және Премьер-министрімен ресми кездесулерінен басқа, ол Норвегия Парламентінде (Стортинг), әйгілі Осло мэриясында болып, Норвегия халықаралық қатынастар институтында сөз сөйледі. Сонымен қатар мұнай-газ, телекоммуникация, кеме қатынасы, туризм және құрылыс салаларымен айналысатын норвегиялық компаниялардың қатысуымен дөңгелек үстел өтті. Тұңғыш Президентіміз тәуелсіз Қазақстандағы алғашқы онжылдықтағы реформалардың нәтижелері, оның халықаралық істерге көзқарасы, сондай-ақ біздің елдің инвестициялық мүмкіндіктері туралы айтты.
Осы сапардан кейін екі ел арасында бірқатар маңызды ресми іссапар болып, соның ішінде 2004 жылы Норвегия Премьер-министрі Кьел Магне Бондевик және 2010 жылы мұрагер ханзада Хокон Магнус Қазақстанға келіп, мемлекеттер өзара елшіліктермен алмасты.
Менің ойымша, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осыдан жиырма жыл бұрын Ослоға алғашқы сапары кезінде екі ел үшін басымдықтарды өте айқын белгіледі. Сол кезде құрылған саяси қатынастардың негізі жан-жақты нығайтылуы керек. Норвегия мұнай-газ секторын, жасыл энергияны және қоршаған ортаны қорғаудың ең сәтті мысалы болып қала береді. Сонымен қатар Қазақстан мен Норвегия – бейбітшілікке, қауіпсіздікке және тұрақты дамуға үлес қосатын көпжақты құрылымдардың белсенді ойыншылары.
Перспективалар тұрғысынан мен парламентаралық диалогты дамытудың маңыздылығын ерекше атап өткім келеді. Қазақстан демократиялық және еркін қоғам құруды жалғастыруда. 2019 жылдан бастап Президент Қасым-Жомарт Тоқаев саяси жүйені жаңғыртуға және адам құқықтарының қорғалуын қамтамасыз етуге бағытталған жаңа реформаларды жүзеге асыра бастады. Бұл Парламенттік оппозиция институтын заң жүзінде қамтамасыз етуді, саяси партиялар кандидаттарының сайлау тізіміне әйелдер мен жастарға арналған 30 пайыздық квота енгізуді, жала жабуды қылмыс деп танымау, бейбіт жиналыстарды ырықтандыру және тағы басқа бағыттарды қарастырады. Норвегиялық парламентшілермен диалог жүргізу және тәжірибе алмасу біз үшін үлкен қызығушылық тудырады. Қазақстан Парламенті Мәжілісі норвегиялық Стортингпен екіжақты негізде де, ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясы және басқа форумдар аясында да өзара әрекеттесуге дайын.
Оле Йохан БЬОРНОЙ,
Норвегияның Қазақстандағы
бұрынғы елшісі:
– 2001 жылы Президент Н.Назарбаевтың Ослоға сапары барысында қабылданған Қазақстан мен Норвегия арасындағы достық қатынастар мен ынтымақтастықты одан әрі дамыту туралы бірлескен мәлімдемені зерделей отырып, біз содан бері екіжақты және көпжақты ынтымақтастықта қол жеткізілген жетістіктерді қанағаттанушылықпен айта аламыз. Бұл ынтымақтастықтың маңызды бағыты болған қарусыздану және таратпау саласына да қатысты. Осы орайда мен Нұрсұлтан Назарбаевтың 2016 жылғы шетелдік елшілерге арналған қабылдауын еске аламын. Ол Қазақстанның дамуы туралы баяндама жасады, содан кейін әр елшімен жеке әңгімелесті. Менің кезегім келгенде мен қарусыздану және таратпау саласындағы өзара іс-қимылымызды атап өттім, 2015 жылдың соңында Иранмен ядролық келісімнің алға жылжуына Норвегия мен Қазақстанның үлесіне, сондай-ақ энергетика саласындағы жобаларға тоқталдым. Соңында мен ежелгі еуропалықтардың шығу тегі туралы ғылыми жобаны айттым. Сонда Президент өзіне тән әзілмен: «Сонымен, сіз осы жақтансыз ба, әлде біз ол жақтанбыз ба?» деген сұрақ қойды.
Шын мәнінде 2015 жылдың күзінде Норвегия зерттеушілері ежелгі еуропалықтардың шығу тегі туралы көбірек білу үшін Скандинавия жобасы аясында Қазақстанға келді. Дала қорғандарынан ДНК жиналып, талданды.
Біздің екі елдің халықтарын салыстыру үшін «теңіз көшпенділері» және «дала көшпенділері» тіркестері жиі қолданылады. Себебі олар әрдайым табысқа жету мен дамудың жаңа жолдарын іздеумен болды. Біздің елдеріміз көлемі жағынан да ұқсас деп айтуға болады, әсіресе теңіз аумақтарын қоса ескергенде. Оңтүстік Атлантикадағы Бувет аралының теңіз аумағымен бірге алғанда Норвегия аумағы шамамен 2,7 миллион шаршы шақырымға жетеді екен. Екі ел өз байлығының едәуір бөлігін құрлық пен теңізден алады. Қазақстан әлемдегі ең құнды балық түрі – бекірелер мекендейтін Каспий теңізінің жағалауындағы бес мемлекеттің бірі. Норвегия, біздің ортақ көршіміз – Ресеймен теңіз ресурстарын басқару саласында өте жемісті және тұрақты ынтымақтастыққа ие.
«Мәдениет мәдениеттерді біріктіреді» – бұл әдемі сөз ғана емес. Норвегия Қазақстан туралы 1970 жылдары, Алматы тауларындағы Медеу мұз айдынында конькимен сырғанау бойынша рекордтар орнатылған кезде, яғни әйгілі норвегиялық «төрт S» – Стенсен, Сторхольт, Стенсьеммет және Шебранд танымал болған кезде білді. Біздің елдер арасындағы қарым-қатынастың тағы бір тармағы – Владимир Смирновтың Лиллехаммердегі Олимпиададағы шаңғы жарысынан бес шақырымдық қашықтықтағы жеңісі. «Смирре» (норвегтер Смирновты сүйіспеншілікпен осылай атайды) бүкіл Норвегияның бойтұмарына айналды.
Норвегияның Қазақстандағы елшісі ретінде жұмыс істеген сегіз жыл ішінде спорттық іс-шаралар мен үшін ұмытылмас болып қалады. 2015 жылы Смирренің қатысуымен болған Алматыдағы жастар арасындағы әлем чемпионатынан бастап, Ослоның әйелдер командасы ойнаған Шымкенттегі футбол матчына дейін.
Мен болашақта ғажап дауысы арқылы әлемдік сенсация деп аталған әнші Димаш Құдайберген көп ұзамай Норвегияға келеді және оның концертіндегі көрермендердің қатарында мен де боламын деп сенемін.