Алматы қаласы бойынша Медеу аудандық сотының судьясы Светлана Жолманова парамен ұсталғаны туралы ақпарат әлеуметтік желіде желдей есіп жүр. Мәселен, құқық қорғаушы Айгүл Орынбек өзінің Facebook-тегі жеке парақшасында күдіктіден бірнеше миллион АҚШ доллары тәркіленгенін жазды.
Нақтырақ айтсақ, А.Орынбектің жазбасында С.Жолманованың кабинетінен 4500 доллар, үйін тінту кезінде 2 800 000 доллар, жеке көлігінен 600 000 доллар табылғаны айтылады. Сондай-ақ Медеу аудандық сотының судьясы құрылыс салушыдан 1 180 000 доллар көлемінде пара алғаны туралы ақпарат та осы жазбада көрсетілген.
Алайда Алматы қалалық соты бұл мәліметті теріске шығарып отыр. «Қызметтік кабинеттен 10 000 АҚШ доллары алынғанын, ал судьяның үйінен ештеңе алынбағанын хабарлаймыз. Судьяның өкілеттігі Жоғарғы сот Төрағасының өкімімен тоқтатылды», делінеді қалалық соттың баспасөз хатшысы берген мәліметте. Сондай-ақ қалалық сот жалған ақпарат таратумен айналысатын адамдарды қылмыстық жауапкершілікке тарту үшін Алматы қаласының прокуратурасына жүгініпті.
Өкілеттілігі тоқтатылған судья мүдделі тұлғалардың пайдасына сот шешімдерін шығаруға жәрдем көрсетіп, алаяқтық әрекеттер жасады деген күдікке ілігіп отыр. Осы күнге дейін Алматы қалалық сотының ішкі қауіпсіздік бөлімі мен Алматы қаласы бойынша ҰҚК департаменті Алматы қаласы Медеу аудандық сотының судьясына қатысты бірлескен тексеру жүргізген. Нәтижесінде, ҰҚКД ҚР ҚК 190-ББ.4-б. 2-т. бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады. Бас прокурор сотқа дейінгі тергеуді жалғастыруға келісім беріп отыр. «Тінту іс-шаралары кезінде судьядан қомақты ақша сомасы табылып, тәркіленді. Өзге ақпарат тергеу мүддесінде жария етуге жатпайды», делінеді Алматы қалалық сотының баспасөз қызметі ұсынған ақпаратта.