Футболдан УЕФА Чемпиондар лигасының жартылай финалындағы екінші матч ойыны аяқталды. Францияда өткен кездесуде «Пари Сен-Жермен» өз алаңында «Манчестер Сити» командасын қабылдады.
Ағылшындық клуб қонақта ойнағанына қарамай, Парижде жігерлі ойын көрсетті. Матчтың есебін 15-минутта ПСЖ клубының бразилиялық қорғаушысы Маркиньос ашты. Бірінші тайм соңына дейін таблодағы есеп сақталып тұрды. Екінші таймда «Манчестер Сити» ойын тізгінін өз қолына алуға тырысты. Нәтижесінде, айналдырған жеті минуттың ішінде «Сити» ойыншылары таразы басын теңестіріп қана қоймай, екі голмен есепте алға шығып алды. 64-минутта Кевин Де Брёйне есепті теңестірсе, 71-минутта Рияд Марез ағылшындық клубтың екінші және матчтағы жеңіс голын салды.
Осылайша «Манчестер Сити» сырт алаңдағы ойында қарсыластарынан 2:1 есебімен басым түсіп, бір аптадан кейін Манчестерде өтетін ойын алдында басымдыққа ие болды. Екі команда арасындағы қарымта кездесу 4 мамырға жоспарланған.