Биыл өтуі тиіс бокстан Азия чемпионаты Үндістаннан Біріккен Араб Әмірліктеріне ауыстырылды. Енді құрлықтың былғары қолғап шеберлері 21 мамыр мен 1 маусым аралығында Дубай шаршы алаңында чемпиондыққа таласпақ.
Құрлық бәсекесі осыған дейін Нью-Делиде өтеді деп шешілген еді. Алайда Азия бокс конфедерациясының хабарлауынша, Үндістанда коронавирус инфекциясының тым қатты таралуына байланысты аталған шешім қайта өзгертіліп отыр. Конфедерацияның мәлімдеуінше құрлық чемпионатының тура Олимпиада қарсаңында ұйымдастырылуы үздік боксшылардың сараланып шығуына жол ашпақ.
2020 жылы өтеді деп жоспарланған құрлық сайысы бүкіл әлемде пандемияның ушығуымен тұспа-тұс келіп, 2021 жылға ауыстырылған еді. Енді Дубай төрінде ерлер мен әйелдер он салмақ дәрежесінде жұдырықтасады.