Таяуда ДСМ Бас мемлекеттік санитар дәрігері Ерлан Қиясовтың 30 сәуірдегі №17 қаулысы бойынша вакциналау тәртібіне өзгерістер енгізілді. Осы қаулыға сәйкес 21 сәуірден бастап «Спутник V» вакцинасын салдырған қазақстандықтардың екінші дозаны алу интервалы өзгерді, деп хабарлайды Egemen.kz
«Вакцинацияны екі кезеңмен жүргізеді: ең алдымен 0,5 мл дозада I компонентпен, содан кейін вакцинация күнін есептемегенде 45 күннен кейін - 0,5 мл дозада II компонентпен; бұл ретте 45-ші күнге II компонентпен вакцинация жүргізу мүмкін болмаған жағдайда (демалыс, мереке күндеріне сәйкес келу, басқа елді мекенге шығу және басқалар) вакцинацияны 90 күн ішінде жүргізуге жол беріледі; вакцинацияның осы курсы 2021 жылғы 21 сәуірден бастап «Гам-КОВИД-Вак» вакцинасының бірінші компонентін алған адамдарға енгізіледі», деп жазылған қаулыда.
Құжат 2021 жылғы 3 мамырда сағат 00-ден бастап күшіне енді. Айта кетсек, биыл сәуір айының соңында Ресейдің Н.Гамалей атындағы Эпидемиология және микробиология ұлттық зерттеу орталығының директоры Александр Гинцбург вакциналау мерзіміне қатысты мәлімдеме жасады. Бұл жайында «Спутника V» Telegram каналында жарияланды.
«Біздің орталықта даярланған «Спутник V» вакцинасына тоқталсақ, шетелдік серіктестердің сұрауы бойынша тиісті жауапты жолдаймыз. Осы орайда олардың өтінімі бойынша шетелдік нарықтарда вакцинаның бірінші және екінші компоненттерін енгізу арасындағы интервалды бұрын бекітілген ең аз ықтимал 21 күннен үш айға дейін ұлғайтуға болады деп санаймыз», деді Александр Гинцбург.
Ғалымның айтуынша, интервалды 21 күніннен 3 айға дейін арттыру вакцина қалыптастыратын иммундық жауаптың күшіне әсер етпейді, сондай-ақ кейбір жағдайда оны ұзартуы да мүмкін.
«Мұндай пайымға ұқсас аденовирустық платформада вакциналарды пайдалану тәжірибесіне сүйеніп, сондай-ақ Ресей мен шет мемлекеттерде жаппай вакциналау бойынша табысты науқандар негізінде келіп отырмыз», деп нақтылады профессор. Бұл тұрғыда әрбір ұлттық реттеуші өз еркімен бірінші және екінші компонеттерді егу арасындағы интервалды 21 күн аралықта қалдыру немесе оны 3 айға дейін ұзарту туралы шешімді қабылдай алады. Александр Гинцбургнің айтуынша, Ресей тарапы өз аумағында вакцинаның бірінші және екінші дозасы арасындағы интервалды бұрынғы мерзімде қалдырып отыр. Осының барлығын ескере отырып, жақында КВИ-ға қарсы вакцинациялау кестесін өзгерту мәселесі бойынша ҚР Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Ерлан Қиясов түсініктеме берді.
«Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 2021 жылғы 30 сәуірдегі № 17 қаулысына сәйкес «Спутник V» вакцинасымен вакцинациялау кестесіне өзгерістер енгізілді. Бұл ретте осы вакцинаның бірінші және екінші компоненттерін енгізу арасындағы интервал 45 күнді құрауы тиіс. Екінші компонентпен 45-ші күні вакцинация жүргізу мүмкін болмаған жағдайда (демалыс, мереке күндеріне тұспа-тұс келу, басқа елді мекенге шығу және басқалары) екпені 90 күн ішінде жүргізуге жол беріледі. Вакцинация кестесіне қатысты бұл ұстаным профессор, РҒА академигі, Гамалей атындағы эпидемиология және микробиология ұлттық зерттеу орталығының директоры А.Гинцбургтың 2021 жылғы 22 сәуірдегі ресми мәлімдемесіне негізделген», деді Е.Қиясов.
Аталған мәлімдемеге сәйкес, «Спутник V» вакцинасының бірінші және екінші компоненттерін енгізу арасындағы интервалды ең аз ықтимал 21 күннен 90 күнге дейін ұлғайтуға болады және интервалды ұлғайту иммундық жауаптың күшіне әсер етпейді.
Бұл халықты иммундауды айтарлықтай жылдамдатуға мүмкіндік береді. Кейбір жағдайларда интервалды ұзарту адамның иммундық реакциясының күші мен ұзақтығының артуына әкеледі.